СұқбатСыр-сұқбат

Кәмшат ЖОЛДЫБАЕВА, әнші: Жүректерде жүк болмаса екен…

2015 жыл оның шығармашылығы үшін табысты болды. Жүлделер, жаңа ән мен бейнебаяндар. Ал, жаздың соңғы айында продюссері Баянның қарамағынан кетті. Қазір шығармашылығы қалай жүзуде? Кәмшатпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Уақыт дегенін жасайды. Тек оның қадірін біліп, дер кезінде қимылдап қалу керек. Сол сияқты, «Барлығы өз уақытымен болады», - дейді біздің кейіпкер.

С: Үнді мәдениетіне қызығушылығыңыз жоғары секілді, шығармашылығыңыздан байқадық.

К.Ж.: Үнділіктер деп айтпаймын, үнді мәдениеті мені қызықтырады. Оған қызығушылығым ерте оянған. Анам – биші. Әр түрлі ұлттың ұлттық биін сахналайды. Кезек үнді биіне келгенде үйге үнді әндерінің кассеталарын алып келді. Мен ыңылдап қосылып жүремін. Мұны байқаған анам дауысымның жақсы келетінін айтты. Одан кейін сенімділігім пайда болып, қызығушылығым артты. Осы күнге дейін өзгерген жоқ. Тыңдайтын әр түрлі музыкаларымның ішінде міндетті түрде үнді әндері болады. Әркімнің өз махаббаты, басқа бір қырлары бар. Менің тағы бір қырым осы шығар деп ойлаймын.

С: Үнділіктердің телехикаялары қазір елде сынға алынып жатқандығынан хабардарсыз. Сіздің бейнебаяныңызға да теріс пікірлер айтылды. Қалай қабылдадыңыз, не айтасыз?

К.Ж.: «Үндінің хикаялары бітіп, осы сенің бейнебаяның жетіспей тұр еді» деген мағынадағы пікірлер болды. Менде «қазір елімізде үнді мәдениетінің дәурені жүріп тұр, сол арқылы елдің назарын өзіме аударайын» деген ниет болған жоқ. Бұл, шыныменен, менің бала күнгі арманым. Ол дәл осы пікірлер айқасы болып жатқан сәтке тұспа-тұс келіп қалды. Сынды айтатын, айтқан сынын тыңдауға тұрарлық адамдар болады. Мен сол кісілерді тыңдаймын, кеңесіне жүгінемін. Ең шынайы халық – балалар. Интернет арқылы жасқа толмаған балалардан бастап, 6-7 жас шамасындағы бүлдіршіндердің «Сүйіктімге» билеген видеолары келеді. Бірін жарияласам, бірін жарияламаймын. Өзім үшін біліп жүремін.

С: Балалық шағыңызда кімге жақын болдыңыз?

К.Ж.: Әкем – еркіндікті сүйетін кісі. Табиғатта демалғанды, балық аулағанды жаны қалайды. Үйде отырмайды, мінезі жұмсақ. Менің мінезім әкеме тартқан. Сахнаға шығуға, сабақты үздік оқуға, жалпы жүріс-тұрысымызды анам қадағалайтын. Қажет болса ұрып та, ұрсып та алатын. Дегенмен, інім екеуіміз анамызға жақынбыз. Сіңілімнің бүйрегі әкемізге бұрып тұрады.

С: Ағылшын тілі маманысыз. Алматыға келмей, әнші болмағаныңызда сіздің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі немесе аудармашы болуыңыз мүмкін бе еді?

К.Ж.: Өзім, анам және басқа да жақындарым бар ақылдасып, менің ағылшын тілі мамандығын игеруімді дұрыс деп шештік. Өмір болған соң кез келген жағдайға дайын болуым керек. Мен 11 сыныпқа дейін оқығым келген жоқ. Сондықтан, өнердің ешқайда кетпейтінін ескеріп, 9 сыныптан кейін Ақтау қаласында колледжге түстім. Бітірген соң, бәрібір Алматыға келдім. «Мәдени-тынығу жұмыстарының ұйымдастырушысы» болып Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне түстім. Вокал мен биді оқымасам да, өнердің бір саласында жүремін деп ойладым. «Shine Stars production»-ге келгеннен кейін, Баян Мақсатқызының айтуымен Қазақ ұлттық өнер академиясының эстрадалық вокал факультетіне түсіп, бітіріп шықтым.

С: Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, не нәрсеге уақыт таппайсыз?

К.Ж.: Көбінесе өз жүрегімнің үнін тыңдауға уақыт бөле бермеймін. Бұл – қателік. Біз адамдар анағанда, мынағанда жүгіріп жүреміз. Барлығына үлгеру керекпін, қалыспауым қажет деп жүріп, өз өзімізді ұмытып кетіп жатамыз. Қойған мақсатымызға жетіп, жеткеннен кейін «жеттім, жеңістің дәмін көрдім, дәмі ұнамайды. Не болды, не өзгерді? Мен ойлаған нәрсе басқа еді ғой» деп ойланып, өкініп жатамыз. Сондықтан, әр адам өзіне бөлетін уақыт болуы керек деп ойлаймын.

С: Бұл қателіктің орнын кейін ойсыратып алып жүрмейсіз бе?

К.Ж.: Мен қазір осыны түсініп жүрмін ғой. Әр ісімді саналы түрде жүзеге асыруға тырысамын.

С: Әрбір адам кешегісін таразыға салады. Сізге өткен күнге телефон шалу мүмкіндігі туды делік. Кімге қоңырау соғасыз, не айтасыз, не сұрайсыз?

К.Ж.: ...Бұл жағдай менің басымнан өтті. Өнерімізде орны ойсырап қалған Батырхан Шөкеновке қоңырау соғар едім. Ол кісімен үлкен сахналарда жиі кездесіп жүрдік. Өмірінің соңғы күндері екенін ешкім білмеді ғой. Бірде өзі әдеттегідей барлығымен емен-жарқын сөйлесіп, суретке түсіп, көңілді жүрді. Жанына барып суретке түскенде: «Сен мені «Один в один» бағдарламасында көрдің бе?», – деді. Көрмегенімді айттым. «Міндетті түрді көр. Менде екі әйелдің образы бар, жақсы шыққан сияқты», – деген болатын. 2-3 күн өткен соң көрдім. Ұнағаны сонша, ол кісінің актерлік қырына таң қалдым. Батыр ағаға пікірімді жазып жіберейінші, не телефон соғып айтайыншы дедім. Жазғым келді, телефонды қолыма алып, «жарайды, кейін жазармын» деп қоя салдым. Келесі күні де солай болды. Тағы бір жүздесерміз, айтармын дедім. Сол кезде өз пікірімді айтуым керек еді, оны оқып марқайтып қалар ма еді деп ойлаумен болдым…

С: Сіз үшін мінсіз әйел, мінсіз ер адам деген қандай?

К.Ж.: Мінсіз адам жоқ. Кемшіліксіз көрінгісі келу – шынайылыққа, табиғатқа қарсы шығу. Ол жасанды болар еді. Кемшіліктің арқасында өсеміз, жетілеміз, тұлға болып қалыптасамыз.

С: Сіздің мініңіз неде?

К.Ж.: Менің мінім… Менің еркіндік сүйгіштігім жанымдағы көп адамдарға кедергісін тигізіп жатады. Өзге, сырттың адамына өзімнің жақсы лебізімді білдіріп, мейірімділік танытамын. Ал, осы жылылықты, махаббатты өз бауырларыма жеткізе алмаймын. Кейін де үлгеремін, қайда кетеді деп ойлап жатамын. Салқындық танытамын. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ». Өз-өзіме кейде осы үшін қарным ашады.

С.: Сізді әдемі сөзбен мақтап жатыр, енді бірі ағынан жарылып кешірім сұрауда, үшіншісі сүйектен өткізіп сынайды. Қайсысына жүрегіңіз шыдамайды?

К.Ж.: Жақсы сөз айтқан сайын адам бойына жақсылықты сіңіреді. Кей адамдарды сын шыңдайды. Ерегісіп күшейе түседі. Мен ондай емеспін. Менің жаным мақтағанды сүйеді. Кешірім сұрау әркімнің қолынан келмейді. Мақтауды да, сынды да бәрі айта алады. Бұл жерде кешірімнің орны бөлек. Адам өзін іштей сындырып, өз көкірегінен аттап, қателігін түсінуі – жүректі шымырлатпай қоймайды. Кешірімге алғаш қадам жасаймын. Менен сұрай келген адамды, сұрамаса да кешіремін. Кек, реніш – ауыр жүк. Жүректегі жүкпен өмір сүру де қиын.

С.: Ән мен биден басқа қандай қырыңыз бар?

К.Ж.: Тележүргізушілікпен айналысып жүрмін. Өнер – үлкен әлем. Ән мен биді, киноны, жалпы, барлық өнерді сүйемін.

С.: Өнерге ынтық болуыңызға отбасыңыздың ықпалы зор сияқты…

К.Ж.: «Жолдыбаевтар әулеті» деген отбасылық ансамбльмен талай рет гостролдік сапарға шыққанбыз. Әкем, оның аға-інілері, бауырларым, анам барлығымыз сахнаны жандырып жіберетінбіз десем, артық емес.

С.: Өзіңіздің болашақ отбасыңызды да осылай елестетесіз бе?

К.Ж.: Болашақ балаларымның кәсіп таңдауына ешқандай шектеу қойғым келмейді. Кәсіп таңдау – әркімнің өз еркі. Маған да ата-анам еркіндік берді, әр жетістігіме марқайып отырады. Мен де өз ұл-қызымның жеңісіне қуанып отырғанымды елестетемін.

С.: Сіздің сыныптас, группалас қыздарыңыз қазір кем дегенде бірнеше баланың анасы атанып отыр. Сіз оларға қарап ойланбайсыз ба?

К.Ж.: Бәрі өз уақытымен. Мен өзімнің теңім болатын адамды кезіктірмеген болармын. Білгілі бір уақытта тұрмысқа шығамын, мына жаста ана боламын деген нақты жоспарым жоқ. Менің жүрегім әлі жауланбаған. Қазір жүрегімде – өнерім, жұмысым.

С.: Жұмысыңыздан, қауырт тіршіліктен шаршаған кезде қалай демаласыз?

К.Ж.: Үйде сүйікті орныма жайғасып, телефонды өшіріп, жаныма қажеттінің барлығын қойып рахаттанып демаламын. Мәселен, жейтін жеміс-жидек, көретін кино және оқитын кітап.

С.: Бұл қанша күнге созылады?

К.Ж.: Бір не бір жарым күн. Одан кейін өзім қыбырлай бастаймын. Мен – бір орында отырмайтын адаммын. Тауға шығып кетемін, ұзақ уақыттық демалыс болса, туған жеріме, тіпті, шет елге кетіп демалуға қарсы емеспін. Саяхаттан үлкен ләззат аламын. Ел мен жер аралап жүріп, шынайылық пен еркіндікке қол жеткіземін.

С.: Кітап оқып тынығам деп қалдыңыз, қандай шығарма оқып жүрсіз?

К.Ж.: Пинтосевичтің «Живи» деген кітабы. Адамға күш-жігер беретін кітаптарға құмармын. Одан жалықсам, классикалық шығармаларды оқимын.

С.: Шығармашылығыңызда қандай жаңалық болмақ?

К.Ж.: Әнге тапсырыс беріп қойдым. Күнде тезірек шыққанын тілеумен жүрмін. Әлі шықпай жатыр. Не де болса, барлығы тек жақсылыққа.

С.: Жетер жетістігіңіз көп болсын. Әңгімеңізге рахмет.