Жан әлеміӨзіңді дамыт

Қатерлі ісік – қордаланған реніш

Оқырмандар назарына психология саласында көп оқылатын автор Луиза Хейдің еңбегінен үзінді ұсынып отырмыз. Оның өмірі әлемді өзгерте алатын оқиғаларға толы болған

891Қаралымдар
Бір  жарым жасқа келгенде ата-анам ажырасып кетті.

Бірақ шешемнің қызметші болып жалдануына тура келді де, мені басқа адамдардың қолына тұруға  бергенін әлі күнге дейін денем түршіге есіме аламын. Мен үш апта бойы жылаппын. Мені шешемнің қайтарып алуына тура келіпті. Әлі күнге дейін оның қайратына таңғаламын, өйткені ол мені жалғыз өзі өсірді.

Шешем өкіл әкемді шыныменен жақсы  көрді ме, әлде мені әкелі қылу үшін  тұрмысқа шыға салды ма, ол жағы мен үшін түсініксіз болатын. Бірақ, оның тұрмысқа шыққанынан ешқандай  жақсылық болған жоқ. Оның күйеуі Европада, Германияда өсіп, қатаң тәрбиеленген адам. Мамам сіңлімді торығып жүрген кезінде көтерді. Ол кезде 5 жастамын. Біздің қаңғыбас көршіміз мені зорлап кетті. Қаңғыбасқа 15 жыл түрме жазасын кесті. Сол кезде барлығы маған «Сенің өзің кінәлісің» дейтін. Сондықтан да ол түрмеден шыққан соң түрмеге отырғызғаным үшін менен өшін алады-ау деген қорқыныштың құшағында өмірімді өткіздім. Өз басымның қадірін бағалау сезімі кеми берді де, менің өмірім хаосқа айналды.

 Біздің мектепте кеш болып, соған орай бірнеше торт сатып алынды.

Менің шашым жалбыраған, үстімдегі киімім де жаман болатын және менен «құрт басып кетпеу үшін» үйдегілер мәжбүрлеп жегізетін сарымсақтың иісі мүңкіп тұратын. Мен сол кезге дейін  өмірімде ешқашан торт жеп көрмеппін. Сонымен тортты кесе бастады, оның көп болғаны соншалық,  балалар 2-3 кесіктен алды. Әрең дегенде  менің  кезегім келгенде, ал мен әдеттегідей  ең соңы болатынмын, торт қалмапты. Бір де бір кесік.

Қазір маған өз басымды бағалатпаған, қадірлетпеген, кезектің  ең соңына қойып, торттың бір де бір кесігін бұйыртпаған менің өз танымым екені анық нәрсе. Бұл менің сол кездегі жеке ойым еді. «Олар» тек қана менің танымымды бейнеледі.

Одан әрі тұрмыстағы жағдайға төзе алмадым да, 15-ке толған кезімде үйден қашып кеттім.

Официантка болып жұмысқа орналастым. Махаббатқа шөліркеген, өз бағасының қадірін аздап болса да сезінген мен тәнімді оңды-солды, аяусыз үлестірдім. Нәтижесінде 16 жасымда қыз тудым. Мен оны баға алмадым, сондықтан басқа адамдарға бердім. Мен  үйге  кері қайттым да, шешемді  өкіл  әкемнен кетуге көндірдім. Ол кезде сіңлім 10 жаста болатын, әкесінің жанында қалды. Мамам қонақүйден жұмыс тапты, біз бірге тұра бастадық.

Өмір үнемі тұқырта бергендіктен де, мен өз басымның қадірін сезінген емеспін. Соған сәйкес  өз айналама мені одан сайын қорлап, ал кейде таяқтап та тастайтын еркектерді топтастырдым. Мен қалған ғұмырымды оларды да, өзімді де қарғап өткізер едім, бірақ бұл ештеңені өзгертпес еді. Біртіндеп, жұмысымдағы оң өзгерістерге байланысты өз басымды бағалау сезімі де артып, әлгіндей еркектерге менің өмірімде орын қалмады. Қазір, әйелдерді қорлайтын еркектер менің  тірлік етіп жатқаным туралы білмейді де, өйткені біздің ойлау жүйеміз енді сәйкес келмейді.

Чикагодан Нью-Йоркке көшіп, атақты манекенщица болдым.

Бірақ, бұл жұмыс та мендегі өз басымды қадірлеу сезімін арттырған жоқ. Мінезі тамаша, жоғары білімді ағылшын джентльменін кездестіріп, соған тұрмысқа шықтым. Біз көп саяхат жасадық, корольдердің қабылдауында болдық. Бір рет біз тіпті Ақ Үйден де дәм таттық. Өзім атақты манекенщица, ал күйеуімнің тамаша адам болғанына қарамастан, маған өмірде  бірдеңе жетіспей тұратын. Бұл жағдай  рухани ізденіс жолына түсуіме дейін  созылды.

Бір күні күйеуім өзінің басқа адамға үйленетінін жеткізді. Бақыттың оң қабақпен қарағанын шындап  сезінбей жатып-ақ, аяқ астынан осы жайға тап болдым.

Мен өмірімнің  өзгеріп жатқанын сезіндім.

Сән мен сәнгерлер әлемі мен үшін өз мәнін жоғалта бастады. Қасыңның формасы мен беліңді ойлап қашанғы қапалануға  болады? Тіпті орта мектепті де бітірмеген мен, кенет қолға тигендері мен метафизикаға қатыстының бәрін оқыған қажырлы студентке  айналдым.  Қоғамдағы тынымсыз жұмыстарымның арқасында үш жылдан соң мен емтихан тапсырдым да, көмекке зәру адамдарға кеңес бере бастадым. Мен сондай-ақ медитация жасай бастадым. Нью-Йоркте   барлық кездесулерде жиі шығып сөйлеп,  кеңес беруді жалғастыра бердім.  Сондай-ақ мен «Өз тәніңді сауықтыр» деген тақырыппен шағын кітап жаздым.  Лекция оқып, саяхат жасай бастадым.  Менің  атағым шыға бастады…

Содан бір күні менің ағзамнан дәрігерлер қатерлі ісік (рак) кеселін тапты. Қатерлі ісік, әрине, менің жыныстық мүшемде, қынап маңында пайда болды. Өз жұмысыма байланысты менің адамдардың айығуына көмектесуіме тура келсе де, өзім уағыздаған принциптерді өз тәжірибемде тексерудің ғажайып мүмкіндігі туғанын түсіндім. Түптеп келгенде мен, қатерлі ісік – бұл қордаланған реніш, ал одан құтылса, аурудан жазылуға болатындығы туралы кітап жаздым.  Өз басымның балалық шақтың реніштерін ұмыта алмағандығын түсіндім және менің алдымда бұл мәселе бойынша көптеген істер тұрды.  (Жалғасы бар)

 

Мырзагелді Кемелдің аудармасы