Жан әлеміӨзіңді дамыт

Жайбасарлық – өмір кедергісі

Баяулық – адамды орындалмалған тапсырмалар үшін айыпты етіп, оның жеке дамуына кедергі келтіретін жағымсыз әдет. Бұл – қаншама ой мен идеялардың жүзеге аспауының және желге ұшқан үміттердің ең басты себебі.

Жайбасарлық ең талантты деген маманның мансап жолындағы өсуіне үлкен тосқауыл қояды. Бұл әдет әсіресе, басшылар мен кәсіпкерлердің бойында кездессе, кәсіпорны апатқа ұшырауы ғажап емес. Өйткені бәсекелестік заманда кешіктірулер кешірілмейді. Сондай-ақ, бұл қарапайым адам өмірінде де үлкен мәселелер мен түрлі қиындықтар тудыруы мүмкін.

Сондықтан сізге «жайбасар» атауы таңылған болса, бұл мінезбен күресуді тез арада қолға алу ең басты міндетім деп білгейсіз.

 Адам өзіндегі баяулықты қалай тани алады?

  • Егер үнемі өзіңізді алаңдатуға тырыссаңыз, яғни, жаныңызда жатқан теледидарды басқару құралы сізді алаңдатпай қоймаса, сағатына бірнеше рет кофе даярлап, қайта-қайта үзіліс жарияласаңыз немесе жұмысқа бірден кірісіп кетудің орнына жұмыс үстелін жинастырып кетсеңіз – сізде жайбасарлық белгісі бар. Яғни, әрдайым басқа істерге алаңдап, маңызды істердің орындалуын кейінге ысыра бересіз.
  • Төлемдерді уақытында төлемей, мүмкіндіктерді ылғи да жіберіп алып (мысалы, сүйікті тобыңыздың ән кешіне билет алуға үлгермеу), сыйлық сатып алуды күні тақалғанша созып жүру, салық декларациясын кешігіп өткізсеңіз және тағы басқа жағдайларда қиындыққа тап келе берсеңіз – сөзсіз шабан адамсыз.

БАЯУЛЫҚТЫҢ ПАЙДА БОЛУ СЕБЕПТЕРІ

Ақырын қимылдаудың қайдан пайда болатынын түсінген кезде онымен күресу жолдары да түсінікті әрі нәтижелі болмақ. Оның басты себептері мынадай:

  • Тапсырманың қиындығы және оны неден бастау керектігін білмеу. Бұл жерде «Қолымнан келе ме, әлде жоқ па?» деген сұрақ әлгі жұмыстарды кейінге қалдыруға итермелейді.
  • Атқарылуы тиіс жұмыстың бізге жағымсыз болып көрінуі. Ұнамаған істі кейінге қалдырып, тіпті кейде «оны жасаудың қажеті болмай қалса екен» деп үміттену. Бірақ одан ештеңе өзгермейді де, жұмысты соңғы сәтте ғана қолға алып, оны сапасыз орындап, мерзіміне де үлгермей қаламыз.
  • Адамның кемелділікке ұмтылуы немесе қателіктер мен сәтсіздіктерден сақтану жолындағы батылсыздық салдары да – баяулыққа әкеледі.

Күнді дұрыс жоспарлай алмау

Кейбіреулер жайбасарлықтың басты себебі өз жұмыс күнін дұрыс жоспарлай алмау немесе қатаң жоспарға үйреніп қалуы деп біледі. Әсіресе, бұл қашықтан жұмыс жасайтын адамдарға қиынға соғады. Ал енді бірі күнді жоспарлап, уақытты мағыналы өткізуге баяулықтың еш кедергісі жоқ дейді. Оған мысал – Чикаго университетінің философия докторы Джозеф Ферраридің «баяу адамға қойын дәптерін жүргізуді ұсыну – созылмалы депрессияға шалдыққан адамға жиі күлімсіреп жүруге кеңес бергенмен тең» деген пікірі.

Отбасылық тәрбиенің әсері

Адам жайбасар болып тумайды, ол өсе келе соған айналады. Әрине, оған ең басты себепші – отбасылық тәрбие. Егер бала жеке қабілеттерін дамытып, өз ниетін жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін авторитарлы ата-ананың қолында өссе, оның бойында осындай мінез қалыптасуы әбден мүмкін. Бала тапсырылған іске мойынсұнады да, оны жасауға деген ниетінің жоқтығын, наразылығын баяулығы арқылы көрсетеді. Яғни, оны қарсылық таныту формасына айналдырады. Ал ол өскенде баяулық мінез-құлқының қалыпты нормасы болып қалыптасады.

Канадалық Карлтон университетінің доценті, психология профессоры Тимоти Пичилдің айтуынша, баяу адамдар ішімдік мен есірткіге құмар келеді екен. Олар мұнымен өмірлік мәселелерді шешуден бас тартып, өмірден қалай баз кешіп кеткенін байқамай қалады. Бұл жаман әдеттер әрекетсіздік пен адами құлдыраудың нәтижесінде орын алады. Жайбасарлықтың осы сияқты себептері көп. Оның басым бөлігі күрделі немесе жағымсыз жұмыстарды кейінге ысырып қоя беруден туындайды. Алайда, баяулықты созылмалы дертке айналдырмау үшін, онымен күресудің жолын қарастырып, алдын алған жөн.

Баяулықпен күресу жолдары

 Уақытты дұрыс жоспарлау

Ертеңгі күнге әрдайым жоспар құрып отырсаңыз, сіз кем дегенде «мұны істеу керек пе, әлде жоқ па?» деп ойлануға уақыт кетірмейсіз. Күнді жоспарлағанда өзіңізге ыңғайсыздық тудыруы мүмкін жұмысты ең бірінші орынға қойған дұрыс. Бұл жұмыстың өнімділігіне оң әсер етеді.

Уақытты нақты белгілеу

Жоспар құрғанда уақыт нақты көрсетіңіз. Бірақ үлгермей қалудан қорқып, қобалжу мен үрейге бой алдырмас үшін уақытты ақылмен белгілеңіз. Егер қиынға соғып, тапсырманың күрделілігіне байланысты кірісіп кете алмасаңыз, оны ішкі мәселесіне қарай бөліп тастаңыз. Тапсырманы ішінара талдап тастау – алғашқы жолды табуға көмектеседі. Баяулықпен күресуде шапшаңдық та ескеріледі. Сондықтан ең бірінші қиынынан бастап, «тіреліп» отырғанша, оңай әрі тез орындалатын жұмыстан бастаңыз.

Әр істің нәтижесін саралау

Қиын әрі жағымсыз жұмысты орындау кезіндегі баяулықтан арылу – өз-өзіңізді ынталандыруға көмектеседі. Сіз тапсырманы үздік орындағаныңыз үшін берілген уәдені немесе жасалмаған жұмыстың салдарын ойлап көріңіз. Сондай-ақ, табысты жұмысыңыз үшін өзіңізді марапаттай аласыз. Мысалы, кинотеатрға барып, не сыйлық алып дегендей.

 Жайбасарлықтың әсерінен бір шешімге келе алмау және түрлі сылтаулар ойлап табу орын алса, тапсырманы талқылауға, ойластыруға бір бөлек, әрекет етуге бір бөлек уақыт кететінін түсіну қажет. Іс-әрекетке кірісу уақыты кез келген жаңа ақпарат болашақ шешімдердің сапасына айтарлықтай әсер етпейтіндігін түсінген кезде келеді. Яғни, қысқа мерзімде тек толық және сенімді ақпаратты алуға тырысыңыз. Содан соң, бірден «шайқасқа» кірісіңіз. Ал, қайта реттеуді жұмысты жасау барсында істей аласыз.

Жайбасарлықты еңсеруді қорқыққаннан ғана қолға алсаңыз, ол мәселеңізді шешуге айтарлықтай көмектесе алмауы мүмкін. Ал онымен күресуді мүлде қолға алмасаңыз, оның нәтижесі одан да нашар болуы ғажап емес. Сол үшін барлық ықтимал қиындықтарды ойластырып, тұжырымдап, оларды жою жолдарын қарастырыңыз. Баяулықты жеңу – сізге жүктелген жұмысты нақты уақытында тапсырып отыруға көмектесіп, өміріңізді жеңілдетеді.