СұқбатСырласу қонағы

Қанағат МҰСТАФИН: Қажымұқан туралы фильм түсірсем деген мақсатым бар

Ол Қазақ спорт және туризм академиясында жоғары білім алды. Баскетбол талай жыл жанына серік болған. Бірақ кино оны досымен, жұбайымен жолықтырды. Бала күнгі қызығушылық қазір Қанағат Мұстафиннің кәсібіне айналды.

Киноға 10 жасымнан «ғашықпын»

Алматыдағы Орталық спорт кешенінде баскетбол ойнап жүрген кезімізде жарнамалық роликке түсетін бала іздеп, шығармашылық топ келді. Жақсы ойнап, көзге түскенді алатындықтарын айтты. Барымды салып ойнадым. Еңбек еш болмай, кастинг директоры мені де таңдады. Сол кезден бастап киноға деген қызығушылығым артты. Мені таңдаған кісіге апта сайын хабарласып: «Ақша керек емес, өзім үшін түсе беремін. Шақырыңызшы!», – деп төрт жыл бойы қоңырау шала бердім, тыным бермедім. Осылайша, жасым 14-ке келгенде тағы да жарнамалық роликтерге түсе бастадым.

Санаулы күн – сансыз тәжірибе

 2005 жылы Тимур Бекмамбетов келіп кино түсірді. Сол кезде жанындағы көмекшілеріне барып, Қазақстанда қанша күн болса, сонша уақыт жанында жүріп, жұмысын көргім келетіндігін айттым. «Саған не керек, малай болғың келе ме?», – деді. «Иә. Үйренгім келеді», – дедім. Суын тасып жүріп, жұмыс істеуін бақыладым. Осылайша жасым 21-ге келді.

Спортпен шұғылданбайтынымды білдім

 Осыған дейін түсірген фильмдеріме продюсер болып жүрген Айдархан Әділбаев досыммен 2002 жылы жаттығу залында таныстым. Ол да өзім сияқты киноға ынтық жан. 2007 жылы ақша жинап, студия ашуды ойладық. Қытайдан тауар алып келіп, сауда жасайтын таныстарым титанды дөңгелек сатуға кеңес берді. Әке-шеше, туған-туыстан қаржы жиып, Қытайға аттандым. Айдархан ұялы телефон сатты. Саудамыз жүріп, қор жинадық. Осылайша KANAIDAR студиясы дүниеге келді. Кино түсіруден тәжірибеміз жоқ. Бірақ «көз – қорқақ, қол – батыр» деп, ойлаған ісімізді  қолға алдық.

Сөзсіз түсінісетін командам бар

 Қазір бірдей ойлайтын, бір-бірімізді көзбен түсінетін тобым бар. Оған жету үшін жылдар мен сол уақытта жинаған тәжірибе керек. Әртүрлі алаңда жұмыс істей жүріп, өз саласындағы білгірлерді, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын қызметкерлерді сұрыптадым. Бір фильмді түсірейік десе, екі сағатта жұдырықтай жұмыла қалатын сапалы командам бар.

Түсіру алаңында тым талапшылмын

Өз жұмысына тиянақсыз қарайтын, жауапкершілікті сезінбейтіндерді кешірмеймін. Менімен жұмыс істейтіндер мұны біледі. Осыған дейін талай алаңда жұмыс істедім. Кадрдағысы бар, кадрдың сыртындағысы бар ішімдік ішіп алып жұмыс істейді. Содан «16 қызды» түсіру кезінде «жазылмаған заң» орнаттық. «56 күн бойы «16 қызды» түсіреміз. Егер осы аралықта біреу сыра не қандай да бір ішімдік ішсе, ескертусіз жұмыстан қуылады», – деп келістік. Тәртіпке бағынбағандар бірден алғашқы пойызбен кері қайтарылды. Айтқанға көнбегеннің барлығы «қара тізіміме» ілігеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете отырып жұмыс істеймін. Бір сөзбен қатал да әділ режиссермін.

Қажымұқан өмірі – нағыз көркем фильм  

Қажымұқан туралы фильм түсірсем деген үлкен мақсатым бар. Бір рет фильмнің түсіріліміне демеуші табылып, қаржысын салғалы тұрғанда барлығы керісінше болып кеткен. Атын атамай-ақ қояйын, қаржы бермекші болған «үлкен кісі» келісімшартқа қол қояр кезде Қажымұқанның руының қыпшақ екенін біліп, барлығынан бас тартқан. Оның қазақ мақтанар еңбегін сөзбен айтып, тізіп шығу мүмкін емес. Осындай жағдайлар жүйкені жұқартады. Бірақ ол жобаға әлі асығыс емеспін. Жүзеге асатынына сенімдімін.

Жұбайым өзімнің ассистентім болған

 Жұбайым Гүліммен  «Қара шаңырақ» фильмін түсіру кезінде таныстым. Алғашында жұмысына үлкен баға бердім. Кейін қыз ретінде қарай бастадым. Негізі, осыған дейін жұмыс барысында нәзік жандылармен тек жұмыс туралы сөйлесетінмін. Кешке қарай жеке кездесіп шәй ішу деген жоқ. Ұсынғандарға да бармаймын.  Бірақ Гүліммен қарым-қатынасымда ерекшелік болды.