ДенсаулықСаулық үшін

Қантсыз 21 күн: Тәттіге «жоқ» деңіз!

Адамдар тазартылған қантты күнделікті шайға, кофеге қосып ішеді. Сондай-ақ, тәттілерді, джемдерді және консервілерді ерекше жақсы көреді. Тіпті, күніне өзі байқамастан 250-500 граммға дейін қантты тұтынады. Алайда ол өмірімізге айтарлықтай пайда әкеледі десек, өтірік айтқанымыз болар.

Ағзада қанттың көп мөлшерде болуы ұйқысыздық, шаршаңқылық сезімін тудырып, денсаулығымызға кері әсерін тигізеді. Осы орайда біз қанттан 21 күнге бас тартып, оның ағзамызға қалай әсер ететінін анықтап көруді жөн көрдік.

Тамақтану режимінде қанттың шамадан тыс болуы неге әкеп соғады?

Тағамға қант қосқанда жалпы калория мөлшері артады, ал тағамның қоректік құндылығы өзгермейді, яғни ақуыз, май қышқылдары, дәрумендер мен микроэлементтердің мөлшері өзгеріссіз қалады. Қарапайым көмірсулардың шамадан тыс мөлшері В дәрумендерінің жетіспеушілігіне әкеп соғады.

Қант диабеті

Тәтті тағамдар қандағы глюкоза деңгейін жоғарылатады, бұл өз кезегінде инсулиннің бөлінуіне әкеледі. Болашақта бұл қант деңгейінің кенет төмендеуіне әсер етеді. Мұндай жағдайда адам тоқтықты сезінбейді, сол себепті қайтадан тәтті жегісі келіп тұрады. Инсулинді өндіруге жауап беретін ұйқы безінің жасушалары таусылып, қант диабеті туындайды.

Артық салмақ

Тәттіні көп мөлшерде тұтыну – қандағы триглицеридтердің (майлардың) көбеюіне әкеп соғады. Триглицерид деңгейінің жоғарылауы атеросклероз, жүрек ауруы және семіздікті тудырады.

Атеросклероз

Қандағы глюкозаның және триглицириннің жоғарылауы атеросклероздың негізгі факторларының бірі болып табылады. Ал ол тамырлардың ішкі қабатын бұзады.

Созылмалы шаршаңқылық сезімі

Қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауы мен төмендеуіне байланысты гипогликемия дамиды. Оның салдарынан қан қысымы төмендейді, жүрек соғу жылдамдығы артады, аштық, мазасыздық, ашушаңдық сезімі пайда болады, денсаулық жағдайы нашарлайды. Адам қайтадан қантты тұтына бастайды. Мұндай жағдайда ағза демалса да қайта қалпына келе алмайды. Уақыт өте келе шаршаңқылық сезімі созылмалы түрге айналады.

Қанттан бас тартқан кезде ағзада қандай өзгерістер болады?

Ең әуелі, бір күн құрамында мүлде қанты жоқ өнімді ғана тұтыныңыз. Ертесі ағзаңыз тәттіні қалап, біраз ауырсынуды сезінуіңіз мүмкін. Ондай жағдайда жеміс-жидектер жеуге кеңес беріледі. Олар қанттың көрсеткішін қалыпқа келтіріп, тәттіні алмастыра алады. Десе де, алдағы бір апта ауырлық сезімін сезініп жүруіңіз бек мүмкін.

Тәттіге деген құштарлығыңыз артып, ашушаң бола бастайсыз. Бұл жағайда өз-өзіңізге берік болғаныңыз маңызды. Тамақтану үрдісіңізден тәттіні толығымен алып тастағанда ұйқыңыздың қалыпқа келіп, күндіз белсенді бола бастағаныңызды байқайсыз.

Екінші аптада тәттіні сол күйі қалап тұрасыз, дегенмен сырт келбетіңізде айтарлықтай өзгерістер пайда болады. Мәселен, егер бұған дейін бетіңізде безеу болса, олардың бірнеше есеге азайғанын көресіз. Теріңіздің түсі өзгеріп, тістеріңіз жақсара түседі. Есте сақтау қабілетіңіз дамиды.

Үшінші аптада ағза жаңа тамақтану үрдісіне бейімделіп, бұрынғыдай тәттіні талап етпейді. Оған жеміс-жидек түріндегі құрамында қанты бар табиғи өнімдердің өзі жеткілікті болады.