ЭКО
ДенсаулықЖүктілік

Жасанды ұрықтандыру қанша теңге тұрады?

ЭКО – қазіргі жұптарға таныс ұғым. Оны қатты қалағандықтан емес, мәжбүрліктен десек те болады. Оған не себеп?

Әр отбасында сәбидің іңгәлаған дауысы естіліп, балалардың шуылы шығып жатса, ол –  зор бақыт! Өкінішке қарай, түрлі себептерге байланысты бала сүйе алмайтын ерлі-зайыптылар аз емес. Оған адамдардың өз денсаулығына салғырт қарауы, соның ішінде әртүрлі суық тию, инфекциядан асқыну процесстері, жасанды түсік жасау, ата-ана болу мүмкіндіктерін уақытысында жүзеге асырмауы себеп болып жатады. Осының салдарынан талай шаңырақ шайқалып, екі жаққа айырылысып жатқаны да – бүгінгі күннің ащы шындығы. Алайда, заманауи техника мен технологияның дамуының нәтижесінде бедеу еркектер мен әйелдерге арналған жасанды жолмен ұрықтандыру, яғни ЭКО (экстракорпоральді ұрықтандыру) қолға алынып жатқаны анық.

Дегенмен, ЭКО орталыққа барып балалы болу әжептәуір қаржыны талап ететіні белгілі. Сонымен «Сырласу» журналының бүгінгі санында оқырмандарымызға еліміздегі ЭКО орталықтың бағасы туралы айтпақпыз.

ЭКО әдістеріне жүгінудің басты себептері

Өкінішке қарай, үлкен қаражатқа ұрынатын жағдайлар – ол жасын, табиғи мүмкіндіктерін өткізіп алған жұптар, көптеген операциялар жасалған әйелдер, ұрық тапшылығына тікелей байланысты. Егер адам саналы түрде өзінің болашақ ұрпағын ойласа, онда мұндай жағдайлар аз болар еді де, өзінің ұрығымен балалы болар еді. Бізге келетін әйелдердің 70-80 пайызы жасанды түсік жасаған әйелдер екенін ұмытпау керек. Оның үстіне көптеген әйелдер анда-мында барып ұзақ емделіп, арасында денсаулықтарына мән бермей, керемет табиғи мүмкіндіктерді жоғалтады, қайта-қайта операция жасауға өздері бейімделіп тұрады. Егер бедеулік мәселесі тек дәрімен, операция жасаумен 100 пайыз шешілетін болса, онда дүниежүзі ғалымдары ЭКО әдісін неге ойлап тапты?! Өйткені, бұл әдіс 90-95 пайызында бедеулігі бар адамдарға ұрпақты болу мүмкіндігін береді.

ЭКО қанша тұрады?!

Жалпы республикамыз бойынша ЭКО-орталықтар Алматы, Астана сынды ірі шаһарларымызбен қоса, Шымкент, Атырау, Ақтау, Тараз Петропавл қалаларында ашылған. Және бұлардың барлығының бағасында айта кетер айырмашылық жоқ. Жалпы негізгі ЭКО бағдарламасының өзі – 250 000 – 350 000 теңгені құрайды. Бұның сыртында ауруларыңызға арналған ем-дом, бағдарламаның алдында міндетті түрде өту қажет зерттеулер көлемі және дәрі-дәрмек бар. Ол ең азы 150 000 – 200 000 теңгеден басталып, арысы 450 000 – 500 000 теңгеге дейін кете барады.

Біле жүріңіз: 

Тұңғыш рет жасанды жолмен ұрықтандыруды ойлап тапқан англиялық ғалымдар екен. Ал, бірінші ЭКО-сәби Ұлыбританияда тура 39 жыл бұрын дүниеге келді. Елімізде алғаш жасанды ұрықтану әдісімен келген баланың жасы биыл 21-ге толып отыр.

 «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми жетекшісі, репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымының докторы Салтанат БАЙҚОШҚАРОВА ЭКО туралы былай дейді:

Мемлекет ұсынған мүмкіндік:

Бедеуліктен зардап шеккен отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін квота  бар. ЭКО орталықтарға бір әйелге мемлекет 800 мың теңге көлемінде қаржы бөледі. Алайда, мұның өзі аздық етіп жатады. Оның себебі алуан түрлі. Бізге көбінесе 35-40 жастағылар келіп жатады. Бұл кезде ағзада ұрық сапасы күрт төмендейді. Жасы ұлғайған әйелді ұрықтандыру оңайға соқпайды. Мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келетін жұптар бірнеше ұрықты бірден алып, біреуін ұрықтандыруға қолданып, қалғандарын болашақта пайдалану үшін қатырып қояды. Ұрықтандыру алдында денсаулыққа жіті тексеру өткізіліп, емделу шаралары жүре бастайды. Негізі, көптеген тексерулерді қаржыны үнемдеу үшін сол тұрған жергілікті жерден тегін өтуге болады. Сондықтан біз аймақтарға медициналық орталықтар ашып, олардың жұмыс істеуін жүзеге асыруға атсалысып жатырмыз.

    Дәрі-дәрмек қымбатырақ

Еліміздегі ЭКО бағдарламасының дәрілері еуро мен валюта бағамы өскеніне байланысты, бұрынғымен салыстырғанда теңгемен 2-2,5 есе артты. Алайда, ЭКО әдісінің өзі сол бағамен қалды, дәрі-дәрмек қана қымбаттап кеткенін есте сақтаған жөн.

Табиғи циклдағы әдіс

Клиникаларда дәріні аз қолданатын немесе мүлдем қолданбайтын әдістері де жүзеге асырылады. Мысалы қаражат жағынан қиналатын болса, 250-350 мың теңге төлеп, ЭКО бағдарламасын өтетін жолы бар. Ол табиғи циклдағы ЭКО әдісі. Бұл әдісте дәрі-дәрмекті мүлдем қолданбай, әйелдің өзінің ағзасында жетілген 1-2 ұрықты алып, әрі қарай ер адамның ұрығымен ұрықтандырамыз. Бұл әдісте алынатын ұрықтың көлемінің аздығына байланысты наркоз қолданбаймыз. Көбінесе бұл әдіс жас әйелдерге қолданылады. Яғни, неғұрлым жас кезінде бедеулік мәселесіне бет бұрып, емделетін болса, көп шығынданбайды.

 

 Жапондық жүйе

 Дәрі-дәрмекті әдеттегіден аз беріп өтетін бағдарлама бар, бұл әртүрлі жастағы әйелдерге жарамды әрі наркозсыз жүзеге асыруға болады.

Жасанды ұрықтандыру бағдарламасында аналық ұрық көп шыққан жағдайда, оны ұрық түрінде немесе ұрықтандырылған эмбрион түрінде қатырып қою мүмкіндігі бар. Мұндай әдіс те қаражатты үнемдеуге көмектеседі. Себебі, қатырылып қойған материалды келесі циклдарда тек жатырды дайындап, салып береміз. Яғни дәрі-дәрмекке шығындану қажет емес. Бұл әдістің тиімділігі де жоғары – көбінесе 50-70 пайызға дейін жетеді. Жалпы жас келіншектер ЭКО-мен бала көтеру көрсеткіштері 50-60 пайызға жетеді, ал жасы ұлғайған әйелдерде 20-40 пайыз болады.

 Еркек бедеулігі – үлкен мәселе

 Еркек бедеулігі де қазіргі таңдағы үлкен мәселе болып келеді. Еркектің ұрығы сапасы төмен болған жағдайда ЭКО да ИКСИ деген микрохирургиялық күрделі ұрықтандыру әдісі қолданылады, оған қосымша 60-100 мың теңгедей қаражат кетеді. Бұл әдіс көп жағдайда негізгі ЭКО әдісімен қатар 100 пайыз ұрықтандыруға мүмкіндік береді. Ер адамның ұрығы жоқ болып, сыртқа шықпаған жағдайларда, ота жасау арқылы жалғыз аталық ұрықты алып, оны ұрықтандыруға қолдануға тырысамыз.

Түйінсөз

 Қорыта келгенде, егер жасанды ұрықтандыру жолымен бала көтергіңіз келсе, қаржы көлемі шамамен мынадай болмақ:

  • ЭКО жасанды ұрықтандыру бағдарламасы – 250 000 – 350 000 теңге
  • Алғашқы ем қабылдау – 200 000 – 300 000 теңге
  • Дәріге орта есеппен 200 000 – 300 000 теңге
  • Аналық ұрықты алу – 100 000 теңге
  • Аталық ұрықты алу – 20 000 теңге
  • Донор (еркек) – 50 000 теңге
  • Донор (әйел) – 150 000 – 350 000 теңге