көңілдес
Екеудің құпиясыЖан әлемі

Жан құрбым екі жылдан бері күйеуіммен ойнас болған

5.02K (1000)Қаралымдар

Күйеуім көңілдес тауыпты. Кеше ғана емес, екі жылдан бері. Кім дейсіз бе? Менің ең жақын құрбым. Күлгін көзілдірігім енді шешіліп жатыр. Жақында ғана күйеуімнің жан құрбыммен екі жылдан бері менің көзіме шөп салып жүргенін білдім. Шынымды айтсам, күйеуіме деген сезімім сол кезде су сепкендей басылды. Оның маған ашылып айтқан бар шындығын сабырмен қабылдадым. Ең сорақысы, жүрегім қарс айырылатындай ащы сезім де болмады.

Жұбайымның сөзінше, ол Альмирамен екі жылдан бері көңілдес. Екеуі жалдамалы пәтерде менің ту сыртымнан кездесіп жүріпті. Тіпті, көңілдес құрбымның қазір аяғы ауыр екен. Сол себепті де күйеуім маған бар шындықты айтуға мәжбүр болыпты. Олардың арасында сезімнің қалай пайда болғанын, қалай ғана маған опасыздық жасауға дәттерінің барғанын сұрай алмадым. Тіпті, білгім де келмейді. Еркектің опасыздығы туралы айтып жаңалық ашпасымды білемін. Бірақ ең жақын құрбымның осынша қатігез болғандығы мені таңғалдырады. Асымды ішіп, төсегіме жатып жүріп қойнымыздан бірақ шыққаны адамдыққа жата ма? Дәл қазір күйеуіме де емес, құрбыма қатты ашулымын. Мені, отбасымды, бала-шағамды, менің күйеуіме деген сезімімді біле тұра қалай ғана осындай қадамға барды екен?! Құрбыларым да көп емес. Сол жалғыз Альмираға ғана жан дүниемді ақтарып, сенуші едім. Еххх, сенген қойым сен болсаң…

Құрбыңызға толығымен сенесіз бе? Ол сізге опасыздық жасауы мүмкін бе?
  • Өз жауабымды қосу

Қазір күйеуім менімен және баласымен бірге қалғысы келетінін айтып, ажыраспауымызды өтініп отыр.  Альмираға тіпті, түсік жасатуға ақша беріпті. Оның қаншалықты дұрыс жасағанын білмеймін. Алайда өз басым оның опасыздығын кешіріп, түк болмағандай кейіп танытып жүретін жайым жоқ. Қазір ажырасуға арыз бермекпін. Осылайша отбасымның ойраны шықпақшы. Арамызда бала бар. Алайда бала үшін осы сатқынмен ары қарай тұра алмаймын. Ыза-ренішке толы отбасында өмір сүрген бала да бақытты бола қоймас.

Күйеуімді де құрбымды да кешіре алмасымды білемін. Мұндай опасыздықты ұмыту да, кешіру де мүмкін емес қой, айтыңыздаршы?! Ең бастысы – енді адамдарға қалай сенемін? Мен үшін қазір ешкімге сенім артуға болмайтын сияқты. Қойныңда жатқан күйеуіңнің өзі дұшпан екен ғой. Әйтпесе менің Альмирадан басқа құрбым жоқ екенін біле тұра оның қойнынан бір-ақ шығатындай не болды. Басқа қыз құрып қалды ма?

Санамды түрлі ойлар жегедей жеп барады. Бірақ дәл қазір нақты шешімге келдім. Енді бәрін ұмытып, жаңа өмір бастағым келеді!