News

“Қазақстан Аруы-2022” Ұлттық сұлулық байқауына 18 күн қалды

Тән сұлулығы мен жан сұлулығы үйлесім тапқан арулар 18 күннен кейін үлкен сайысқа түсіп, өз бақтарын сынамақ. “Қазақстан Аруы-2022” Ұлттық сұлулық байқауы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған хас сұлуларды қарсы алуға үлкен дайындық үстінде. Естеріңізге сала кетейік, 18 қараша күні әсем қаламыз Алматыда, Республика Сарайында “Қазақстан Аруы-2022” Ұлттық сұлулық байқауының ақтық мәресі өтпек. Онда 25 ару бақ сынасып, жеңімпаз атанған 3 ару “Әлем Аруы”, “Ғалам Аруы” және “Жер Аруы” атты халықаралық сұлулық жобаларына жолдама алмақ. 

Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, биылғы сынақ жылдағыдан өзгеше болғалы отыр. Ұйымдастырушылар құрамының толығымен өзгеруі қатысушылар мен аймақтық ұйымдастырушыларға деген талапты да күшейткен. Мұның себебі де жоқ емес. Алдағы жылы әлемдік сұлулық байқауына баратын “Қазақстан Аруы” елімізді мақтанышпен таныстырып, өз елінің беделін абыроймен қорғап шығуы тиіс. Онда жеңімпаз атану да байқау ұйымдастырушылараның басты мақсаттарының бірі.

Айта кетейік, “Қазақстан Аруы” байқауы биыл 26-шы рет өткізілгелі отыр. New Era Reincornation бағытында өткізілгелі отырған байқау биыл тек аруларды таныстыру ғана емес, олардың ішкі жан сұлулықтары мен ақыл-парасаттарына да ерекше назар аудармақ ниетте. 25 ару 4 түрлі қойлыммен таныстырылып, жоба арнайы шақырған беделді әділқазылар алқасымен бағаланатын болады. Кеш хэдлайнерлері Loboda, Дастан Оразбеков, Әмре, Раим, Ninety One, Луина және Еңлік пен Рауана. Байқаудың бас серіктесі – Sun Group компаниясы.  Басты ақпаратты қолдаушы НТК арнасы, Lux FM радиосы және exk.kz  және stan.kz сайттары.

Қазақстан Аруы байқауын көрем деушілерге есік ашық. Билеттер Республика сайының кассасында және тикетон сайтында.