Отбасы бюджеті

Кәсіпкерден кеңес: Кәсіпті нәсіпке айналдыр!

Әр кәсіпкер бизнесті құру және басқару кезінде белгілі бір кезеңдерден өтеді. Бұл жоғарыға ұшу және құлдырау кезеңдері. Осы кезеңдерден өткен сайын кәсіпкер өзіне деген сенімділікті арттырады. Бүгінгі нарық дәуірінде біз табысты кәсіпкерлерден өз бизнестерін осы қателіктерден қалай сақтап қалуға және тезірек қажетті жетістікке қалай жетуге болатындығын сұраймыз. Іс бастаймын деп жүрсеңіз, қойынкітапшаңызға түртіп алыңыз.

Айгүл Абраимова, «Bereke» қаржы сауаттылығы орталығының басшысы, коуч, инвестор

1.Адал бол. Бизнес бірінші кезекте экологиялық таза болуы керек. Бұл бәріне қатысты: инвесторлармен, клиенттермен, серіктестермен және мемлекеттік органдармен қатынастар. Егер сіз адал болсаңыз, соңына дейін адал болыңыз және ол әрқашан, ерте ме, кеш пе келеді.

2.Қоғамға жақсылық әкел! Кез келген бизнес қоғамға тікелей немесе жанама түрде қызмет етіп, пайда әкелуі керек. Бұл бизнестің және ғаламның ашылмаған заңдары. Өзгелердің өмірін жақсарту үшін және табандылық пен күш салу арқылы жасалған кез келген бизнес сәтті болады.

3.Жүйе құруды үйреніңіз! Жүйе құру дегеніміз бизнес-процестерді барлық мүмкін болатын әрекеттермен ойластыру. Шығындарды оңтайландыру және осылайша кірісті арттыру үшін бизнесті мүмкіндігінше жүйелеу.

4.Өкілдеріңізге сеніңіз. Бизнесті барынша автоматтандырғаннан кейін және барлық процестерді өзгеге тапсыруға тура келеді. Сонда ғана сізде әрі қарай өсу болады. Ал кім көрінгеннен сезіктене берсеңіз, ұзаққа бармай қалуыңыз мүмкін.

5.Масштабты кеңейтіңіз. Кәсіпкер мен жұмысшының айырмашылығы неде? Жұмыс берушінің стратегиялық ойлауында. Кәсіпкер өз өкілеттіктерін тапсырып, бизнесті кеңейте бастайды. Әңгіме бизнесті кеңейту туралы: желіні ашу немесе франшиза арқылы бизнес жасау.

Нияз Мақұл, еліміздегі ең жас кәсіпкерлердің бірі.

1. Тəуекелден қорықпау. Мені көпшілік 18 жасында алғашқы миллионын тауып, оны сол айда жоғалтқан кәсіпкер ретінде танып жатады (күліп). Мен одан қорықпаймын, 18 жасымда бір айда жұмыс істеп, миллион таптым және басқа кәсіп ашу жолында оны желге ұшырдым. Ол мен үшін тәжірибе болды. Қазір де тәжірибе үшін аянып қалмаймын. Мен мектеп бітіріп, оқуға түскеннен кейін жоғары стипендия алдым. Сол кезде әрі қарай дамудың жолын көрмей, оқудан шығып кеттім. Содан бері 2-3 жылдың көлемінде түрлі кәсіптерді көрдім. Қазір «Тұзды үңгірлер» желісін ашып, осы кәсіппен айналысып жүрмін. Ақшалы болғың келсе, тәуекелің мықты болуы керек.

2. Дисциплинада болу. Яғни, бәрінің өз тәртібі болуы керек, ұйықтау мен тамақтануға дейін. Мотивация бар деп жүре беруге де болмайтынына көзім жетті. Сондықтан режим сақтаған дұрыс, онсыз болмайды. Жұмыстың да тәртібі болуы керек. Бүгінгі істі ертеңге қалдырмаған дұрыс.

3. Сөзіңде тұру. Егер болашағыңның жарқын болғанын қаласаң сөзіңе мұқият бол! Аузыңнан шыққан сөзге жауап бере ал. Сөзің көп, ісің оған тұрмаса да болмайды.

4. Адамдармен жақсы тіл табыса білу. Соңғы кезде бизнесмендердің сұқбатынан, өзімнің зерттеулерімнің статистикасынан байқағаным – жалғыз адам көгеріп-көктей алмайды. Яғни, статистика көрсеткендей жетістікке жеткен компаниялардың көпшілігін бірнеше адамдар бірге құрған. Қазір үйде отырып жалғыз өзің жаңалық ашуың мүмкін емес! Сол себепті ортамен жақсы қарым-қатынаста болған жөн. Бұл сіздің жақсы серіктес табуыңызға, тіпті жақсы жар табуыңызға да ықпал етеді.

5. Мақсат қоя білу. Кез келген істің өркендеуі үшін мақсаттың болуы маңызды. Ал, қайда бара жатқаныңызды білмесеңіз, алысқа ұзай алмайсыз. Мысалы, арманыңызды бір картаға салдық делік, енді А дан В нүктесіне жету сызығын мақсат дей аламыз. Ал мақсат болмаса, маңызын сезінбесеңіз, сіздің бар энергияңыз далаға кетеді деген сөз.

Әлемдік тағылымдар

«Бұрын мен уақыты келгенде барлығы өзгереді деп үміттенетінмін. Кейін оның бір ғана жолы бар екенін түсіндім. Ол – барлығын өзім өзгертуім керек!», – бұл Американың фермерлер қалашығында дүние келіп, әлемге танылған, бизнес-тренер, көптеген психологиялық кітаптардың авторы Джим Ронның сөзі болатын. Демек, өзіңіздің де, өміріңіздің де, тіпті әлемнің өзгеруі сізден басталады. Сондықтан күпірлікті тоқтатып, тірлікке көшіңіз.

Брайан Трейси бизнес жолында ең көп жетістіктерге жеткен және адамдарды да жетістікке сүйреп жүрген маман. Байлыққа жетудің жолын үйретер кітаптарын тәжірибесіне сүйене отырып жазған ол: «Сіздің санаңыз керемет. Миыңыз сізді жоқшылықтан байлыққа жеткізіп, жалғыз жүрген адамнан көптің сүйікті көзайымына айналдырып, депрессиядан шығарып, бақытты қыла алады. Тек оны дұрыс пайдалана білсеңіз болды», – деп кеңес береді.

Джек Ма – «Али- Баба» деп аталатын әлемге танымал, табысты, интернет бизнес тобының негізін қалаған. «Адам 35 жасында кедей болса, демек ол соған лайықты» деген сөздің авторы, ол білікті бизнесмен адамдардың өмірден ұтылатын төрт қатесін тізеді. Біріншісі, мұрнының үстіндегіні көрмейді, мүмкіндікті байқамайды. Екіншіден, мүмкіндікті лайықты бағаламайды. Үшіншіден, мүмкіндікті түсіне білмейді. Төртіншіден, тез қимылдай білмейді». Яғни, кез келген қиындыққа тап болғанда қашуды емес, мүмкіндік жолдарын іздеңіз.