Екеудің құпиясыЖан әлемі

КЕШІГІП ЖЕТКЕН БАҚЫТ

Мақсат екеуміз мектеп қабырғасынан дос болдық. Көрші тұрып, мектепке бірге барып, бірге қайтатын едік. Оның жанында өзімді еркін және бақытты сезінетінмін. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде, сыныптастарым маған тиісіп жатса Мақсат мені қорғап, олармен төбелесе кететін. Сабақтан бірге қайтқанда бір-бірімізге: «Үлкейгенде екеуміз үйленеміз және бақытты өмір сүреміз» деп айтушы едік.

Осылайша уайымсыз, ойнап-күліп жүргенде он бір жыл уақыт өте шықты. Ендігі бар уайымымыз тапсырған ҰБТ-ның қорытындысын есту болды. Мектеп директоры барлығымыздың баллымызды қолындағы тізімнен қарап айта бастады. Садыкова «101 балл» дегенде өзімнен бұрын қасымда тұрған Мақсат қатты қуанды. Ал оның баллы тіпті шекті ұпайға жетпей қалды. Ол оған қатты қайғыра да қоймады. Сырттай оқуға тапсыратынын айтты. Оның бар қуанышы менің бақытты жүзімді көру екенін мен ол кезде сезген де жоқпын. Мақсат өз сезімін алғаш рет мектеп бітіру кешінде «Әйгерім саған деген сезімімді сезетін шығарсың. Мен сені бала кезден ұнатамын», – деп айта бастады. Осы сөздерді естігенде жүрегім алып-ұшып кетті. Сол сәтте оны менің де қатты жақсы көретінімді түсінгенімде, орны толмас өкінішке бой алдырмас па едім. Ал мен «сені жақсы көремін, бірақ тек дос ретінде ғана, одан басқаны ойлаған емеспін. Оның үстіне мен қалаға оқуға барамын. Ал, сен ауылда қаласың. Екеуміз бірге бола алмаймыз»,– деп артыма қарамастан шығып кеттім. Сол оқиғадан кейін қалаға оқуға кеттім. Жаңа өмірге қадам басып, жаңа жерде жаңа достарыммен араласып жүрсем де Мақсат үнемі ойымнан шықпады. Оны қатты сағынатын болдым. Мақсаттың жаным қиналғанда қасымнан табылып, демеу болғанына үйреніп қалған болуым керек.

***

Уақытқа тоқтау бар ма, қаладағы қызығы мен қайғысы қатар жүретін өмірім өтіп жатты. Арада біраз уақыт өткенде Ұлан деген жігітпен кездесе бастадым. Ұланның сыйлаған қымбат сыйлықтары, айтқан жылы сөздері Мақсатты ұмыттырды. Онымен қыдырып, жатақханаға кешігіп қалған кездерімде ол мені өз пәтеріне алып баратын. Бірде Ұлан маған жақындауға тырысқанда «Мен олай жасай алмаймын», «Сені жақсы көретінім рас, бірақ барлығы өз уақытымен» деп айта бастағанымда «IX ғасырда өмір сүріп жатырмысың, онда тұрған не бар. Бәрібір мен саған үйленемін» деген сөздеріне алданып қалғанымды кеш түсіндім. Осындай жағдайлар жиілей бастады. Бір күні жатақханада қыздармен шай ішіп отырғанымда басым айналып жерге құлап түстім. Құрбыларым асып-сасып мені жедел жәрдеммен ауруханаға апарғанда есімді бір-ақ жидым. Сол кезде қыздардың маған қарап тұрып, «сенің аяғың ауыр екен» деген сөзін естігенде жанымды қоярға жер таппадым. Жасаған ісіме қатты ұялдым. Не істерімді білмей дал болдым. Ұланмен кездесіп бар жағдайды айтқым келді. Қоңырауыма жауап бермеген соң пәтеріне бардым. Есігін қаққанымда үстіне ер адамның жейдесін киіп алған бір қыз ашты. Ар жағынан: «Тапсырысымыз келіп пе?», – деген Ұланның дауысы шықты. Айтпаса да түсінікті болды. Байдың ерке баласының сөзіне алданып жүрген жалғыз мен емес екеніме көзім жетті. Сыртқа қалай жүгіріп шыққанымды білмедім. Жауып тұрған жауынға қарамай, басым ауған жаққа қарай жүре бердім. Тап сол  жауын мені күнәларымнан арылтатындай сезіндім. Сол сәтте ойыма келген нарсе «мен енді сенімен бірге бола алмаймын. Мен қалаға кетемін, ал сен ауылда қаласың», – деп Мақсатқа айтқан сөзім. Біреуге жасағаным алдыма келді. Қатты қиналдым. Баланы алдыртып тастауға дәтім бармады.

***

Үшінші курстың соңғы емтихандарын тапсырып, ауылға қайттым. Жол бойы «Ата-анама не айтамын, үйге не бетіммен барамын» осы сан түрлі сауалдар маза бермеді. Үйге келгенімде отбасым әдеттегідей мені қуана қарсы алды. Ата-анам, бауырларым маған жылы қабақ танытқан сайын, өзімнен, жасаған әрекеттерімнен жиіркене бастадым. Ешкіммен сөйлеспей, тұйық болып алдым. Бір күні кешкісін сыныптастарымызбен бас қостық. Сол кеште араға үш жыл салып Мақсатпен кездестім. Үстіме біреу суық су құйып жібергендей болды. Оның көзіне тік қарай алмадым. Достарымыз болса өздерінің басынан өткен оқиғаларын айтып күліп-ойнап отырды. Мақсаттың маған тесіле қарап отырғанын көріп, көзім жасқа толып шыдай алмай шығып кеттім. Ол іле-шала артыман еріп шығып, қолымнан ұстай алды. Көзімнен еріксіз аққан жасты тоқтата алмай «Мені кешірші» деп қайталай бердім. Оған басымнан өткен жағдайдың бәрін айттым. Үндемей тыңдаған ол ештеңе айтпастан кетіп қалды. Ішімдегі жан сырымды сыртқа шығарып, жеңілдеп қалғандай сезіндім.

***

Келесі күні түс ауа үйге Мақсат және ата-анасы келді.  Мақсаттың әкесі менің әкем мен анама: «Сендердің Әйгерім қыздарыңа құда түсіп келдік», – деді. Әкем сонда «Осы екеуінің осындай бұйымтаймен келетінін кезінде айтушы едік», – деп өзара әңгімелесіп жатты. Осы кезде Мақсат маған «Әйгерім, мен сені бала кезімнен жақсы көремін. Маған тұрмысқа шықшы. Біз екеуміз бақытты боламыз. Уәде етемін», – деді. Осы сөздерден кейін басымдағы қара бұлт сейілгендей болды. Міне, арада екі жыл өтті. Мақсат екеуміздің ұлымыз және атасы мен әжесінің көз қуанышы Арманымыз бар. Баламның балдай тәтті қылықтары үлкен қаладағы өткен үлкен өкінішімді ұмыттырды. Мақсаттың адал махаббаты жаныма қуат, көңіліме демеу бола білді. Бірақ, Арманжанның кімнің баласы екенін Мақсат екеуміз ғана білеміз. Мақсат айтқандай «Арман менің балам және мен оның әкесімін». Тағдырымның маған екінші мүмкіндік бергеніне қуанамын. Бүгінде ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана, бақытты жанмын. Басымнан өткен оқиға қолымдағы барымды бағалай білуге үйретті.