МакияжСұлулық

Жазда бояну тәсілдері

Жаздағы күн сәулесі, қапырық, жел, теңізге шомылу, қаладағы лас ауа – барлығы адамның нәзік терісіне айтарлықтай ауырлық түсірмей қоймайды. Сыртқы факторлар теріні құрғатса, күннің ультракүлгін сәулесі теріні қарайтып, әжім түсіреді. Жазда теріміз күннен қорғану үшін өздігінен қалыңдап, май бездерінің жұмысы артып, денеміз майланып кетуі де мүмкін. Осы кезде беттегі майлылықты жою үшін жасалған әркеттер теріні сусыздандырып жіберуі де ғажап емес. Сондықтан төмендегі әдістерді ретімен қолдансаңыз, бет терісі өз қалпын ойдағыдай сақтап тұрады.

438Қаралымдар

Бірінші кезекте бетті тазалау

Мұнда ең бастысы – мұқияттылық. Бетті күніне екі рет көбік, гель немесе мусс секілді сілтілік қоспасыз құралдармен жуу керек. Көбісі беттегі майлылықтан құтылу үшін сабынмен жуынады. Алайда, сабын ыстық ауадан сусызданған теріні одан сайын құрғатып жібереді. Бет терісін қалыңдатып алмау үшін, аптасына бір рет скраб қолданған дұрыс. Егер тері сезімтал болса, тек қана гельмен тазалап қоюға болады.

Қабыршақтану

Аптасына бір-екі рет пилинг жасау – мінсіз әрі нәзік терінің кепілі. Әсіресе, ыстық күндері эфир майы қосылған тұзды скраб қолданған тиімді. Тұз – терідегі артық сұйықтықты шығарады, эфир майы – бетті жылтыратып, нәр береді. Скрабты күнге күйіп, қабыршақтанған бетке қолдануға бола ма? Бұл жөнінде кейбір косметологтар әрдайым мұқият ылғалдандырылған тері қабыршақтанбайды дейді. Енді бір сарапшылар жұмсақ скрабтар да терінің жай-күйін жақсартып, күннен алған қараюды кетіреді дегенді алға тартады.

Жазда көзге түсетін аймақтың бірі – шынтақ. Көптеген адамдар жеңі жоқ киімдерді кигенде шынтағының қаралығы үшін ыңғайсызданып жүреді. Бұл мәселеде пилинг және ылғандандырушы құралдар жақсы көмектеседі.

Теріні ылғандандыру – жаз айындағы басты міндет

Біздің дәуіріміздің V ғасырында қытай ғалымы Ван Ли Мин денсаулық сақтаудың 10 жолын анықтаған. Соның екіншісінде «Өз теріңді ылғалдандыр» деп көрсеткен екен. Бұл үшін қытайлықтар дәрілік шөптермен араласқан түрлі майлармен массаж жасаған. Сондай-ақ, олар терінің ылғалдығын сақтауда мынадай қарапайым алты ережені ұсынады:

  1. Күнде 1,5-2 литр таза су ішу;
  2. Тері қанша майлы болса да, спирті бар тоник қолданбау.
  3. Тек қана жылы сумен жуыну. Ыстық су да, суық су да теріге бірдей зиянды;
  4. Жуғаннан кейін теріні құрғатып сүртіп тастамау;
  5. Кремді дымқыл теріге жағу;
  6. Бөлмені жеткілікті түрде ылғалдатып тұру. Ол үшін ауа ылғалдатқыш құралдарды қолдануға немесе бөлмені су контейнерлерімен, аквариуммен жабдықтауға болады.

Жазда теріге тұрақты күтім жасау үшін күннен қорғайтын және майдың бөлінуін бақылайтын жеңіл эмульсия немесе крем керек. Бір мезгілде үш бірдей қызмет атқаратын арнайы құралдар да бар. Олар күн сәулесінен қорғайды, теріні ылғалдандырады және жұмсартады.

«Жаздың қапырығында косметиканы қалай қолданамын?» деп бас қатыратындар көп. Күннің сәулесі теріні нәрлендіріп, әртүрлі дақтарды емдейді деп жатады. Ультракүлгін сәулелердің дезинфекциялаушы қасиеті бар екендігі және кейбір аздаған безеулерді кетіретіні рас. Бірақ бетте қара дақтар көп болса, оған күн сәулесі көмектесе алмайды. Керісінше одан сайын көбейтіп жіберуі мүмкін. Кейде күн сәулесінен теріміз қарайса, бетті біркелкі етіп, безеулер аса көрінбей қалады. Ал бет терісінің қалыңдауы терідегі ақауларды аздап жасырып қоятыны бар.

Қалай болғанда да күн шуақта отыру мезгілін дұрыс таңдап, күннің кері әсерінен сақтану керек. Ол үшін терінің ерекшелігін ескере отырып, күннен қорғайтын кремдерді дұрыс таңдау міндет. Әйтпесе, жаз мезгілінде бетке түскен дақтар мен әжімдерден арылу кейін қиынға соғады.

Күн сәулесінен қалған күйіктерді емдеу

Егер теріңізді қорғай алмай, күнге күйіп қалсаңыз, сізге мына дүниелер көмекке келеді:

  1. Алоэ шырыны күйген теріні жақсы жаңартады. Ол үшін 15 см дейінгі ұзындықта өскен алоэнің төменгі және ортаңғы бөліктерінен шырынын сығып алу керек. Содан соң, оны бірнеше қабатты дәкеге сіңдіріп, күйген жерге басады.
  2. Жаңа піскен өріктің бірнешеуін алып, қабығып ашып, тазалау керек. Түйіршіктерін қызарған жерлерге 20-30 минуттай қояды. Бұл күйген теріге жақсы ем.
  3. Күнге күйген, құрғақ әрі қара дақтары бар бет терісіне маска жасаудың алдында 5-7 минутқа түймедақ тұнбасынан ыстық компресс жасаған пайдалы. Сосын масканы жылы сумен жуып тастайды. Бұл әдісті аптасына 2-3 рет қолданып тұруға кеңес беріледі.

Жаз уақытында дұрыс макияж жасау

Ыстық  күндері беттегі бояудың жақсы тұрмайтынын білеміз. Ол термен бірге ағып немесе жан-жағына тарап кетеді. Сондықтан жазда тартымды көріну үшін бояуды қолданудың негізі ережелерін ұстанған жөн.

  • Ең бірінші – үйден шығар алдында ашық теріге күннен қорғайтын крем жағу.
  • Жазда тоналды кремдерді жеңіл опалармен алмастыру.
  • Көз бен қас бояуға арналған қарындаштар терлегенде ағып кетуі мүмкін. Сондықтан оның орнына жан-жағына жұқпайтын подводка немесе қасқа арналған сүрмелер қолданыңыз.
  • Кірпікке жағатын туштардың да сапалысын алу керек. Суға төзімді сапалы құралдар аптап ыстықта терлегенде жан-жағына жұғып, мазаңызды қашырмайды. Олар бояу сүрткішпен тазалағанда ғана кетеді.

Жаз мезгілі – тек қана үйдегі демалыс емес, табиғаттан ләззат алатын кез. Сондай-ақ, теріңізге ерекше назар аударуды қажет ететін мезгіл. Сұлулыққа құмар болыңыз! Сұлу болыңыз!