Жан әлеміӨкініш

Келінімнің қарызы қалтамызды қақты

Ұлым 23 жасында үйленді. Алған әйелі өзінен де жас. Келін болып түскенде жоғарғы оқу орнының үшінші курс студенті болатын, қосымша жұмыс істеп жүрген. Жастар отбасын құрамыз деп шешкенде ұлыма біраз ақылымды айтып, аяққа нық тұрып алуын өтінгенмін. Көнбеген соң, өміріне балта шаппайын деп, сүйгеніне қосылуға келісімімді беріп едім…

Ұлым араға ұзақ уақыт салмай келінді ұзатып үйге әкелді. Құдалығын өткізіп, бар салт-жоралғыны орындадық. Аста төк той жасамай, екі жақ жастардың қалағанын әперейік деген ұсыныс та болған. Бірақ құдалар “Қызым ақ көйлегін киіп, ел қатарлы шаңырақ көтерсін” деген соң тойын да жасадық.

Құдалардың көңілін таптық па, борышымызды өтедік пе деп ойлап жүрген кезде ұлым келіннің басында үш миллион теңге несие бар екенін айтып, төбемізден жай түсірді. Сөйтсек, құдалар қыз ұзату тойын қызының атына несие алдыртып жасапты. Енді сол қарызды біз төлеуіміз керек екен. Бәрінен бұрын олардың “Қызымыз енді сендерге өмір бақи қызмет етеді. Олай болса неге төлемеске?” деген сөзі таңғалдырды. Содан бері 1 жыл өтті. Ай сайын келініміздің несиесін өтеп келеміз. Көнбеске амал жоқ. Ұлымыздың бағы сол қыз болған соң, үндемей келеміз. Келін қазір жұмыссыз үйде отыр. Үй шаруасын да айтпасаң өзі жасап кетпейді. Тым болмаса күйеуімнің жағдайын жасайын деп те ойламайды. Кейде өмірге налып кетемін. Алда болашағымыз қандай болар екен? Отбасымызда тек мен және ұлым ғана қызмет етеді. Басымызда баспанамыздың барына шүкір деймін. Әйтпесе келінімнің қарызы қалтамызды әбден қақты.