Екеудің құпиясыЖан әлемі

Жан-жарыммен төсекте тоят таппаймын…

Көпшілікке айта алмайтын сырымды осында ақтаруға бел будым...

Жан-жарыммен осыдан екі жыл бұрын таныстым. Екеуіміз бір-бірімізді алғаш көргеннен-ақ ұнаттық. Қарым-қатынасымыз өте жедел түрде дамыды. Шынымды айтсам, махаббат деген осы екен деп, таныстығымыздың екінші айында-ақ оған тұрмысқа шығуға келісімімді бердім.

Күйеуім өзгелер секілді миллиондған несие алып, оны бірнеше жыл төлейтін жайым жоқ деген соң, амалсыздан ақ көйлек кию туралы арманымды шетке ысырдым.

Отбасылы болғаннан кейін үлкен өмірдің ыстығы мен суығына төтеп беремін, бәріне де шыдаймын деп шешім қабылдадым. Барлық үйдегідей біздің шаңырақта да ыдыс аяқ сылдырламай тұрмайтын. Алайда соңғы кездері сол ыдыстардың сыбдыры жиі естілетіндей болып көрінді маған.

Оған отағасы екеуіміздің жыныстық өміріміз себепкер секілді. Шынымды айтсам, тұрмысқа шығып, ер азаматымның құшағын сезінгелі бері төсек ләззатының не екенін білмей келемін. Арада жүкті болып, ұлымды да босанып алдым. Бірақ сол күйі өзгелер секілді еркекпен қосылғаннан тоят таппадым.

Күйеуіме бұл туралы айтуға аузым бармайды. Ерім өте намысшыл, бірбеткей. Төсекте артық іс-әрекет жасасам не құмарлана ернінен сүйсем, жақтыртпай қалатыны бар. Тіпті, “жеңілтек қыздар секілді болайын деп жүрсің ба” деп сөгіп те жібереді.

Төсек ләззатын сезінбейтінімді айтсам, ажырасып кетуім де бек мүмкін. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

Соңғы кездері ашушаң болып кеттім, үнемі көңілім толмай жүреді. Тіпті, күйеуіме жақындағым келмей қалды.

Тоят таппайтыным жаныма батады. Кейде сол үшін өзімді толыққанды адам ретінде сезінбеймін. Төсек қатынасының не екенін білгім келеді.