некедегі қаржылық қысым
ОтбасыОтбасы бюджеті

Некедегі қаржылық қысым

Әдетте отбасындағы физикалық және психологиялық қысым туралы көп айтылады. Бірақ қаржылық зорлық-зомбылықты сирек айтамыз. Әйелдер көбіне жолдасының әр тиын-тебенді санап, жұмсалған ақша үшін оларды жазғыратынын, сондай-ақ отбасындағы қаржыны ер азаматы ғана басқаратындығын жасырады да, артынан некедегі қаржылық қысым салдарынан өздері опық жеп қалады.

Бүгінгі мақалада экономикалық тиранның тұзағына түскеніңізді білумен қатар мұндай сәтте не істеу қажеттігін де түсіндіреміз. Сондай-ақ, ресейлік психолог Павел Раковтың “некедегі қаржылық қысым” тақарыбындағы кеңестерін назарларыңызға ұсынамыз.

Некедегі қаржылық қысым: ақиқат әлде қиял

Кез келген зорлық-зомбылық адам еркіне қайшы келетін дүние екені айдан анық. Егер әуелден жолдасыңыздың бюджетті басқаруына қарсылық танытпаған болсаңыз, онда бұл ешқандай да зорлық-зомбылық емес. Өйткені әйелдердің де ерінің бар жалақысын қолына алып, қаржыға өзі ғана үстемдік жүргізетін кездері де көптеп кездеседі.

Қаржылық шектеулер өмірге күтпеген жерден енетіні рас. Яғни, ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне қаржылық тәуелді болған кезде бірден экономикалық зорлық-зомбылық әрекеттері басталады. Негізінен, бұл төмендегідей жағдайларда кездеседі:

📌 Жұмыстан айырылу;

📌 Ауыр дертке шалдығу;

📌 Бала күтімі бойынша декреттік демалыс.

Әдетте шаңырақ көтергенге дейін ғашықтар өздерін тек жақсы қырларынан ғана көрсетуге тырысады. Ал отау құрғаннан соң, бетперделері біртіндеп шешіле бастайды. Жалпы экономикалық зорлық-зомбылық табыс деңгейі әртүрлі отбасыларда туындайды.

Құрбан екеніңізді түсіну әрі қаржылық қыспақ белгілері

Егер отбасының барлық жинағы қайда сақталатынын білмесеңіз әрі оларды еркін немесе үнемдеп те пайдалана алмасаңыз, бұл – сізге қысым жасалып жатқандығының белгісі. Мәселен, тиран жолдасыңыз оған барлық банк карталарыңызды беруіңізді талап етуі мүмкін, сондай-ақ барша салымдардың құпиясөздерін айтуыңызды да сұрайды. Ер адам жарының адал еңбекпен тапқан ақшасын толығымен өз қолына алатын жағдайлар да көп кездеседі. Отағасы мұндай жағдайды кірісті жақсырақ басқаратындығымен түсіндіруі ықтимал. Осылайша, аңқау әйелін пәтерге, көлікке және т.б. материалдық дүниелерге ақша жинайтындығымен алдаусыратады. Шынтуайтында, ер азамат түрлі айлаға жүгіне отырып, жұбайының барлық әрекеттерін бақылауда ұстап, басқаруды көздейді.

Мансапқа тыйым салу

Қарым-қатынастағы экономикалық зорлық-зомбылық «Сен жұмыс істемеуін керек! Мен солай шештім!» деген сөздерден-ақ басталатындығын есте ұстағандарыңыз абзал. Мұндай іс-әрекет болашақ жарыңыздың жеке мүдделеріңізді құрметтемейтіндігін көрсетеді. Егер қарсылық танытсаңыз, ол ненің дұрыс, ал ненің бұрыс екендігін жақсырақ білетіндігімен сендіруі мүмкін. Уақыт өте келе әлеуметтік ортаңызды, қызығушылықтарыңызды бақылау әрекеттері басталады. Ал бұл жағдайлардың барлығы да эмоционалды және некедегі қаржылық қысым туралы хабар берері анық. Әдетте әйелдер «Маңдайымызға жазылғаны отбасында жайлы атмосфера құрып, бала тәрбиелеу болар» деп, жолдасының тарапынан жасалған қысымға көндігеді. Шын мәнінде, олар озбыр жанның қармағына қалай тап болғандарын да білмей қалады.

Жұмсалған қаржы жайында есеп беру

Дүкеннен жаңа зат сатып алған сайын балаңызға сыртқы киімнің, ал сізге етіктің не үшін қажет екендігін түсіндіруге мәжбүр боласыз. Шопинг сіз үшін нағыз күйзеліске айналады. Тіпті, қаржылық қысым көрсетуші барлық түбіртектерді сұратып, оларды мұқият тексеруі де бек мүмкін. Егер бірдеңе жетіспесе, дау-дамай басталып, арты бопсалауға апарып соғады.

Барлық жинақтан айыру

Бұл – назардан тыс қалған жағдай. Әсіресе, әйел заты қаржылық оқшаулануға тап болған кезде орын алады. Тиран күйеу жәбірленушіні толығымен өз еркіне бағындыру үшін қолынан келгеннің бәрін жасайтындығы белгілі. Мұндай жағдайларға көбіне жаңа босанған аналар түсіп жатады. Ер адамдар олардың дәрменсіздігін пайдаланады. Өйткені, әйелі сәбиімен ешқайда да кетпейтіндігіне сенімді болады.

Некедегі қаржылық қысым мен абьюзерліктен қорғану жолдары

Некедегі қаржылық қысымға ұшыраған әйелдердің басты мәселесі – бір нәрсені өзгертуге деген үрей. Олар күнкөріссіз, бала-шағасымен көшеде қалудан қорқады. Сол себепті ұзақ жылдар бойы озбыр күйеуімен бір шаңырақ астында тұруға мәжбүр болады.

Озбыр күйеуден қорғанудың амалдары

1. Қаржылық «жастық» жасаңыз

Жеке жинақ өзін-өзі құрметтей білетін әр аруға қажет. Егер қиын жағдайға тап болсаңыз, жиған ақшаңыз біраз уақыт жайлы өмір сүруге көмектеседі. Ең болмағанда, тұрақты жұмыс тапқанша керек-жарағыңызға жетері анық.

2. Қаржылық тәуелділікке келіспеңіз

Үйлену тойынан кейін өз ісіңізді жалғастырып, тұрақты табысыңыз болатындығы жайында қарым-қатынастың бастапқы кезінде-ақ келісіп алу керек. «Сен үй шаруасымен айналыс, балаларға қара, ал табыс менің мойнымда» сипаттағы әңгімелер қамқорлықтың белгісіндей көрінуі мүмкін. Бірақ серіктесіңіздің пиғылы теріс болмайтындығына кім кепіл!?

3. Отбасылық бюджетті талқылаңыз

Егер болашақта экономикалық зорлық-зомбылықтан аулақ болғыңыз келсе, отбасылық бюджетті міндетті түрде талқылаңыз. «Ер адамның қаржылық абьюзер екенін қалай түсінуге болады?» деген сұрақ мазаласа, ондай жанның бірден бас қазынашының рөліне асығатындығын есте ұстаңыз. Сондай-ақ, маңдай теріңізбен келген ақшаңызды да жете тексеруі ықтимал. Бұл тұрғыда «сараңдық – абьюзер серігі» екенін біле жүрген жөн.

4. Құқықтық сауаттылығыңызды арттырыңыз

Тұрмысқа шығатын қыздардың қарапайым заңдылықтарды біле бермейтіндігі таңқалдырады. Өміріңіздегі ең маңызды әрі қателесуге қатаң тыйым салынған таңдаулардың бірі – жар таңдаған уақытта және сол азаматпен отау құрар алдында ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарын, мұрагерлік кезеңдегі құқықтарды, кәмелетке толмаған балалардың қамқорлығын және т.б. реттейтін құқықтық нормаларды оқып алыңыз.

5. Өтінішіңіз бен күмәніңізді ашық айтыңыз

Кейбір әйелдердің ең үлкен қателігі: ұзақ жылдар бойы шаңырағы шайқалмас үшін бәріне көз жұма көнетіндігі. Оның бәрі әйелге тек зиянын тигізеді. Нәзік жандылардың жұбайына алаңдаушылықтарын сабырмен жеткізулеріне өзін-өзі бағалауының төмендігі кедергі болып келеді. Үй тиранының тұзағына түспеу үшін ең алдымен, өзіңізбен жұмыс жасауыңыз қажет.

6. Біліміңізге қаржы құйыңыз

Егер белгілі бір маман иесі болсаңыз және бала күтімі бойынша декреттік демалыста жүрсеңіз, біліміңіз бен біліктілігіңізді үнемі арттырып отырғаныңыз жөн. Еңбек нарығы тез өзгеретіндіктен, білім қорын уақытылы толтырып отыру қажет. Әлеуметтік желілерде аз ақшаға қосымша білім алуға болатын көптеген курстар бар.

7. Некеңізді сыни тұрғыда бағалаңыз

Өзіңізден «Күйеуіммен өзімді жақсы сезінемін бе?» деп жиі сұрап отырыңыз. Күйзелісті, үмітсіздікті, қорқынышты сезінген кезде отбасыңыздың келешегі туралы ойланудың уақыты келгенін түсінесіз. Егер абьюзер күйеуіңізбен диалог орнатудың барлық әрекеттері сәтсіз аяқталып отырса, түптің түбінде бір шешімге келуге тура келеді.

 

Ұқсас мақалалар:

Қаржы философиясы. Қаржылық сауаттылық дегеніміз не?