Бет күтіміСұлулық

Қарт көрінгіңіз келмесе…

Екі танауыңыздан төмен, ерінге қарай созылған қатпарларды байқасаңыз, қалай құтыламын деп дүрбелең туғызбаңыз. Шешілмейтін түйін жоқ, оның да өз жолы бар.

660Қаралымдар

Қауіп қайдан?

Уақыт озған сайын мұрынның төмен жағындағы әжімдер жүзіңізді айғыздап, өз ізін қалдырады. Бұл – табиғи құбылыс. Мұрын мен ерін арасындағы әжімдердің басты себепкері – ым-ишаралар. Олар арық қыздарда қатты білінеді. Өйткені жіптіктей бойжеткендердің тері астындағы май қабаты жұқа. Сонымен қоса, кенет бір айдың ішінде 5 келіден көп салмақ тастасаңыз да қыртыстар айқындала бастайды. Бетті салбырататын ақырғы себеп – түнде су ішу.

Алдын-алу

Ең тиімді амал – Асахи массажы. Массаж былай жасалады: саусақтарыңызды иектің дәл ортасына қойыңыз. Осылайша басып тұрып, бірте-бірте езуіңізге қарай жылжытыңыз. Теріңіз жоғары қарай көтеріліп бара жатқандай сезінесіз. Бұл – қалыпты жағдай. Осы әрекетті жасай отырып,  2-3 секунд қатпарларды не оның пайда болатын орнын уқалайсыз.

Мұнымен бітпейді. Тағы нәтижесі бар бодифлекс тәсілін ұсынамыз. Арнайы тыныс алу арқылы жасалатын жаттығулар кешенінің әсері тез байқалады.

  • Жымиыңыз. Сосын ерніңізге сұқсаусағыңызды тақаңыз. Ренжіген кейіп танытқандай езуіңізді төмен түсіріңіз. 50 рет қайталау қажет.
  • Ауызды ауаға толтырып, оны баяу шығарыңыз.
  • 50 рет «үйрек» ерін жасап, қайтадан босатыңыз.
  • Мұрын мен ерін арасындағы қатпарды 10 секунт саусақ ұшымен қатты басып, босатыңыз. 25 рет жасау керек.

Емдеу

Мұрын-ерін әжімін кетіретін бетмай, сарысу немесе қандай да бір косметикалық құрал бар дегенді естісеңіз – сенбеңіз. Ондай зат жоқ. Іздеп әуреленбеген дұрыс. Қатпардан құтылудың бірден-бір жолы бар. Ол – теріге дәрі егу. Терең әжімнен арылудың ең қарапайым, барынша әсерлі де шынайы түрі. Қолайлысы – қауіпі төмен. Тек бетте кішкене ісік пайда болады. Дегенмен, бір еккізген жан – оған бағынышты. Сұлулықты 9-12 ай сақтап тұрады. Кейде жарты жыл болуы да ғажап емес.

Қазір гиалурин қышқылы негізінде жасалған дәрі-дәрмектер егу кең тараған. Оны рұқсат қағазы бар пластикалық оташы ғана жүзеге асырады. Нәтижесі әп-сәтте білінеді. 3 айдан бір жылға дейін жүзіңізге әр беріп тұрады. Өзгелер сияқты өзіне бағынышты етпейді. Ең бастысы, дәрігердің дипломының, сертификатының барына көз жеткізіңіз. Тәжірибесіне назар аударыңыз. Сонымен қатар, дәрі-дәрмектер мен құрал-сайманның таза екенін қадағалаңыз.