СұқбатСыр-сұқбат

Карина Сарсенова: Әйел жан рақаты үшін жұмыс істеуі қажет

Карина Сарсенова - психолог, ақын, продюссер, «KS Production» продюссерлік орталығының негізін қалаушы, әрі жазушы. Жеке қорында 35-ке жуық кітаптары бар меценат бүгінде қайырымдылық шараларына етене араласып, Қазақстанның мәдениетін дамытуға зор үлесін қосып жүр. Әлеуетке әлі жеткенінше үлес қосып жүрген Карина Сарсенова тек іскер әйел емес, оған қоса аяулы жар. Барлық саланы ұштастыра алып жүрген нәзік жанмен жеке әңгімелесудің сәті түскен еді.

С: Карина ханым, Сізді әлеует іскер әрі шығармашылық адам ретінде таниды. Ал, біздің білуімізше сіз итальян азаматының сүйікті жарысыз. Күйеуіңіз Маркомен екі ай жүріп, тұрмыс құрғанда жүрексінбедіңіз бе?

КС: Екі ай кездесіп, отбасын құрғаным рас. Бірақ, біз бір-бірімізді оның алдында төрт жылдан бері сырттай танитынбыз. Ол кезде Марконың жұбайы, ал менің күйеуім болды. Бұрынғы күйеуім өте білімді дәрігер еді. Мен шығармашылық бағытта шыңдала бастағанда оның тарапынан көңіл толмаушылықты байқадым. Оның үстіне бірінші некесінен балалары болғандықтан, қайта балалы болғысы келген жоқ. Екеуіміздің жолымыз сол себепті екіге айырылды. Бұл маған өте ауыр тиді. 10 айдай күйзеліске түсіп, «Благословение на жизнь» кітабын жаздым.

Ал, мені де сырттай танитын Марко өмірімнің қиын сәтінде таныстарым арқылы менің нөмірімді сұрап, кездесуге ұмтылатын. Менің қойылымдарыма, кітаптарымның тұсаукесеріне жиі келетін. Кейін оның да әйелімен ажырасып кеткенін білдім. Бір қызығы, екеуіміз бір күнде ажырасыппыз. Екі ай бір-бірімізді өте жақын таныдық. Сол кезде-ақ оның мені және әрбір бастамамды қолдайтынын сездім. Себебі, ол да өнердің адамы. Қазіргі таңда «Шахар» телерадиокомпаниясын басқарып келеді. Біз бір-бірімізді қолдап, үнемі қолпаштап жүреміз.


С: Әйелдің отбасындағы рөлі туралы не айтар едіңіз?

КС: Әйел адам табыс табу үшін емес, жан рақаты үшін жұмыс істеуі қажет. Өкінішке қарай, қазіргі заманда әйел адамның мойнына үлкен жүк түседі. Жауапсыз еркектер әйелдерін тастап, қиындықта қалдыруда. Әрине, әйел бала-шағасын аш-жалаңаш қалдырмас үшін міндетті түрде жұмыс істеуге мәжбүр. Осыдан кейін қоғам нәзікжандыны еркек мінезді әйелге айналдыра бастайды. Оған қоса, әйелі табыс тауып, күйеуі оның қолына қарап отырған отбасылар да бар. Әрине, өзінің қолына қарап отырған еркекті әйелі сыйламай, желкелеп ұстайды. Бағымызға орай күйеуім екеуіміз отбасында өз орнымызды білеміз. Екеуіміз өз шекарамыздан аспаймыз. Сол секілді жұмыстағы әріптестеріммен де сондай қарым-қатынастамыз.

 

С: Өзіңіз негізін қалаған «KS Production» туралы айтып беріңізші? Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?

КС: «KS Production» түрлі жанрдағы әртістермен жұмыс жасайды. Біз елімізде әртістердің дамуына үлес қосып, оларды қаржыландырып, қайтарымын талап етпейтін Қазақстандағы жалғыз продакшнбыз. Опералық әншілерге әуен жазып, клип түсіріп береміз. Оған қоса, 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан еліміздегі алғашқы және жалғыз ресми мюзикл театрымыз бар. Бұрынырақта аталмыш театр «Карина Сарсенованың тәжірибелік театры» деп аталса, бүгінде ол «Триумff» атауымен белгілі. Мен театрға арнап пьессалар жазамын, ал Ғалымжан Берекешов театрымыздың композиторы және өнер мектебіміздің директоры қызметін атқарады. Шақырылған актерлер мен театрымыздың әртістері үшін хореографияны өз ісінің шебері Галина Воржева қояды.


С: Өнер мектебі деп айтып қалдыңыз. Сол жайлы толығырақ айтып берсеңіз…

КС: Бұл өнер мектебінде 3-4 жыл білім алған оқушылар ресейлік Уфсин колледжі жанындағы орта кәсіби деңгейді игереді. Каспий университетіне қарасты қысқа мерзімді курстарымыз да бар. Курстың ішіне актерлік шеберлік, вокал, хореография сабақтары кіреді. Болашақта өнер сабақтарын беру де жоспарда бар. Өнердің шыңын бағындырған мэтр Андрей Нода оқушыларға шеберлік курсын өткізуді ұсынды. Осындай майталмандардың бізбен жұмыс істегісі келетіні – біз үшін мақтаныш. Мектебімізге 5 жасар баламен қатар қарияларды да қабылдаймыз. Оған қоса оқудың бағасы да қалта көтерерлік. Басты мақсатымыз – еліміздің мәдениетін көтеру, халыққа білім беру, өмірін қызықты ету.

 Еуразиялық форум өмірге қалай келді?

КС: Отбасымда барлығы ғылыммен айналысқан. Мәселен, әкем – филология ғылымының, ал анам – биология ғылымының кондидаты. Әжем де атам да ғылым саласында жүрген. Атам Қазақ ұлттық университетінде халықаралық қатынастар факультетін ашқан. Мен де отбасымның жолын қуып, ғылымнан алысқа кетпедім.

Өткен жылы Каспий университеті жанында «Заманауи Еуразия – өнер ғылыми синтезі» атты бірінші Еуразиялық форум құруды жөн көрдік. Каспий университетінің ректоры Жолдасбек Мүсілімұлы «ғылым мен өнерді қалай ұштастырмақпыз» деп абдырап қалған болатын. Мен «ол өте оңай» деп жауап бердім. Көп ұзамай оқылымды екі аудиторияда өткіземіз деп келістік. Форумның басты міндеті – әлем мәдениетін жаңғыртуға қабілетті жас ғалымдар мен өнер қайраткерлерінің жаңа толқынының пайда болуына ықпал ету еді. Аталмыш форумға түрлі өнер қайраткерлері қатысты. Өнер бағытының модераторы Венера Нигматулина болса, ғылым модераторы Даниленко Валерий Николаевич болды.

С: «Жол сақшылары» атты кітабыңыздың желісімен фильм түсіргеніңізді білеміз. Экранға қашан шықпақ?

КС: «Жол сақшылары» фильмінің түсірілімі 2013 жылы басталып, екі жарым айдай уақытта түсірілді. Түсірілімнің бірнеше күні Львов пен Харьков қалаларында өтті. Фильмнің осы уақытқа дейін жарық көрмеуінің басты себебі – қосалқы мердігер үлкен мөлшерде бізден қаражат ұрлаған. Мен актерлерге деп тағайындаған ақшаны қалтасына басып, жұртты алдап, мені алалаған болып шықты. Кейіннен ол адаммен соттасып, ұзақ уақыт жоғалттық. Екіншіден, фильмнің 70 пайызы – графикадан тұрады. Бұл мәселені Украинадағы ең үлкен екі компанияға жүктеуді жөн деп санадық. Оған қоса дыбыспен айтарлықтай жұмыс істеу керек болды. Өкінішке қарай, Қазақстанда дыбыспен, графикамен жұмыс істейтін мамандар жоқ. Сол себепті түсірілім уақыты созылып кетті. Фильмде Светлана Ходченкова, Марко Ауджелло, Аугусто Мигутчи және Меруерт Мусірәлі, Фархад Махмудов, Равшана Куркова мен Мария Семкина ойнап шықты. Мен актердің түріне қарап оның қай рөл үшін жаралғанын сеземін, сондықтан актерлерді өзім таңдадым. Фильм қазір толықтай түсіріліп бітті. 2 сағат 5 минутқа созылған фильм көп ұзамай жарық көретін болады.