Жан әлеміӨкініш

Қалыңдықтың мұңы: Тойдың шырқы неге бұзылды?

Осыдан үш күн бұрын әлемдегі ең бақытты жандардың қатарына еніп, бақыттың дәмін сезіп жүрген едім. Бүгінгі күнім міне, аспаным айналып жерге түскендей...

Руслан екеуіміз ағымдағы жылдың басында метрода таныстық. Ол бір өте қызық күн болды. Ұнатып қалғанын бірден айтты. Ал, ол кезде маған Руслан мүлдем ұнамайтын. Уақыт өте келе бәрін өз қолымен жасады. Құдайдың құтты күні маған деген сезімін білдіріп, төрт ай бойы менің сүйікті гүлім ақ раушан гүлін сыйлап келді. Таңертеңгі гүл сыйлау, табиғат аясындағы серуендер мен әсерлі кештерге ұласты. Мейрамханаларға шақырып, көктем басталғалы бері екі рет тауға шығып келдік. Қысқасы, Руслан менің тамырымды дөп баса біледі, мүмкін, тәжірибесі көп шығар деп ойлаймын. Күндер өте келе мен де оны ұнатып қалдым, ал ол мені шынымен сүйді. Сезімін білдіруі де қызық өтті. Қобалжығаны соншалық, таспаға  түсіріп, оны маған орталық баннерден көрсетті. Осындай әрекеттерінен соң сезімінің шынайы екеніне көзім жете бастады. Екеуміз бір-бірімізге қатты бауыр басып қалдық, оның несін жасырайын?! Махаббат деген осы шығар деп, сезімнен басым айналып, аспанда қалықтап жүрдім. Екеуміз бір-бірімізді сағынып, біраз күн көрмесек өміріміз қиындап, жанымыз қиналып кететін деңгейге жеттік. Егер біреуі сүйсе, ол махаббат екеуіне де жетеді деп жататын еді, сол мен Русланның махабатына ортақтасқан сияқтымын. Маған деген әрбір жасаған игі әрекетін бағалап, шексіз ризалымығымды білдіріп отырдым.

Тура сәуір айының 15-ші жұлдызы. Біздің ғашықтар мерекесі. Бірақ, мен ұмытып кетіппін. Руслан болса «жұмыстан соң алып кетемін» деп қоңырау шалды. Ол жұмыстан ерте шыққанда мені әрдайым үйіме жеткізіп салатын. Бұл жолы да жүздесіп, президенттік саябақтан бір-ақ шықтық. Субұрқақтардың қақ ортасына келгенде сол маңда оркестр бесінші симфонияны ойнап тұрды. Тіпті, аспаннан тікұшақ түсіп, тура менің үстімнен 1001 ақ раушан гүлін түсірді. Оның барлығы Русланның үйлену туралы ұсыныс жасау үшін істелген шара екен… Сүйіктім тізерлеп отырып, қалтасынан сақина алып, маған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. Езуім екі жақта, мұндай ұсыныс жайлы үш ұйықтасам да ойлап көрмеппін. Бақыттан басым айналып тұрып «Иә» деп жауап қаттым…

Тойға қызу дайындық басталып кетті. Мамыр айына жоспарладық. Мен өзім аса байлыққа қызықпаймын, орта отбасынан шыққанмын. Бірақ, Русланның отбасы бай-қуатты тұратын. Бірден қымбат деген мейрамханаға тапсырыс бердік. Той көйлегінен де ештеңесін аямаған сүйіктім Дубайдан тапсырыс бергізді. 1000 адамға шақыру билеті жазылып, таратылды. Бірақ…бірақ тойға 3 күндей қалғанда Руслан жұмыстан кейін менің үйіме келді. Түрі біртүрлі, энергиясы тасып жүретін Руслан жоқ. Өзім «не болды» деп бас салдым. Кішкене ішіп алған сияқты. «Мен сені жақсы көретінімді білесің, бірақ мен саған үйлене алмаймын» деді. Басыма біреу су құйып жібергендей болды. Шақырылған қонақтар, менің туыстарым – бәрінен ұят болды, көз алдымнан әрқайсысының бейнесі кезек-кезек өтіп жатыр. Бірден айқайға бастым, «не үшін» деген сұрақтармен төпеледім. Ол әр нәрсені бір сылтау етіп, тырнақтың астынан кір іздеп, болмайтын нәрселерді себеп етті. Бүкіл арманым, бүкіл өмірім күл-талқан болды деп қаным басыма шапты. Үйімнен қуып жібердім. Үйдегі інім жүгіріп келді қасыма. Жылап отырмын, не үшін жылап отырғанымды өзім білмеймін. Ойда-жоқта өміріме еніп, бәрін 360 градусқа өзгертіп, мені ғашық етіп, енді істеп отырғанын қарасаңызшы?! Менің сол кездегі сезімімді түгел жеткізіп бере алмайтын шығармын. Содан бері әлі хабарласпадық, телефонымды сөндіріп тастадым. Русланның әрекетін түсінбеймін. Осының мәнісін түсінгім келеді, көмектесіңіздерші? Оған не болды? Күйеу жігіт не үшін аяқ астынан бас тартып қалуы мүмкін? Мұндай жағдайда мен не істеуім керек?

Кәмила, Алматы қаласы

 

Психолог кеңесі: Қыс соңында көктем бар…

Кәмила, хатыңды бірнеше рет оқып шықтым. Түсінгім келді. Әрине, жанға түскен жара мен азапты тығырықтан шығу қиын, оңай емес.

Сенің хатыңды оқып отырып «өмір сабағынан қашып құтыла алмайсың» деген қағиданы есіме түсірдім. Өткен сабақтарын ой елегінен өткізіп, алдағы өмірден тек жақсылық күтіп, қорытынды жасап отыруың керек. Айналадағы адами құбылыстарды жан-жүрегіңмен ұғына білсең, өмір емтиханынан сүрінбей өтесің. Бұдан шығатын қорытынды  – бастан өткерген жайттан ой түйіп, шешім шығара біл.

Мүмкін, Русланның да ар-ожданы саған үйленуге бас тарттырған «шындығы» бар шығар. «Шындығын» ар таразысына салып көрген болар. Үйленіп алып, өзін де, сені де алдап, өмір бойы азаппен өмір сүргеннен де осы жолды таңдаған шығар?!

Ең дұрысы – Русланмен жеке сөйлесудің мүмкіндігін тауып, ашық әңгімелесу керек. Әрине, болған жағдайлардан кейін оны көргің келмейді. Бірақ, «НЕГЕ?» деген сұрақтың жауабын алғың келсе – ашық сөйлес. Алдын ала өзіңді, қоятын сұрақтарыңды дайында. Сұрақтарың ешқандай эмоциясыз, нақты болғаны абзал. Айта кететін жайт, әңгімені эмоциялық реңкте бастасаң, яғни өткенді қозғап, кінәлаумен, жылап-сықтап, сабырсыздық танытсаңыз – ешқандай нәтижеге жете алмайсың. Салқынқандылықпен, оңаша, ешқандай айыптаусыз, бақыт тілей отырып, өзіңіздің барлық жағдайды қабылдауға дайын екеніңді, бар болғаны шындықты білгің келетінін айтып жеткіз. Русланның жан дүниесінің иірімдеріне түсіп, тереңінде жатқан шындықты ашуға ұмтыл. Өзіңнің парасатты, ақылды, күшті екеніңді көрсет. Ешнәрсеге өкінбе! Өкінбеуің үшін бар мүмкіндікті жасау керек. Әлсіз жан «өмірде жолым болмады» деп қарап отырады. Ал, күшті адам атқарған ісінің нәтижесіне сенеді.

Өмір ешқашан бірқалыпты тұрмайды. Адамның күткені болмай қалса, азапқа түседі. Ондайда әлсіз адамдар өмірге, өзгелерге өкпелейді. Саналы, парасатты жан себебін іздеп, табуға тырысады. Сондықтан, бұл жағдайдың себебін білгің келіп хат жолдап, тығырықтан шығудың жолын іздеуіңіздің өзі сенің парасаттылығыңды байқатады.

Өміріңдегі жарқын, шуақты, қуанышты, жағымды сәттерге көбірек көңіл бөл. Алға ұмтылып, жақсылықтан күдер үзбе! Себебі, қыс соңынан көктем келеді емес пе?…

Саған деген құрметпен, Жұпаргүл Бейсенова