Екеудің құпиясыЖан әлемі

Жарыңызбен сыр шертесіз бе?

Қазіргі қоғамда бір шаңырақ астында тұрып ерлі-зайыптылардың бір-бірімен тілдеспеуі, пікір алмаспауы қалыпты жағдайға айналған сияқты. Сырт көзге ерсі көрінуі мүмкін, десе де мұндай отбасылардың қатары күн санап көбеюде. Отау құрған отбасында  көбінде күнделікті күйбең тіршіліктің әңгімесі қозғалады.  Күнделікті дағдыға айналған бұл жайт шаңырақтың шайқалуына әкелер бірден-бір жол. Бұл жағдайда не істеу керек? Тығырықтан шығар жол қандай?

Тұрмыс құрғанына аз ғана уақыт өткен әріптесім жұмыстан үйге қайтуға асықпайтынын айтты. «Не себепті?» деген сауалыма, «Үйде зерігіп кетемін, жолдасыммен өзара әңгіме-дүкен құрмаймыз»,- деп жауап қатты. Содан кейін: «Бұл дұрыс па, әлде бұрыс па»,- деп сұрады. Жоқ. Әрине, бұл дұрыс емес. Тілдесу – адамзат әрекеттесуінің бір түрі. Тілдесу әр адамға қажет, тіпті жалғыздықты жаны сүйетін адамдарға да керек. Өзара тілдеспеудің туындауына бірнеше себептер бар. Олар:

«Әңгімені қалай бастауға болады?»

Бұл сауал көбіне алғаш рет кездескен жандарда туындары сөзсіз. Мұндай жағдайда ең алдымен өзіңізге таныс жайттан сөз бастағаныңыз жөн, таныс емес жайттарды да білгіңіз келетінін де айта отырыңыз. Өзіңіз жайында айта келе, ол жайлы да сұрап-білуді ұмытпаңыз. Ұзақ уақыт үнсіздік орын алып, ыңғайсыз жағдай туындаған сәтте әдеби, классикалық және психологиялық кітаптар көмегіңізге жарары сөзсіз. Міне, сол себепті кітаппен дос болу  артық етпейді. Әңгімеге өзек болар тақырыптар да табыла кетеді.

«Жолдасымның айтар  жауабын естігім келмейді, сол себепті ешнәрсе айтпаймын…»

Ер адамдар көбіне туындаған мәселелені бірден шешіп тастауға тырысады. Ашық әңгімені, өзара келісімді қажет етпейді. Мәселен, мына әңгіме сізге таныс па?

Әйелі: Бүгін жұмыста қатты шаршадым.

Ері: Онда жұмысыңды таста. Саған кім жұмыс істе деді?

Әйелі: Жоқ, жұмыстан шығу ойымда жоқ, тек бүгін ауыр күн болды.

Ері: Олай болса арызданба. Шыдамды бол немесе жұмыстан шық.

Таныс жағдай ма? Әрине, бұл жерде ер адам мәселені шешіп тастауға тырысты, алайда тек қана тыңдау қажет екенін ойламады. Өйткені, ер адамдарға мәселені шешуден бұрын, мәселе неден туындағанын тыңдау керек екенін түсіну қиын.

Егер жолдасыңыз  мәселеңізді шешуге ынталы болса, алдымен қандай мәселе толғандыратынын тыңдауын өтіңіз. «Сүйіктім, маған қазір сенің жай ғана тыңдауың қажет. Өтінемін, алдымен менің не айтатынымды тыңдап ал» деп ескерту жасасаңыз, жоғарыда айтылған жағдайға тап болмасыңыз сөзсіз.

«Тек балалар жайында сөйлесеміз, олар өскенде не болатынынан қорқамын…»

Әрине, бала – өмірдің қызығы. Бал тілді балапандардың тәтті қылығын айтып тауысу мүмкін емес. Алайда, балалар жайында ғана сөз қозғаумен шектелмеу қажет. Өз өміріңізде орын алған әрбір сәтті жолдасыңызбен бөлісуді ұмытпаңыз. Қуанғаныңыз бен мұңайғаныңызды, өзіңіздің ойыңызды, не сезінетініңізді, нені армандайтыныңызды, болашаққа құрған жоспарыңызды айтыңыз.

«Бізге әңгімелесу не үшін қажет?»

Егер жан дүниеңізде не болып жатқанын айтпасаңыз, жолдасыңыз ешуақытта білмейді. Тіпті, кей-кезде өзіміз де жан дүниемізде не болып жатқанын түсінбейтін күйде боламыз. Дәл сол сәтте жайсыз, түсініксіз, жағымсыз күй кешеміз. Осындай жағдайда: «Дәл қазір өзімнің жан толғанысымды түсінбеймін, бірақ келеңсіз жайт екені белгілі. Өзім анықтап алғаннан кейін түсіндіріп беремін» деп айтқаннан қорықпау керек. Мұндай сөз орамы болашақта ыңғайсыз жағдайды болдырмауға септігін тигізеді. Алайда, кем дегенде бір аптадан соң, өткен жағдайға оралып, «Есіңде ме, мен саған өзімнің жан толғанысымды түсінбеймін деп айтып едім ғой. Барлығын талдадым, саған айтуға да дайынмын» деп,  дәл уақытында жеткізе алмаған сезіміңізді айту оңайырақ болады.

Өзара әңгімелесу барысында тұлғаның ең жағымды, жағымсыз жақтары анықталады және ашылады. Тілдесу арқылы біз жаңа ақпарат аламыз, қарым-қатынасымызды ретке келтіреміз, өмірімізге керектінің барлығын табамыз.

Отбасылық өмірде «ұсақ-түйек» деген нәрсе болмайды. Жолдасыңызбен әңгіме-дүкен құрудан бас тартпаңыз. Әр күніңіз қалай өткенін баяндап беріңіз. Мысалға, жұмыста орын алған оқиғаларды сөз етіңіз, балаңызды ойнатып жүргендегі көңіл-күйіңіз қандай болғанын, көршіңіздің дәмді бәлішпен қонақ еткенін, жолда орын алған кептеліс жайында, өзіңіз тамашалаған  фильм жөнінде айтыңыз. Кез келген мәселені уақытында пісіру керек. Әйтпесе, адамның ашу-ызасы алқымына тіреле берсе, ажырасудың алдыңыздан көлбеңдей беруі ғажап емес. Сондықтан жанұя болған соң әрбір ұсақ-түйекке көңіл бөліп, құдай қосқан қосағыңызбен әрбір сезіміңізді бөлісудің ешбір сөкеттігі жоқ.