ДенсаулықЖүктілік

35+ Жүктілікті жоспарлаңыз: Сақтану жолдары.

Жоспарланған жүктілік – отбасы тұтастығының кепілі. Сау ұрпақ өмірге әкелу үшін алдымен ананың денсаулығы мықты болуы қажет, одан кейін барып өмірге әкелген ұрпақ алдындағы жауапкершілікті аса сезіну қажет. Босану - тек физиологиялық процесс емес. Тірі адамды өмірге әкелген соң, оның алдында жауаптысыз! Алдымен дені сау ұрпақ әкелу, кейіннен оны аяғынан нық тұрғызып, ешкімнен кем етпей өсіру - үлкен жауапкершілік. Сол себепті әр жүктілікті жоспарлаған абзал. Ал, 3-5 баланы өмірге әкеліп, ары қарай босануды жоспарламасаңыз, жүктіліктің алдын алыңыз. Қазіргі таңда контрацепцияның алуан түрі бар. Бұл санымызда тек босанған аналарға арналған контрацепцияның бір түрі – стирилизация туралы сөз қозғамақпыз.

Жатыр түтіктерін байлау:

Бұл тұрақты түрде жүктіліктің алдын алу үшін әйелдерге жасалатын отаның түрі. Жатыр түтіктерін байлау арқылы ұрықтанудың алдын алу мақсатында фаллопий түтігі жабылып, шәуеттің аналық жасушаға түсуінің алдын алады. Ол жерде фаллопий түтігі алынып тасталуы, қысқыштармен жабылуы, байлануы кей жағдайда ұштары күйдіру арқылы дәнекерленуі мүмкін.

Бұл әдіске жүгінетіндер:

Ақыл тоқтатқан, шамамен 35 жастан асқан және баласы бар әйелдер жасатуына болады. Әдетте бес баладан көп туған әйелдер осындай шешімге келеді. Одан кейін 3 рет кесір тілігі арқылы туған аналар жасайды, өйткені бұл жағдайда төртінші рет босану өте қауіпті. Елімізде шамамен әйелдердің 30-40 пайызы осы әдіске жүгінеді деп айта аламыз.

Бұл отадан кейін қайта бала көтеру 98-99% жағдайда мүмкін емес. Отадан кейін жүктіліктен сақтанудың ешқандай түрін қолданбауға болады.

Ота жасалу үшін:

Алдымен әйелдің рұқсаты керек. Өйткені қайта орнына келтіру мен жүкті болу мүмкіндігі мүлде жоқ дей айтуға болады. Ота алдында әйелге жалпы анестезия беріледі, одан кейін ғана фаллопиялық түтік лапароскопиялық түрде жабылады. Гистероскопиялық стерилизация анестезиямен жүргізіледі. Гистероскоп қынап арқылы фаллопиялық түтіктерге салынады. Олар түтіктерге орналасып, блоктарды бітейді. Ота шамамен 30-40 минутқа жалғасуы мүмкін. Бұл әдістің әйел денсаулығына зияны болмайды, тек бала көтеру қабілетін жояды.

Емдеуден кейін:  

Отадан кейін ауырсынулар мен қан кету байқалуы мүмкін. Гистероскопиялық стерилизациядан кейін науқастар келесі үш айда контрацепцияны пайдалануды жалғастыруға кеңес беріледі.

Стерилизацияның әсері:

Атылмыш әдіс физикалық жағдайға, гормоналды жүйеге немесе психиканың өзгеруіне әкелмейді. Медициналық зерттеулер көрсеткендей, сексуалдық белсенділік артуы мүмкін. Бұл тек жоспарланбаған жүктілікке қарсы қорғаныс болғандықтан, өзге жағдайларға, мысалы жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға қарсы тұра алмайды. Сол себепті ауру жұқтыру қаупі бар болса мүшеқап пайдаланған дұрыс.

Әйел адам білуі керек! Болашақта балалы болғысы келетін аналарға жасатуға мүлде болмайды! Дәрігер айтқанда мұқият тыңдап, түсіну керек. Себебі осы отаны білмей жасатып қойған әйелдер де тіркелген. Жатыр түтігін байлату тәуекелді қажет етеді. Сонымен қатар, науқаста қан кету немесе ағзаның жатырға жақын жерлері зақымдануы мүмкін.