СұқбатСыр-сұқбат

Кәсіпті барыңмен баста!

Нұргүл Қамшыбекова – жаны әсемдік пен талғампаздықты қалайтын кәсіпкер, сапасы жоғары ыдыс- аяқтарды ұсынатын «Nurly Home» дүкенінің негізін қалаушы. Бес жылдан бері біраз белестерді бағындырып келген Нұргүл ханым кәсіп бастау мен оны дамыту жолдарын өз тәжірибесіне сүйене отырып әңгімелеп берді.

Бүгінгі шығын – ертеңгі шығар шыңға жетелеуші фактор. Сүйікті іспен айналысыңыз, бәсекеден қорықпаңыз, қарыз алмаңыз!

Нұргүл ханым, қазір көп адамдар кәсіп ашқысы келгенімен басым бөлігі бұл идеядан тез қайтып қалады. Сіз кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?

«Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек.Күшті болуға бірлік керек», – деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі әрқайсымызға өнеге. Өзім ана, мұғалім болғандықтан, ұрпағымыздың рухы биік, ойы тың болғанын, ауқатты ғұмыр кешкенін қалаймын. Сондықтан кәсіпке келдім. Кәсіпкерлік пен саудагер болуды шатастырмауымыз керек. Өмір – сауда. Бірде ұтылып, бірде ұтасың.  Райыңнан тез қайтпауға ішкі қуат керек деп ойлаймын. Мен кәсіпкерлікке қажеттіліктен кездейсоқ келдім. Интерьер, дизайнға қатты қызықтым. Сол қызығушылығымның арқасында «НҰРЛЫ ҮЙ» жобасы өмірге келді. Қазақстан нарығында бес жылға жуық әр түрлі талғам мен әлеуметтік ортаны ыдыспен қамтамасыз етіп келеміз.

Көптеген кәсіпкерлер өз бизнесін ашып, дамытуда түрлі қиындықтармен бетпе бет кездеседі. Сіздің де тәжірибеңізде қиындықтар болған шығар?

Иә, қиындықтар арқылы біз жаңа деңгейге көтерілеміз.Өз қателігімізден сабақ алып нәтижеге жұмыс істейміз. Мақсатың айқын болса, кез келген қиындықты мұздай жарып өтуге Жаратушы күш-қуат,мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ең бастысы, өзіңе сеніп, алға жылжып отыру керек. Ұлы ақын Абай айтпақшы, ақылың мен еңбегің екі жақтап, еңбектің жемісін жегізеріне кәміл сенемін. Менің тәжірибемде де қиындықтар болды. Тәжірибе мен білімнің жетіспегенінен артық шығындарға да баттық. Қаражатты дұрыс басқару, ұжымдық жұмысты ұйымдастыру, теңдей игеру әжептәуір күш пен ақылды талап етеді.

Nurly_home дүкенінің өзгелерден қандай айырмашылығы бар?

«NURLY_HOME» махаббатпен өмірге келген жоба. Әрбір отандасымыз сән салтанаты келіскен нұрлы үйде тұрсыншы деген ізгі тілек болды. Сондай-ақ, бүгіндеқыз жасауын, кеңсе мен ресторандарды түрлі ыдыстармен қамтамасыз етіп отырғанқазақстандық жас бренд. «Нұр»түбірін бізді жоқтан бар етіп жаратқан Жаратушы Иенің 99 көркем есімінен алдық.Тұтынушыларымыздың үйі хан сарайындай жарқырап тұрсын деген ниетіміз де болды. Дүкеніміздің бәсекелестерден айырмашылығы көп. Тауар дені эксклюзивтен тұрады. Қазіргі уақытта Еуропа, Қытай, Түркия, Иран елдерімен тікелей келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сән мен сапаға жұмыс істейміз. Бізге әр тұтынушымыз қымбат. Оның уақыты мен  қаражатын үнемдеу үшін тынбай еңбек етеміз.

Елдегі соңғы жағдайлар кәсібіңізге әсер етті ме?

Жоғарыда атап өткендей,әрбір қиындық қоғамды, адамды жаңа деңгейге көтереді. Жаһанды қамтыған пандемия бір қарағанда кәсіпке кері әсер еткендей көрінеді. Алайда адамдар карантин кезінде үйде отырып жоғын түгендеуге кіріскендей (күлімдеп). Әлем халқы ыдыс пен текстилді өзгертуді қолға алған секілді. Ыдыстарға сұраныс жақсы. Осыны ескеріп, Қазақстан аумағында дүкен филиалдарын ашуға серіктестер іздеп жатырмыз. Біз үшін серіктестеріміздің осы кәсіпті сезініп, жақсы көргені маңызды. Олардан әділдік пен адалдықты күтеміз. Бұған дейін кәсіппен айналысқан болса, тіпті жақсы. Қазіргі уақытта Ақтау қаласында франшиза бойынша дүкен ашылады.

Отбасыңыз туралы айтып беріңізші? Білуімше, 4 баланың анасысыз…

Қазақ бала басының санын айтпаған дейді. Алланың берген аманаттары бар, шүкір. Отбасым әрқашан қолдап отырды. Әлі де қолдап келеді.

Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

Болашаққа жоспарым өте көп. Ұстаздық жол жаныма жақын. Риясыз пәк көңілмен тыңдаушы шәкірттеріме қайта оралу, ғылым-білім саласында өзімді жан жақты жетілдіру – басты мақсаттарымның бірі. Қазіргі заман жан-жақты болуды талап етеді.

Өз кәсібін ашқысы келетін жандарға қандай кеңес берер едіңіз?

Өз кәсібін ашқысы келетін жандарға тек сәттілік тілеймін.  Көшірмесіз, тың идеяларды тудырар кәсіп түрі көбейсін. Нақты мақсат қойып, соған қарай күн сайын бір қадам жасауға кеңес берер едім. Тәуекел мен шыншылдық – кәсіптің берекесін арттырады. Бүгінгі шығын – ертеңгі шығар шыңға жетелеуші фактор. Сүйікті іспен айналысыңыз, бәсекеден қорықпаңыз, қарыз алмаңыз! Сондай-ақ, несие алуға әуес болмай, қоғам алдындағы төлем борыштарын уақытылы төлеп отырыңыз. «Кәсіпті барыңмен баста!», – деген қағидам бар.

Өмірде сіз үшін не маңызды?

Мен үшін ең маңыздысы өмірге адам болып келіп, адам болып өту. Әрбір жан өзін қадірлеп, сүюі тиіс. Бойдағы тәндік һәм рухани аманатты ластамай, таза ұстай білу қажет. Елімнен не аламын демей, еліме не беремін дейтін рухты адам болуымыз керек. Сонда еліміз гүлдене түседі.

Оқырмандарға тілеріңіз болса…

Құрметті оқырман, арманымызды дүнияуи сипаттағы қызыл-жасыл әлеммен шектемейік. Жеткен
жетістіктеріміз тек іске асқан мақсаттарымыз деп білейік. Арманымыз биік, мақсатымыз айқын болсын! Жан сарайыңыз ашық болсын! Әлем сізге ғашық болсын! «Сырласу» журналының оқырмандарына екі дүние бақытын тілеймін!