Жан әлемі

Әлемдік тағылымдар: әйгілі кәсіпкерлерден кеңес

«Бұрын мен уақыты келгенде барлығы өзгереді деп үміттенетінмін. Кейін оның бір ғана жолы бар екенін түсіндім. Ол - барлығын өзім өзгертуім керек!», - бұл Американың фермерлер қалашығында дүние келіп, әлемге танылған, бизнес-тренер, көптеген психологиялық кітаптардың авторы Джим Ронның сөзі болатын. Демек, өзіңіздің де, өміріңіздің де, тіпті әлемнің өзгеруі сізден басталады. Сондықтан күпірлікті тоқтатып, тірлікке көшіңіз.

Брайан Трейси бизнес жолында ең көп жетістіктерге жеткен және адамдарды да жетістікке сүйреп жүрген маман. Байлыққа жетудің жолын үйретер кітаптарын тәжірибесіне сүйене отырып жазған ол: «Сіздің санаңыз керемет. Миыңыз сізді жоқшылықтан байлыққа жеткізіп, жалғыз жүрген адамнан көптің сүйікті көзайымына айналдырып, депрессиядан шығарып, бақытты қыла алады. Тек оны дұрыс пайдалана білсеңіз болды», – деп кеңес береді.

Джек Ма «Али- Баба» деп аталатын әлемге танымал, табысты, интернет бизнес тобының негізін қалаған. «Адам 35 жасында кедей болса, демек ол соған лайықты» деген сөздің авторы, ол білікті бизнесмен адамдардың өмірден ұтылатын төрт қатесін тізеді. Біріншісі, мұрнының үстіндегіні көрмейді, мүмкіндікті байқамайды. Екіншіден, мүмкіндікті лайықты бағаламайды. Үшіншіден, мүмкіндікті түсіне білмейді. Төртіншіден, тез қимылдай білмейді». Яғни, кез келген қиындыққа тап болғанда қашуды емес, мүмкіндік жолдарын іздеңіз.