Бала саулығыДенсаулық

Сөйлеу мен сенім: Тұтықпаны тоқтатыңыз

Сөйлеген және тыңдаған жанды ыңғайсыз күйде қалдыратын тұтықпа – ертеден таныс құбылыс. Көп ата-аналар баланың тұтығып сөйлеуін «өткінші құбылыс» санап, аса мән бермейді. Алайда бұл баланың болашағына, дамуына кері әсер ететін үлкен кедергі.

245Қаралымдар

Кекештік дегеніміз не?

Тұтықпа – сөйлеу аппараты бұлшықеттерінің тырысуынан болатын сөйлеу қалпының бұзылуы. Бұл кезде адамда сөйлеу ырғағы мен тыныс алу реті нашарлайды. Яғни, бала кейбір дыбыстарды созып немесе буындарды қайталап, еріксіз мүдіріп, іркіліп айтады. Бұл іркіліс кейде тым ұзаққа созылуы мүмкін. Жалпы, адамның сөйлеуі денелік мүшелерге және эмоционалдық ортасына тығыз байланысты.

Тұтықпа немесе кекештікке әкелер 8 себеп

  • Тұқым қуалау. Мұндайда жақын адамдарының бірнешеуінде тұтықпа кездеседі.
  • Әдет. Сөйлеп отырып анда-анда ғана тұтығып қалса, әдет болуы да ықтимал. Еліктеу әсерінен басталып, кейін кекештеніп сөйлеуге дағдылануы мүмкін.
  • Құрсақтағы инфекция. Бала іште жатқан кезде анасының әртүрлі инфекциялық аурулармен ауруы немесе балаға ауа жетіспей қалу, туылу барысында жарақат алуы;
  • Жүйкенің бұзылуы. Орталық жүйке жүйесінің жұмысындағы бұзылыстар;
  • Күйзеліс. Біз ата-аналардан «Балам қорқып, үрейленген соң тұтыға бастады» дегенді жиі естиміз. Ал кейбірі «балам науқасқа шалдыққаннан кейін кекеш болды» дегенді айтады. Бұл отбасындағы кикілжің немесе өзіне деген негативті қарым-қатынастан, я жаңа ортаға барып, өзгеріске бейімделе алмау салдарынан да орын алады.
  • Теледидар мен компьютер. Шын мәнінде жүйке жүйесі әлсіз, жәбір-жапаны көп шеккен, жүйке жүйесі жетілмеген балалар тұтықпаға бейім келеді. Бұған баланың агрессивті мультфильмдерді жиі көріп, компьютерлік ойындарды шамадан тыс ойнауы да әсер ететінін атап өткен жөн;
  • Артық жүктеме. Кейбір балалар ертеден жақсы сөйлеп, өлең, ертегілерді тез жаттап алады. Мұны ата-ана мақтаныш көріп, балаға жасына сай емес өлеңдерді жаттата бастайды. Оны қонақтарға айтқызып, баласына сөздік салмақ түсіреді. Бұл – үлкен қате.
  • Мінез-құлық ерекшелігі. Мысалы, кейбір балалар асығып тез сөйлесе, енді бірі ашушаң, ызаланғыш келеді. Бала кейде соның әсерінен де тұтығып сөйлейді. Оған қоса, психологиялық себептерге баланың өзіне деген сенімділігінің төмен болуы жатады;

 

Жасқа байланысты ерекшеліктер

Тұтықпа мектепке дейінгі жастағы балаларда кенеттен немесе біртіндеп пайда болуы мүмкін. Әсіресе, бұл 2-5 жас аралығындағы балаларда жиі кездеседі. Жасөспірім кезде ер балаларда дауыс өзгереді, осы шақта, тұтығу белгілері азайып немесе жойылып та кетіп жатады. Бұған адамның дауысы және сөйлеу ырғағының өзгеруі әсер етеді. Алайда жойылып кеткен кекештік кейін қайта көрініс табатын кездер де бар. Бұл ересек шақта бас ми қызметінің әлсіреуі немесе жарақат алу салдарынан болуы ықтимал.

 Тұтығып сөйлейтін балалардың бойындағы өзгерістер:

Тілінде мұндай ақауы бар естияр бала сөйлеуге қысыла бергендіктен, көбіне тұйықталып қалады. Бұл оның сабақ үлгерімі мен адамдармен қарым-қатынас жасауына кері әсерін тигізеді. Өмірде өз жақындарының арасында ғана еркін сөйлеп, танымайтын ортада тұтығып сөйлейтін балалар да бар.

 Қалай көмектесеміз?

Баланың кекештігіне көз жеткізген бойда арнайы маманға жүгініп, оның себептерін анықтауға тырысыңыз. Тұтықпа міндетті түрде кешенді қолдауды қажет етеді. Алдымен невропатолог дәрігерінің кеңесін алып, содан соң логопед сабақтарына барған жөн. Бұл әдеттің пайда болу жолдарына байланысты кейде психолог маманының да көмегі керек.

Медициналық жолмен зерттеу кезінде емдеудің мынадай белгілі бір курсын белгілейді:

  • Жүйке жүйесін нығайту;
  • Физиотерапиялық емдер;
  • Босаңсыту массаждары;
  • Дәрумендер (бала ағзасын шынықтыру).

Тұтықпадан арылудың ерте-кеші жоқ. Сөйлеу ырғағын қайта қалыптастырып, кез келген жаста тұтықпаның белгілерін басуға немесе жоюға болады. Одан біржола құтыла алмау – өз-өзіне деген сенімсіздіктен, емделуге дұрыс мән бермеуден болады.

Кекештікті жоюға септігін тигізетін кеңестер:

  • Жаман ойлардан арылту: «мен қазір тұтығып қаламын» деген ой болмау қажет. Сондықтан баланы «дұрыстап сөйле», «қайталап айт» деп көп түзете бермеңіз. Яғни, баланың өз-өзіне деген сенімділігі жоғары болуы тиіс;
  • Тыныс алу жаттығуларын жасату: мұрынмен терең тыныс алып, ауызбен ұзақ дем шығару; тынысты шығарған кезде дауысты дыбыстарды созып айту;
  • Логоритмикалық, яғни сөйлеу тілін дамытуға арналған жаттығулар жасату және ән айтқызу;
  • Салауатты өмір салтын ұстану. Әсіресе, жүзу – адамның диафрагмалды тыныс алу дағдысын жақсартады;
  • кітапты мәнерлеп, дауыстап оқыту және т.б. тәсілдері қолдану.

Сөйлесуде бойын сенімсіздік билейтін балаларға арналған ережелер:

  • әңгімелескенде сөйлесіп тұрған адамның бетіне тура қарау;
  • әрқашан баяу, асықпай-саспай сөйлеу;
  • сөйлескенде басты салбыратпай, артық қозғалыс жасамай, денені тік ұстау;
  • жауап беруге асықпай, айтатын сөзді іштей қайталап алу;
  • алдымен демді ішке тартып, сосын бірден сөйлей бастау.

Осы ережелерді еске сақтап, үнемі пайдаланып отырса, адамдармен сөйлесуде ешқандай қиындық болмайды.

 Кекештенудің алдын алу жолдары:

  • Балалық шақта күйзелістік жағдайларды болдырмау;
  • Тілі жаңа шыққан балаға сөйлеу тілінің дамуына дұрыс жағдай жасау;
  • Бала тілін ойын, ертегілер және логоритмикалық жаттығулар арқылы дамытып отыру;
  • Баламен жай әрі асықпай сөйлесу және оның жауап беруіне уақыт беру;
  • Балаға сөйлеу барысында дұрыс тыныс алып, мәнерлі және ырғақты сөйлеуді ерте бастан үйрету қажет.

Жанар Тұрдымұратқызы Естемесова, Алматыдағы «Түзету педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» логопед маманы, әлеуметтік педагог, «Логопедиялық массаж ерекшеліктері» туралы әдістемелік құралдың авторы.