ләззат
Екеудің құпиясыЖан әлемі

Жыныстық қатынастан ләззат алмаймын…

Фригидты немесе суық әйел деген кім? Не себепті кейбір әйелдер жыныстық қатынастан ләззат ала алмайды? Бұл мәселенің түп төркіні қыз баланың балалық шаңғынан бастау алады. Ол үшін жыныстық жетілудегі 4 кезеңге үңіліп көрейік.

Жанна Төремұратова, Сексолог, гинеколог @otbasyacademy

Менің тәжірибемде, жыныстық қатынастан ләззат алмайтын, тіпті мүлдем жыныстық қатынасқа түсе алмайтын әйелдер болды. Олардың тәнінде, гормондарында ешқандай ауытқу жоқ. Бірақ, психологиялық деңгейде  либидоның мүлдем болмауы байқалады. Мұндай жандарды сексология ғылымында фригидті әйелдер деп атайды. Халық арасында «суық әйел» дейді. Оларға сексолог маманымен қоса психолог, тіпті психиатр дәрігердің көмегі керек болып жатады.

Махаббат ләззәтiнiң ғажайып мезеттерiнен туатын қыл сезiмнiң құштарлы шағын кей әйел неге сезінбейді? Не үшін суық  болады? Барлығы түсінікті болу үшін әңгімені әріден бастайық.

Кез келген жастағы әйелдің де, еркектің де жыныстық қатынасқа деген  құмарлық сезімі болады. Алайда жыныстық құмарлықты оргазммен шатастырмау керек. Ғылымда оны либидо деп атайды. Ал, оргазм – бұл сол жыныстық қатынастан қанағаттану сезімі.

Тану кезеңі

Либидо әйелдің кішкентай қыз күнінде, өзінің жынысын сезінген кезде қалыптаса бастайды. Ол кезеңде ешқандай психологиялық соққы болмауы керек. Бұл уақытты тану кезеңі деп атайды. Анасы арқылы қыз бала  әйелдердің қоғамдағы орны, өзін ұстау мәнері жайлы біледі. Ал әкесімен жақын араласу арқылы қыз болашақта ер адамның оның өмірінде алар орнын анықтайды.

Сондықтан анасымен қатар әкесі де:

  • көп әңгімелесуі;
  • арнайы уақыт бөліп, еркелетіп өсіруі керек.

Бұл болашақта дұрыс күйеу таңдауына, ер адамдармен өзін еркін ұстауына тікелей әсер етеді. Балалық шақта қыздың қуыршақпен «мама» болып ойнауы – болашақта қыздың толыққанды әйел болып қалыптасуының негізі.

Балалық кезде кездейсоқ көріп қалған эротикалық кино, үлкендердің жыныстық қатынасы қыз баланың жүйкесіне қатты соққы беріп, психологиялық деңгейде сексуалдық ауытқуларға әкелуі мүмкін.

Романтикалық кезең

Тану кезеңінен кейін қыз бала өсіп, жасөспірім кезеңге өте бастаған тұста романтикалық кезең басталады. Бұл кезеңде ол:

  • өзіне назар аудартқысы келіп;
  • дауыс ырғағын өзгертіп сөйлеп;
  • қатты сықылықтап күліп;
  • елден ерекше киініп;
  • қиялға беріліп, ханзадасын ойлап табады;
  • әнші-әртістерге ғашық болады;
  • шынайы махаббатқа шүбәсіз сенеді.

Романтикалық кезеңде қыз бала ер адамның  сұлулығына, сымбатына, айтқан сөзіне көбірек мән береді.

Эротикалық кезең

Осы романтикалық кезең біртіндеп эротикалық кезеңге ауыса бастайды.

Либидо қалыптасуының үшінші, эротикалық кезеңінде анайы киноларға, бейәдеп суреттерге қызығушылығы артып, ер мен әйелдің жақындасуы жайлы толық білуге тырысады. Өзіне ұнайтын жігіттің қолы денесіне тигенде «тоқ» жүргендей сезімде болу, жыныстық қатынасқа түскісі келу эротикалық кезеңде кез-келген жасөспірімде болатын  табиғи құбылыс.

Өте маңызды!

Дәл осы кезеңде ата-аналар қыз баланы қорқытып, ұрсып, ұрып жатады. Бұл, мақала басында айтқандай, қыз баланың фрегидті болуының нақ себебі. Сондықтан жасөспірім кезде қыз балаға айғай-шусыз:

  • оның бойында болып жатқан өзгерістер табиғи процесс екенін;
  • ол «ұят» нәрсе емес екенін;
  • бірақ жасөспірім кезде жыныстық құмарлық болғанымен ағзаның әлі жыныстық қатынасқа түсуге дайын емес екенін;
  • жыныстық қатынасты ерте бастаудың қыз баланың денсаулығына қаншалықты зиян екенін;
  • қандай асқынулар мен зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін түсіндіру өте маңызды.

 

Сексуалдық кезең

Төртінші сексуалдық кезеңде қыз баланың тәні де, жаны да толық пісіп жетіліп, сексуалдық жақындасуға дайын болады. Ғылыми зерттеулер қыз баланың тәні 18 жаста толық жетілетінін дәлелдеген. Сол зерттеу жұмыстары негізінде 18 жастан бастап некеге тұруға, отбасын құруға заң тарапынан рұқсат беріледі. Сексуалдық жақындық кезінде кез келген дені сау әйелде міндетті түрде қанағаттану сезімі болады. Егер тоят алмаса, жыныстық қатынасқа деген құмарлығы азаяды немесе мүлдем өшіп қалуы мүмкін. Төсекте өзінің мейірі қанбаған әйел еркегіне ләззат сыйлай алмайды. Фригид, яғни, суық әйелге ешқандай еркек қызығушылық танытпайды. Отбасылы болған жағдайда, жүрісі көбейіп, қызықты сырттан іздейтіні ақиқат.

Мәселенің түп-төркіні 

Либидосы төмен, суық әйелдер бала туып, жақсы ана, жақсы келін, жақсы дос болуы мүмкін. Иә, күнделікті өмірде күйеуге осындай келіншек керек шығар. Бірақ, ең бірінші кезекте, еркек оның сексуалдық қиялын қанағаттандыратын, «шаршағанын басатын», сексуалды өте белсенді, барлық жан-тәнімен еркекті қалап тұратын, төсекте өзін еркін ұстайтын әйелді аңсайды.

Маған мәселесін айтып келетін әйелдердің жіберетін қателігі де осында. Күнделікті өмірдегі инабатты келін, тәрбиелі қыз рөлінің төсек қатынасына мүлде жарамайтынын түсінбейді. Біздің қоғамдағы әйелдерінің көбінің секс жайлы білімі өте төмен. Ләззат алу, оргазм дегенді көбіне «өтірік ыңырсып» жату деп түсінеді.

Ұл ер жетіп, қыз бойжеткенде жыныстық қатынастың отбасылық өмірдегі маңызын түсіндіруі ауадай қажет. Ұлы Даланың тәрбие институтында бұл міндетті бұрын жеңгелер атқарды. Дәстүр жібі үзілді ме, әлде заман ағымы өзгерді ме, қазір мұны ата-ананың тікелей өзі немесе арнайы мамандар айналысқаны құба-құп.