қатерлі ісік
ДенсаулықСаулық үшінСұқбат

Қатерлі ісікті емдеуге болады!

Қатерлі ісік. Қазіргі уақытта бұрын-соңды көп естіп білмеген, «жаман ауру» белең алып барады. Тіпті, бұл ауру үлкен кісілерді ғана емес, балалармен қатар жастарды да арбауда. Осы орайда әркімде «Мұның себебі неде? Бұл қайдан келетін дерт? Оны болдырмау үшін не істеу керек? Аурудың белгілерін қалай анықтаймыз?» деген сұрақтар туатын анық. Бұл сұрақтарға Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қайдарова Диляра Радикқызы жауап берген болатын.

С: Диляра ханым, қатерлі ісік ауруының жыл сайын жасаруының себебі неде?

Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Қатерлі ісік бұрын өзекті мәселе ретінде қаралмайтын. Бұл дертпен көбінесе 50-60 жастан асқан адамдар ғана ауыратын. Ал соңғы жылдары 30-45 жас шамасындағы адамдар асқазан, сүт безі, ішек қатерлі ісігіне жиі шалдығуда.

Аурудың жасарып кетуінің бірден-бір себебі – дерттің ата-анадан балаға гендік тұрғыдан берілуі және адамдардың күйзелісті жағдайға жиі ұшырауы. Сонымен қатар, дұрыс тамақтанбау, құрамы белгісіз сусындарды, дүкендердегі ГМО-сы бар әр түрлі тағамдарды, фастфудтарды жиі тұтыну да себеп. Қарапайым сүттің өзі дүкенде қанша уақыт сақталса да түсі мен дәмін өзгертпейді. Бұл дегеніңіз жасанды қоспалары көп дегенді білдіреді. Ал таза сүттер 2-3 күннен арыға шыдамайды.

Сонымен бірге адамдар өте аз қозғалады, көп отырады. Балаларды да теледидар, компьютердің алдынан жұлып алу қиын. Соның арқасында балаларда семіздік орын алған. Олар тәттіні көп жейді, зиянды сусындарды көп ішеді. Қыздарымыз тұрмысқа кеш шығады. Баланы аз туады. Бұрын аналар жыл сайын бала тауып, жиі емізетін. Сол кезде сүт безі қатерлі ісігі кездеспеген.

Қазір ер адамдарда ішек қатерлі ісігі көп кездеседі. Себебі олар қызыл етті көп жейді. Бұрын қазақтар еттен кейін қымыз ішетін. Ал қымыз адамның ас қорыту жүйесін жақсартып, иммунитетін күшейтеді.

Сондай-ақ, темекі, кальян шегу өкпе қатерлі ісігіне алып келетіні бүкіл әлемде дәлелденді. Тағы бір себебі – экологиялық жағдай. Оған қоса адам папиллома вирусы, гепатиит C, хеликобактер деген вирустардың пайда болуы қатерлі ісік тудыруда.

С: Жалпы заманауи техникалық құрылғылардың қатерлі ісік тудыру қаупі қаншалықты рас? Әлде бұл алып қашпа әңгіме ме?

Біз жақында ғана ұялы телефон байланысына зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде, одан қатерлі ісік тудыратын радиация бөлінбейтіндігі анықталды. Әлемдік ғалымдар да бұл ақпаратты қолдауда. Бірақ ұялы байланыс антенналары мен жарық тарататын үлкен трансформаторлар өзінен радиация бөледі екен. Сондықтан олардан алыста тұру керек. Кімнің үйі оған жақын орналасса, арнайы орталыққа барып, бұл мәселені шешкен жөн.

Бірақ ұялы телефонды жиі қолдану қатерлі ісікке алып келуі мүмкін деген ақпаратты 100% жоққа шығара алмаймын. Оның салдары 10 жылдан кейін белгілі болуы мүмкін.

Сондай-ақ, толқынды пештер де зиянсыз. Ол жай ғана электр тоқтары арқылы жасалған құрал. Ал пластикалық ыдыстардың обыр тудыру қаупі бар екені рас. Бұл мәселе халықаралық дәрежеде талқыланып, көз жеткізілді. Себебі пластикалық құтыдағы сулардың қашан дайындалып, қай жерде, қандай температурада сақталғанын, бізге жеткенше қандай қолдардан өткенін білмейміз. Егер пластикалық ыдысты ысытатын болса, одан зиянды заттар бөлініп шығады.

С: Адамда ген арқылы берілген ісіктің белгісі барын қалай білеміз?

Ол үшін әр адам міндетті түрде, жыл сайын тексеруден өтуі тиіс. Егер біреудің атасы асқазан қатерлі ісігіне шалдыққан болса, баласының да дәл сол жеріне әсер етеді деген сөз емес. Қатерлі ісік, негізінде, адамның ең әлсіз жерін жалмайды. Сондықтан адам әрқашан өзінің иммунитетін арттырып жүру керек.

Барлық адам бірдей онкологиялық институтқа келіп қаралуы міндетті емес. Жай ғана өзінің тұрғылықты жеріндегі емханаға барып, тексерілсін. Қазір көптеген тексерілу шаралары тегін жүргізіледі. Егер УДЗ жасаған адамға КТ, МРТ жасау керек дейтіндей күмәнді көрсеткіш көрсетсе, ол адам сол тексерістерден жылына бір рет тегін өте алады. Өйткені барлық емханалармен келісім-шарт жасалған. Скрининг жасау, асқазан, ішек жолдарын тексерту, маммографиядан өту, жатырды тексерту – бәрі тегін. Ауыл тұрғыны болса, жергілікті дәрігері қалалық емханаға арнайы жолдама беруі керек.

Біз институт ішінде Check Up-ты тексеруді іске қостық. Онда адамдар онкологиялық аурудың белгілерін анықтайтын барлық талдау түрлерін тапсыра алады. Яғни, бүкіл ағзаға тексеру жүргізу. Ол адам иммунитетінің қаншалықты мықты және қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші қаншалықты екенін көрсетеді. Бірақ ол ақылы. Оны сол тұқымында бар, ауруға шалдығуы мүмкін адамдар да тапсырса болады.

С: Check Up тексерілуінің бағасы қанша болады?

Осы ақпан айында бізде ПЭТ-КТ атты аппарат іске қосылды. Бүгінге дейін бұл құрылғы тек бір-ақ жерде – Астанада ғана болған. Ол бүкіл ағзаны скринингтеп, қатерлі ісік болса нақты қандай сатысында екендігін анықтап бере алатын замануи техника. ПЭТ-КТ-ның құны шамамен 230 мың теңге. КТ-ның бағасы ең көп дегенде 15 000 тг тұрады. Ал контрастталған МРТ құны 45 мың тг көлемінде. ФГДС – 3000 тг. Оған тек онкологиялық аурудың белгісі байқалғандар ғана барады. ФГДС стринингі бүкіл денедегі белгілерді миллиметріне дейін анықтап береді. Егер генетикалық тексерістен өтетін болса, 28000 тг тұрады. Осының барлығын қосқанда 1000-1500 АҚШ долларынан аспауы керек. Құны әлі де есептелініп жатыр. Сондықтан нақты бағасы наурыз айына жақын анықталар.

Check Up бір күнде 20 адамға дейін қабылдай алады. Тексерілетін адам бір күнге бізге жатады. Барлық тексерудің нәтижесін дискке жазып алып, ертесіне үйіне қайтады.

С: Ал еліміздегі онкологиялық ауруларды емдеу жағы қалай? Ақылы емханаларға сенуге болады ма?

Ақылы емханалардың барлығы бірдей жақсы деп айта алмаймын. Себебі кәсіби мамандар жұмыс істейтін клиникалар өте аз. Көптеген білімі төмен мамандардан құралған орталықтар қарапайым диагнозды анықтай алмайды. Қазір арнайы қауымдастық құрылып, әлемдік дәрежеде ондай клиникаларды арнайы тәжірибеден өткізіп, тексеріп барып, рұқсат беру жағы қаралып жатыр.

Қатерлі ісікті бір ғана адам анықтамайды. Ол гистолог, патомарфолог, радиолог, химиотерапевт, хирургтардың келісіп, ақылдасуы арқылы шешіледі. Содан кейін барып ол адамға қандай ем көрсету керек екенін біледі. Кейде әрқайсысы келіп, әр түрлі шешім айтатын кездер де болады.

Сондықтан мемлекеттік ауруханаларға қаралғаны жөн деп кеңес береміз. Себебі, біз қанша уақыттан бері еліміздегі онкологиялық орталықтарды аралап, жабдықталуын, қызмет көрсетілу жағын біршама ретке келтірдік. Мамандарға оқу-үйрету сабақтарын жүргіздік. Медициналық университеттен резиденттерді институтқа оқуға тартып, арнайы онколог мамандарды даярлап, шет аймақтарға жіберудеміз. Енді олар бәрін ажыратып, көбісі онкологиялық аурулардың белгілерін анықтай алатын дәрежеде.

Сонымен қатар қазір кез келген аймақтағы жасушаны тікелей желі арқылы бірден төрт гистологиялық орталық тексереді. Себебі аппарат та, адам да қателесуі мүмкін.

С: Қатерлі ісіктің жеңіл түрі жазылады деген рас па?

Өкінішке қарай, көп адамдар ауруы әбден асқынғанда, қолдан келер шара қалмайтын кезде келіп, соңы қайғылы жағдайға әкеп соғады. Сондықтан әр адам өз өміріне бей-жай қарамай, бір жылда бір күнін қиып, тексерістен өтіп тұрсын. Аурудың атын естіп, бірден қорқудың қажеті жоқ. І-сатысында қатерлі ісік міндетті түрде жазылады. ІІ, тіпті, ІІІ дәрежелі қатерлі ісікті де емдеп жазуға болады. Ал ІV дәрежеде өте кеш болады. Ол кезде біз ол адамның өмірін тек жарты жылға ғана ұзартып бере аламыз.

Көп адам еш жері ауырмаған соң мән бермей жүре береді. Ол ешкімнің еш жерін ауыртпайды. Білдірмей барып, бәрі кеш болғанда, адамды дәрменсіз күйге түсіреді.

Жақында бізде мынадай оқиға болды. Анасы 22 жасар ұлын ертіп келді. Ұлында туа біткен крипторхизм. Ол дегеніңіз – жұмыртқаның ұмаға түсу үрдісінің бұзылуына байланысты өз орнынан ауытқып, ұмаға түсіп келе жатқан жолында тоқтап қалуы. Бұл жағдайды анасы біле тұра баласын дәрігерге қаратпаған. 22 жыл уақытын жоғалтқанның кесірінен жігіт қазір метастазалардан болатын қатерлі ісікке шалдыққан. Бақытына орай бізде онкологиялық науқастардың ұрығын сақтау бағдарламасы бар. Бір арнайы репродукциялық институтпен келісім жасап, жігіттің спермасын өткіздік. Содан кейін операция жасалады. Операция жасалған соң ол балалы бола алады. Әйелдер үшін де сондай бағдарламалар бар. Жыныс безін қатырып, сақтау тегін. Олар институтта сақталып, емделіп шыққаннан кейін жыныстық безі қайта қалпына келтіріледі.

С: Онкология институтына қандай науқастарды қабылдайсыздар?

Біз мұнда ең ауыр жағдайдағы науқастарды қабылдаймыз. Егер ол науқасқа тұрғылықты жеріндегі мамандар еш көмек көрсете алмаса, нақты диагнозын таппаса, бізге жібереді. Мұның барлығы тегін, квота арқылы іске асады. Ал, дәрменсіз болып, еш жерден ем таппай, бірден бізге келген жандарға тікелей институттан бөлінетін квота арқылы емдеу құқымыз бар.