Қаржылық мүмкіндіктеріңіз қандай болса да, артық шығындардың ешкімге ұнамасы анық. Дағдарыс кезіндегі қосымша шығындар тіптен көңіл көншітпейді. Өкінішке қарай, бәріне бірдей ақша үнемдей алмайсыз. Әр жарты жыл сайын жөндеу жұмыстарының кемшіліктерін түзетіп отырғыңыз келмесе, үнемдеуге болмайтын жөндеу құпиясын білгеніңіз жөн.
Қандай элементтерге қомақты ақша құйған дұрыс, ал аз ақшаға не істеуге болады? Көрпеге қарай көсілу қиын емес, ал таптырмас шешімді таба білу басты мәселе болып қала бермек. Айтулы мақалада түйіткілді мәселенің тиімді шешімдерін ұсынбақпыз.
Шектен тыс шықпаңыз
Кейбіреулер «қымбат затты – сапалы зат» деп есептейді және бәрін жоғары бағамен сатып алуға тырысады. Жөндеу процесінің ұзақ уақыт алатыны белгілі, сол уақыт аралығында ақша таусылғаны да біліне бастайды (тұсқағаз немесе жиһаз сатып алуға қаражат қалмайды). Мұндайда жөндеу уақытша тоқтатылады. Ал тағы біреулер, керісінше, жөндеуді мүмкіндігінше төмен бағаға жасауға талпынады, сол себепті сатылымдағы ең бюджеттік тауарларды іздеуге кіріседі. Соңында жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмегендей көрінеді.
Жұмыс жоспарын құрыңыз
Бұл қалтасына лайықтап, көрпесіне қарай көсілетін жандар үшін табыс кілті болмақ. Жоспар тұжырымдамасы барлық ықтимал шығындардың (соның ішінде күтпеген) сметасын ғана емес, сонымен қатар жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен мұқият зерделеуді де қамтиды. Көп адамдар шамаға қарай дизайнердің жұмысын да үнемдеуге тырысады, себебі мұндай үнемшіл жандар кәсіби қызметтерді қыңырлыққа балайды.
Дейтұрғанмен, дизайнер жұмысы – сауатты жоспарлау шешімін әзірлеу, құрылысшыларға арналған сызбаларды жасауда қолайлы болып табылады. Бастысы – жөндеу жұмыстарына бюджет бөлу барысында басымдықтарды сауатты орналастыру. Алдын ала құрылған жоспар арқылы пәтердегі барлық дүниенің ақылға салынып әрі асқан жайлылықпен орнатылғанына сенімді бола аласыз, сонда ғана диванның артына жасырылған ажыратқыштар мен рәзеткілер секілді олқылықтар жөндеуден соң орын алмайды.
Ең бастысы: еден, төбе, бұрыштар мен сызықтар
Үнемдеу барысында тек негізгі жұмыстарға назар аударамыз. Яғни, уақыт өте келе жиһазды шығармай немесе қабырғаларды бұзбай өзгерту қиынға соғатын жұмыстар. Оларға мыналар жатады:
• еден төсеу;
• жылу жүйесі, сантехника әрі электр сымдарын ажырату;
• бұрыштарды, төбелерді, қабырғаларды тегістеу (кем дегенде іргелес жиһаздар орнатылған жерлерде тақташаларды төсеу). Әйтпесе, жиһаздар тұрған жерде саңылаулар қалуы мүмкін.
Кәсіби бригаданы жалдаңыз
Жоғары сапалы әрлеу материалдарын сатып алуға ақша жұмсаған уақытта кәсіби бригаданы жалдау аса маңызды мәселенің бірі болып табылады. Зақымдалған материалдың құнын ешкім өтеп бермейді. Бригаданың әрбір қадамын бақылауға тырысып, «күні-түні құрылыс алаңында болуға» тура келеді немесе қаражатты үнемдемей-ақ қойған дұрыс, жұмысты сеніп тапсыра алатын адамдарды жалдағаныңыз жөн.
Ешкімді жалдамай-ақ жөндеуді өзіңіз жасай алатыныңызға сенімдісіз бе? Қарапайым жұмыстарды жасай аларсыз, бәлкім. Десе де, толық құралдар жиынтығы мен қажетті технологиясы бар кәсіби құрастырушылардың өзі бір асүй жиынтығын күні бойы құрастырады. Ал сіздің шыдамыңыз қанша уақытқа жетеді? Есіктерді және т.б. орнату қолыңыздан оңай келетіндігіне сенімдісіз бе?
Мұқият ойланыңыз: өз қолыңызбен сапалы жөндеу жұмысын жасау үшін сізге түрлі құрал-саймандарды сатып алуға тура келеді. Бұл да қыруар қаражат талап етеді! Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін олар жарамсыз болып қалса, қыл ара мен тескіш сатып алудың қаншалықты қажеті болды?
Интерьер стилін шамаға қарай таңдаңыз
Кейбір интерьер стильдерінің аз ақшаға сәйкес келмейтіні сөзсіз. Үнемдеу режимінде жөндеу жүргізетіндер үшін классикалық стильді (барокко, империя және т.б.), арт-деко, жоғары технология және т.б. туралы ұмытқан жөн. Бұл стильдер қыруар қаражатты қажет етеді.
Классика нағыз гипс қалыптары мен камині бар, қолмен боялған, паркет және хрусталь люстралары бар театр бутафориясына ұқсамайтын болады. Ал хай-тек стилі ақылды және функционалды техникалық шешімдерді талап етеді. Дейтұрғанмен, прованс, минимализм, лофт, эклектизм, заманауи және аралас стильдер арасынан қалтаңызға салмақ түсірмейтінін әрі көңіліңізден шығатынын таңдаңыз. Мұндай интерьерді жасау әлдеқайда оңай болмақ.
Талғаммен орналастырыңыз
Ең ерекше және әдемі интерьерлер әртүрлі стильдегі элементтердің түйіскен жерінде туындайды.
Талғампаз тақтасы бар жаңа ыңғайлы төсектің екі жағына екінші қол дүкенінен сатып алынған екі ескі төсек үстелін орналастырсаңыз, керемет үйлесім табары сөзсіз. Негізгі жиһаздар, олардың ішінде ас үй жиынтығы, дивандар, кереуеттер ыңғайлы әрі жоғары сапалы болуы тиіс. Аталған жиһаздарға ақша үнемдеуге әсте болмайды.
Жеңіл жолды таңдаңыз
Егер ойыңыздағы тұсқағаздар немесе ағылшын плиткалары үшін қаражат жеткіліксіз болса, көңіл-күйді түсіріп, алаңдаудың қажеті жоқ. Нью-Йорк яки Берлин интерьерлерінің фотосуреттерін қарасаңыз, олардың жартысында дерлік ешбір әрлеудің жоқ екенін түсінесіз. Кәдімгі ақ бояумен боялған тегіс қабырғалар, жақсы табиғи ағаш еден және дұрыс орналастырылған жарық – сәтті интерьер негізі. Мұндай стильді жаңа жастықтар мен перделер, картиналар мен әдемі еден кілемдерін ауыстырып отыру арқылы жаңартуға болады.