Екеудің құпиясыЖан әлемі

Карантин отбасымды ойрандады

Осыдан төрт жыл бұрын Қостанайдың Айдар есімді жігітімен таныстым. Өзім оңтүстік шаһардың тумасымын. Бала күнімнен білімнің ізін қуып, жігіттерге аса назар аударуға уақытым да болған жоқ. Ал студенттік шағымда ең алғаш Айдарды кезіктірдім. О баста сымбаты мен жарқын болашаққа деген сенімі бар жігіт мені бірден еліктіріп әкетті. Махаббат деген осы екен деп таныстығымыздың жетінші айында ойланбастан оған тұрмысқа шықтым.

Ал бір жылдан кейін тұңғышымды дүниеге әкелдім. Осы күнге дейін отбасымыз біреуден кем біреуден ілгері өмір сүрді. Әр үйдегідей біздің де шаңырақта ыдыс сылдырлап тұрды. Алайда осы жылы қатты күйзелісті сезіндім…

Күйеуім екеуіміз студенттік шағымызда ата-ана атанғандықтан мен оқудан шығып, баламен үйде отыруға мәжбүр болдым, ал Айдар күнделікті нанымызды табамын деп әуелі шәкіртақысынан қағылып, кейін үлгерімінің нашарлауынан оқудан да шыға жаздады. Содан академиялық демалыс алып, жалдамалы жұмысшы болып жұмысқа тұрды.

Ол жұмысында сол күйі қалып қойды, қызметтік сатымен көтеріліп, басшылығына сыйлы адамдардың бірі атанды. Айдардың өзіне деген сенімділігі оны алысқа жетелейтінін мен әрдайым білгенмін. Содан айтып не керек, күйеуім жұмыста мәртебесі өсіп, үйге тұрмайтынды шығарды. О баста үй шаруасының қамымен жүріп, оның жұмыста не істеп жүргенін де білмедім, тіпті қызықпадым.

Солай күндер өте берді. Еліміздегі соңғы жағдайлар Айдардың да жұмысына әсер етті. Үш ай бойы күйеуім үйде отбасымен бірге уақыт өткізуге «мәжбүр болды». Иә, жолдасымның табысы жақсы болғандықтан, жинаған қаражатымыз бар еді. Сол үшін осы карантин кезінде жоқшылықты да сезбедік. Алайда отбасымызда, Айдар екеуіміздің ара-қатынасымызда тоқырау басталды.

Жолдасым үйде отырған кезде телефоны қолынан бір елі түспеді. Тіпті, мен қолыма ала қойсам, ренжіп, «маған сенбейсің» деп өкпе-назын төгіп, соңында өзімді кінәлі етіп шығарды. Десе де, бір күні ұялы телефонының құпия сөзін көріп қойып, ол ұйықтап жатқанда ішін ашып көруді ұйғардым. Сөйтсем, мен Құдайдай сеніп жүрген жан-жарым осы күнге дейін бір емес, бірнеше әйелмен сөйлесіп келіпті, тіпті, кездесуге  де сөз байласыпты.

Хаттарын оқып, ішім алай-дүлей болды. Балаларына жұмсамаған уақытты күйеуім басқа әйелдермен шүйіркелесуге жұмсап жүріпті. Оны сол бір-ақ сәтте жек көріп кеттім. Сезімімді ішімде бүге алмай, бірден шу шығардым. Не істерімді білмегеннен киімдерімді жинай бастадым. Ал күйеуім тіпті, мені тоқтатуға тырыспады. Намысым жібермей, баламды алып, үйден кетіп қалдым. Баратын жерім жоқ, пәтер жалдауға тура келді. Бірнеше күннен кейін Айдар келіп, кешірім сұрап, үйге алып кетті. Бірақ маған деген қарым-қатынасы бұрынғыдай емес. Тіпті, суып кеткендей. Не істерімді білмей қалдым. Күйеуімнің опасыздығын қалай кешіремін? Оған деген өкпем қара қазандай.