Ақ босағаОтбасы

“Жүрісті” еркекті түзетудің амалы бар ма?

Неге еркектер біреудің қаңсығына таңсық? Айрандай ұйыған отбасында неге әйелінің көзіне шөп салады? Әдетте бұл сұраққа мына жауаптар сәйкес келеді: ерлер бір сарынды өмірден тез жалығады немесе әйелі күйеуінің көңілінен шыға алмайды. Екі жауаптың да жаны бар, бірақ мұны дұрыс деп айту қиын. Еркектер ғана емес, жалпы, адамдардың барлығы – ерлер де әйелдер де бір қарқындағы өмірден жалығады. Ал екінші жауапқа қатысты не айтуға болады?

Жүріс жасауға кедергі жоқ, сондықтан жасайды

Бұл «не үшін?» деген сұрақтың соңғы жауабы болса керек. Өйткені қазіргі заманда төсектес болуға келісе кететін қыз-келіншектерді табу қиын емес. Кейде оларды іздеудің қажеті де шамалы, олар өзі-ақ тауып алады. Жалпы, қоғамда ер адамдардың әйелдерге қарағанда жыныстық қажеттілігі басым екендігі айтылады. Сондықтан бұл жерде басты себепті жыныстық қатынастан іздеудің әбестігі жоқ. Бірақ неге? Неліктен ер адамдар өз әйелі бола тұра басқа бір әйелді қалайды?

Өз-өзін ұмытқан үй шаруасындағы әйел

Осыдан-ақ күйеуінің әйелін неге қаламайтыны, жүріс жасайтыны түсінікті. Бұл жағдайда еркектің сатқындық жасауының бірден бір себебі әйелінде жатыр. Өйткені ол «өзіне қарауды» мүлдем қойған: толысып кеткен, үйде қалай болса солай жүреді, одан бұрынғы – той алдындағы үлбіреген, қыпша бел, кербез қызды көру мүмкін емес. Қысқасы, бәріне әйелдің өзі кінәлі. Одан да күйеуін кешіріп, қайта оның мүлдем кетіп қалмағанына қуансын деуге болады. Бірақ шынтуайтында олай емес.

Сонымен, ерлер неге опасыздыққа барады? Шындығына келгенде, мәселенің барлығы сыртқы келбетте емес. Егер соған ғана байланысты болса, өзін күтіп қалған, әдемі келіншектер мұндай жайттарға бас қатырмас еді ғой. Мәселенің барлығы әйелдің қалай көрінетіндігінде емес, оның некеге тұрғаннан кейін қандай адамға айналғандығында болып отыр.

Әйел» және «көңілдес» ұғымдарының арасы жер мен көктей

Қоғамда әрқайсысымыздың өз орнымыз бар және біз сол орынға барынша сай болуға тырысамыз. Бұл тақырыптағы басты мәселе мынада – әйел және көңілдес ұғымдарын ешқашан салыстыруға келмейді. Егер сіз ер адамнан «мінсіз көңілдес қандай болу керек?» деп сұрасаңыз ол сізге былайша суреттеп берері анық: жеңілтек, қылымсыған, мүсіні мінсіз, жеңсікқұмар. Ал егер мінсіз әйелдің бейнесін қалай елестететінін сұрасаңыз, оның: адал, үй шаруасына бейім, қамқор және мейірімді әйелді қалайтындығын көресіз. Қалай болғанда да, жоғарыда айтқанымыздай екеуіне ортақ қасиетті табу мүмкін емес.

Негізінде жігіттер арманындағы, ойлаған қызына үйленбей ме? Бірақ уақыт өте келе сол әйелінің басқаға айналып кететіні неліктен?

Кім кінәлі?

Әрине, бұл әйелдің ғана кінәсі емес. Оның мойнына бүкіл шаруаны артып қоятын орта кінәлі. Күйеуге шыққан әйел бірінші кезекте ері мен қоғамның үмітін ақтап, «жақсы әйел» атануды ойлайды. Сонымен қатар бала да тууы керек. Енді қараңыз – ас бөлмеден босай алмай жүретін әйел ана атанып, жұмысына жұмыс қосылғанда әлі бітпей жатқан жұмыстарын ойлай ма, әлде күйеуінің көңілін аулап, жыныстық қатынастан тояттауды ойлай ма?

Жұптардың жыныстық қатынасты қажетсінуі еш жоғалмайды. Еркек пен әйел қанша уақыт өтсе де некелік борыштарын жай ғана орындап қоймай, сонымен бірге қанағаттануды және қанағаттандыруды қалайды. Бірақ басына орамал салған күннен бастап, тіршіліктің қамытын қоса киіп алғандай өмір кешіп, жыныстық қатынасты ойлауға мұршасы болмайды.

Көп жағдайда әйелдер өзінің кім екенін ұмытып, ер адамның анасының рөлін ойнап кетеді. Қарның тоқ, киімің бүтін, үйің таза – бұдан артық не керек? Кейде бұдан да жаман болуы мүмкін.

Алайда мұның бәрі әйеліне опасыздық жасаған ер адамның кінәсін жуып шая алмайды. Мұндай жағдай басыңызда кездеспеді ме? Бірақ ерте ме кеш пе орын алуы мүмкін бе? Мұндайда не істеуге болады?

Не істеуге болады?

Әлбетте, мәселені шешуден гөрі алдын алған жақсы. Ең алдымен мынаны түсініп алған жөн: «мінсіз әйел» атанамын деп біріңғай аспазшы болу немесе біріңғай қонақ күтудің шебері болу, не төсектегі құрал болу міндетті емес. Қыз күніңіз аяқталып, әйел атануыңыз сізді бүкіл нәрсеге міндеттемейтінін түсінгеніңіз маңызды. Сол күннен бастап біріңғай тамақ пісіретін, киім үтіктейтін және ер адамға күтім жасайтын машинаға айналудың қажеті жоқ. Сіз барынша «Әйел… (керек сөздерді қою) керек» деген қағиданы естен шығаруға тырыссаңыз, сізге жай әйелден сүйікті әйелге айналу оңайырақ болады. Сүйікті әйелі тұрған жерде ер адамның көңілі көңілдеске аумайтыны анық. 

Жұбайлық өмірде жұптардың арасында сыйластықпен қоса екеуара құпиясы, жыныстық қатынас түсіністігі де болғаны жөн.

Тағы да бір нәрсе: бұл тек сізді ғана алаңдатуы керек дегенді білдірмейді. Бұл ер адамның жейдесін өзі-ақ үтіктей алатындығын, арасында тамақ та жасай алатындығын білдіреді. Осы уақыттарда сіз өзіңізді ретке келтіріп, түнгі қатынасқа дайындала аласыз.