Без рубрикиЖан әлеміӨкініш

Жатқұрсақ

Ай мен күнді көруге асығып жатқан жоқпын. Ол екеуінен бұрын анам мен әкемді сағындым. Әкеме деген сағынышты былай ысырағанда, анамның жүрегінің лүпілін естігім келетінін кімге айтып жеткізсем екен. О, Ұлы Жаппар ие, сен жалғызсың! Мен неге жалғызбын?

240Қаралымдар

Ананы аңсау

Өзге сәбилердей анамның жүрегінің лүпілін тыңдауды маған неге бұйырта көрмедің? Мына құрсақта еркелеп, бар екенімді білдіріп, тепкілегім де келмейді. Есімді жиып, қан тамырларының соғысына құлағымды тоссам, мүлдем бөтен құрсақта жатқанымды ұқтым. Селк ете түстім. Сыртқа қарай ытқып шыққым келді. Алғаш селк ете түсіп, қозғала қалғанымда мынау әйел қуанған да жоқ. «Ойпырмай, аямастан тебуін қарашы, құрғырдың», – деп шолақ ойын шолтаң еткізе салды. Мен қалай ғана бөтен ананың құрсағында жатырмын? Басымның ауырып тұрғаны-ай. Бәріне мынау әйелдің өкпесіне кіріп-шыққан түтін кінәлі. Қанында бір түрлі кермек дәм бар. Кермек татыған күні өзі айқайлап ән салғанды ұнатады.  Мен қаннан қышқыл дәм сезіле бастағаннан-ақ дарынсыз әншінің сараң сазына құлақ түретінімді біліп алдым. Бұл күні әнші сымақ әйелдің өкпесіне түтін бұрынғыдан да көп кіреді. Мен сондықтан бұл жерді жек көремін. Құрсақты ғажайыпқа толы жұмбақ әлем деп елестеткенмін.

Баланы сағыну

Айтолқын әкесі мен шешесінің үкілеп өсірген үміті болатын. Тұрмысқа шықты. Аяулы жарға, ардақты келінге айналды. Келін болудың жөні бөлек те, ана атанудың жолы бір басқа екен. Алғашқы жылдары: «Келін, не жаңалығың бар?» – деген сөз бұған онша ауыр тимейтін. Бірақ уақыт өткен сайын бұл сұрақ шыңыраулана берді. «Ұлымыз жалғыз еді, түге. Құрсағың қурап қалмаса, бір шикі өкпені шыңғыртып қоятын жөнің бар еді ғой», – деген зілді сөздер бұның аппақ жамалын мөлдір тамшымен тілгілеп өтетін. «Елігім-ау, елдің сөзін елегенің не?», – деп елжіреп тұратын ерінің де көңілін сөз бұза бастады ма екен, апталап үйге қонбайтынды шығарды. Жанарынан ытқылаған ыстық жасты құс жастыққа тамызудан түк шықпайтынын түсінген келіншек төркініне баруды ұйғарды. Анау бір жылы әкесі мен шешесі келіп: «Ұлдарыңыздың жалғыз екенін білеміз, баланың бағын байламайық деген шешіммен қызымызды алып кетуге келдік», – деген сөзін қайын атасы тойтарып тастаған. «Балам жалғыз болса, жаратушы жар болар, келінім жаман дедім бе? Алланың алдында қиылған ақ некені баласыздыққа бола бұзғанды құп көрмеймін. Өлгелі тұрған ешкім жоқ қой, неге сонша асығасыңдар. Бұйыртқан күні мен де қалжа соярмын», – деген атасы. Бұл сөз Айтолқынның енесіне ұнамағанымен Ержанды тағы бір серпілтіп тастаған. Бірақ одан бері де күн ұясына талай рет қонақтады. Ендігі ретте келіншек әкесінен ақша сұрап, балалы болудың басқа да жолдарын қарастырмақшы. Ойын айтып көріп еді, Ержан төтеден жол тапқанына қуанған секілді. Айтолқын әкесінің де жиен болса да, бір немерені иіскегісі келетінін біледі. Анасы да қызын өте жақсы түсінеді. Ызғарлы Желтоқсанның сойылынан кейін құрсақ көтере алмай қалған ана Айтолқынды сол 1986 жылға дейін өмірге алып келіп үлгергеніне Тәңіріне Тәубе айтумен болатын. Балаға зар болудың қандайлық екенін бір кісідей ұғатын.

Тәуекелге бел байлау

Бұрынғыдай емес, Айтолқынның талпынысына Ержан енжарлық танытуды қойды. Дәрігерлік тексерудің барлығынан өтіп, атаулы күні екеуі жатырын тоғыз айға жалға беретін адамды тапты. Бұлардың балалары жалдамалы жатырда өсіп-дамитын болады. Бастысы, бала өздерінікі. Жатырын жалға беруші жиырма жастағы ғана келіншек. Бұрын күйеуде болған. Бала да тауып көрген. Өзінің айтуынша ауылда жүрген кезінде бейтаныс біреу алып қашып кетіпті-мыс. Бара салып, бір жылдан кейін балалы болыпты, күйеуімен пікірі мен көзқарасы сәйкес келмей ажырасып кеткен екен. Баласын қайын жұрты бермей қойыпты. Өзінің баласын сағынып жүрген келіншек бұндай ұсынысты қабылдауды мәртебе санайтынын жеткізді. Бірақ Айтолқын сөзін ұзын-сонар сабақтап жөнелетін келіншекті тойтарып тастады: «Мәртебе санамай-ақ қой. Бұл менің балам. Күйеуім екеуміздің клеткамыздан жаралған, ұқтың ба?» Жалданушы сөзін сап тыйды. Расында алып шаһардың қақ төріндегі «алтын текшеден» бір бөлмелі үй алып беруге келіскен мына мұңлыққа қарсы шығудың қажеті шамалы еді. Жас жатыр иесін уақытында дәрігерлік тексеруден өткізіп, қажет деген дәруменді дәрігердің аузынан қағып алып, қаймана біреудің аузына тоса қоюды Айтолқын қиынысынбады. Бірақ арманшыл келіншек жатырын жалға берген әйелдің, кермек су мен көк түтінге құмарлығын білмейтін.

Өң мен түс

Өлі туылған баланы құшақтап ағыл да тегіл жылаған Айтолқын өксігін баса алмай еңкілдеп жатыр. «Айтолқын, саған не болды, пісіміллә деші» деп Ержан иығынан жұлқып қалғанда, жүрегінің түбіне ып-ыстық қан төгілгендей шым ете қалды да, өң мен түстің арасында қалғанын түсінді. Біраз жатты да, құрсақ әлемде қан жұтып өзін іздеген баласының ойын сарапқа сала бастады. «Құдай-ау, нәрестелі болуға бір қадам қалғанда адамның санасы сансырай бастайды екен-ау» деп ойлады.  Өзі тоғыз ай бойы көтеріп, ішін сыйпап еркелете алмағанына кейіп жүр еді, сонысы түсінде мазалаған болуы керек. «Құдайым-ау, барлығының өңім емес, түсім болып шыққаны қандай жақсы болды», – деп кірпігіне ілінген ыстық жасты сұқ саусағымен түріп тастады. Осы кезде Ержанның қара телефоны безек қаға жөнелді. Екеуі де айы-күні жетіп отырған жатқұрсақтың перзентханаға түскенін түсіне қойды.

Айнұр Төлеу