СұқбатСыр-сұқбат

Жазира БАЙЫРБЕКОВА: Жұбайымды өзгемен салыстырмаймын

Жанболат пен Жазира десе дүйім жұрттың көздері күлімдеп, тек жылы лебіздер айтуға дайын. Миллиондардың жүрегінен орын тапқан жұп мұндай деңгейге жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп жеткен жоқ.

С:  Сіз үшін жетістіктің формуласы қандай?

Ж.Б: Жетістіктің формуласы – маңдай тер мен адал еңбек дер едім. Біз бүгін қандай да бір биікке көтеріліп жатсақ, ол ата-ананың батасы мен көптің алғысының, өнер мен адал еңбектің арқасы. Сондықтан бүгінгі күні әуелі Аллаға, одан кейін өнерге баулып өсірген  ата-анамызға ғана қарыздармыз деп ойлаймын.

С: Шабытыңызды, өзіңізге деген сенімді жоғалтып алатын кездеріңіз бола ма?

Ж.Б: Адамға әлсіздік тән ғой. Әрине, сенімді де, шабытты да жоғалтып алатын сәттер болады. Мұндайды өз кәсібін жан-тәнімен сүйетін кез келген адам түсінетін шығар деп ойлаймын. Бірақ бұдан да күрделі жағдай болады екен. Осыдан бір-екі жыл бұрын мен де өмірдің мәнін жоғалтқандай, түсініксіз күйге түстім. Мүлдем сахнаға шыққым келмей қалды.  Ән айтқым келмеді. Бұрын әнді рахаттанып, жаным ләззат алып орындасам, әнді зорлықпен орындадым. Онда да, қосымша табысымыздың жоқтығынан, амалсыз ғана ән салып жүрдім. Ол кезде ән салу түгілі, өмір сүрудің өзі ауыр сияқтанды… Қазір, Аллаға шүкір, ондай күйді еңсердім. Бір жылдай болды, қайтадан өмірге, өнерге деген құштарлығым оянып, өзімді жаңа туған адамдай сезініп жүрмін. Көпшіліктің бізден жаңа ән, жақсы өнер күтетіні анық қой. Соған сай, жаңа әндер жаздырып, бейнебаян түсіріп, жұмысымызды жалғастырып жатырмыз.

С: Тоқырауға түстім деп отырсыз ғой, оған не себеп болды?

Ж.Б: Шығармашылық тоқырау, жан күйзелісі әртүрлі сбептерден болады. Біреу – денсаулығына, біреу әлеуметтік қиыншылықтарына, енді біреулер айналасындағы жағдайларға, адамдармен қарым-қатынастағы күрделі оқиғаларға байланысты күйзелетін сияқты. Сондықтан мен де нақты бір себебін айта алмаймын. Ұзақ уақыт бойы демалыссыз жұмыс істедік, елдің ана қаласынан мына қаласына ұшып-қонып, ұйқысыз, тынымсыз жүрген күндеріміз болды. Салқын тиіп, ауырсақ та өзімізге қарамадық. Аяғы денсаулық мәселесіне алып келді. Оның үстіне, көп жауапкершілікті өзіме артып алыппын. Мойнымда қандай жүк тұрғанын денсаулығыммен алыса бастағанда бір-ақ түсіндім. Қазір енді денсаулығым да, көңіл күйім де қалыпқа түсті. Өзімнің барлық уақытым мен артық мүмкіншіліктерімді өнеріме арнауға тырысып жатырмын.

С: Қазір отбасында қыз балалар өздеріне көп жауапкершілік артып алған. Туыстар арасында да, қоғамда да тым белсенді. Осы қаншалықты дұрыс?

Ж.Б: Қыз балалардың белсенді болғаны жақсы. Өйткені, олар отбасында сананың өсуіне, тұрмыс жақсаруына көмектеседі. Қоғамда белсенді болса, мемлекетіміздің дамуына да үлес қосуы мүмкін. Бірақ қалай болғанда да, көп жауапкершілікті мойынға алу қыз балалардың өздері үшін ауыр. Қыз балалар өте бауырмал келеді ғой, сондықтан кейбір отбасында бүкіл бауырларын өзі қамтамасыз етіп, алға сүйреп отырады. Дегенмен «қыз – жатжұрттық» емес пе?!  Бауырларына, туған-туыстарына мән беріп, өз бақытын құруға кеш қалып жатқан қыздарымыз аз ба?!

С: Мұндайға жол бермеу үшін не істеу керек?

Ж.Б: Менің ойымша, ата-аналарымыз әр баласына «сен өскенде өз арбаңды өзің сүйреуің керек», «өзіңді, өз отбасыңды өзің қамтамасыз етіп, жетістікке өзің жетуің керек» деп, өз жауапкершілігін өзіне сезіндіріп өсіру қажет. Бір отбасында бір адам оқып, табысты қызмет етіп бастаса, әлі еңсесін көтеріп үлгерместен, аяғына жармасып, үйдің үлкені екенсің деп салмақ салудың, кері тартудың да өкініші көп болады.

С: Қыз балалардың белсенділігі туралы айтып қалдық қой, тым белсенді қыздар ер адамды ығыстырып, олардың ежелден келе жатқан биік дәрежесіне нұқсан келтіреді деп ойламайсыз ба?

Ж.Б: Кейбір әйелдер ер-азаматының қозғалуға, еңбектенуге икемі жоқ болғандықтан, өзі табандылық көрсетіп, алға түсуге мәжбүр. Ал кейбір отбасында ер мен әйелдің екеуі де табыскер. Ендігі бір отбасыларда табысты ер адам табуы керек деген көзқарас орын алады. Ондайда отбасы тұрмысына көңілі толмаған әйелдер күйеуін өзгенің күйеуімен салыстырып, соңы ұрыс-керіс шығуына себепкер болады. Ер азаматты ақылмен жігерлендіріп, табысты етуге, жақсы жолға салуға шамамыз келмей жатса, онда оның жаратылысы қалай, солай қабылдаған жөн. Өз басым тарығып, қарнымыз ашқан күнде де жолдасыма: «нан табу – сенің міндетің, неге біз аш отырмыз?», – деп шағымданған емеспін. Біздің де қиналған кезіміз болды. Тиын санап күнелткен күндеріміз де өтті. Бірақ барлық нәрсені бірге жасадық. Ең жаман мінез – өз жарын өзгемен салыстыру деп ойлаймын. Біздің тату-тәтті, айрандай ұйып отырғанымыздың себебі де осындай қажетсіз сөздердің болмағанында шығар. Жанболат – сондай шыдамды, еңбекқор, маған қамқор адам. Маған қарағанда жолы болғыш. Сондықтан балама: «Мен айлап, жылдап жүгіріп жүрсем де, ісім өнбейді. Сенің әкең кіріскен істің барлығы бірден шешіле қояды.  Көрдің бе, ер адамның ісі әрдайым берекелі болады», – деп отырамын.

С: Таршылық кезден өттік дейсіз. Сол сәтте сізге күш берген не нәрсе?

Ж.Б: Жанболаттың да, менің де ата-анам – көпбалалы. Қарапайым отбасынанбыз. Біздің арқа сүйейтін ешкіміміз жоқ болғандықтан өзіміз талпындық. Әр адам өзіне сенсе, дегеніне жетеді. Бізге осы сенім тіреу болды.

С: Ер азаматыңыздың қандай қасиетіне көңіл бөлдіңіз?

Ж.Б: Жар таңдайтын жасқа жетпей Жанболатпен таныстым. Ол кезде 16-да ғана едім. Күйеуім мынадай болуы керек деп ойлап та үлгерген жоқпын. Біз ғашық болдық, махаббат деп қабылдадық, ақыры үйлендік. Бұл жағына келгенде менікі лоторея ойнағанмен бірдей болды. Сол лотореядан мен ұттым.

С:  Тұрмыс құрған қыздардың мінезі өзгереді дейді психологтар. Тәжірибеңізбен бөліссеңіз.

Ж.Б: Менің мінезім тұрмысқа шыққан соң қатты өзгерді. Оған дейін тұйық, ашуланшақ, сәл тәкәппарлау, ата-анамның ерке қызы болдым. Салт-дәстүрді қатты ұстанған, келінге қатал қарайтын отбасына бардым. Ортаға байланысты өзгеруге тура келді. Шаңырақты шайқалтпас үшін еркелікті қойып, әрбір қыз баласы өзгеруі тиіс деп ойлаймын.

С: Ұлдарыңыз Қазбек қай салада? Әншілікке қатысы бар ма?

Ж.Б: Баламның дауысы керемет. «Ол дауысқа емес, қызығушылыққа байланысты. Менде қызығушылық жоқ», – деп, сахнаға шығуға қызықпайды. Қазір заңгерлік мамандығы бойынша білім алып жатыр. Хоббиі – футбол ойнау. Адам бақытты болуы үшін жүрегі қалаған жұмысты істеуі керек қой. Сондықтан баламызға мамандық таңдауда өз еркін өзіне бердік.

С: Оған қандай талап қоясыздар?

Ж.Б: Баламызды ешқашан біреудің үйінде қондырмаймыз. Қазір талап қоятын жастан өтті. Ол өзі де біздің не қалайтынымызды айтпай түсінеді. Көп сөзге жоқ. Керек жеріне қосылады, қатысы жоқ болса, кіріспейді.

С: Шынайы өмірдегі үлгі тұтарыңыз кім?

Ж.Б: Әр әйелдің жақсы қасиетіне қызығып жүремін. Мысалы, бір дүкенші әйел адамдармен жымиып амандасып жатса, соған қызығамын. Көрші апайым сыпайы, биязы болса, оған да қызығып қараймын. Үйде отырған, аспаз немесе киім тігетін келіншектің де бойындағы жақсы қасиеттерін өзіме сіңіргім келіп тұрады. Ірі тұлғалардың шығармашылығына, құрметпен қараймын. Бірақ өкініштісі, өнері алтын адамның бәрі бірдей асыл бола бермейді. Өнері мен еңбегін бағаласам да, мінез-құлқына қызықпайтын тұлғалар да бар.

С: Соңыңыздан ерген сіңлілеріңізге нендей кеңес бересіз?

Ж.Б: Өзім 18 жасымда тұрмысқа шықтым. Жұрт жап-жас, кіп-кішкентай деп аяған еді сол кезде. Бірақ өзімде ешқандай өкініш жоқ. Енді ерте шығу керек екен деп, асығуға да болмайды. Адам өзінің ішкі түйсігіне мұқият ден қоюы керек. Ол алдамайды. Мен қыздарға кесіп-пішіп кеңес айта алмаймын, тек сәттілік тілеймін.

С: Сұқбатыңызға рақмет!