Сән

Киімді құнды етіп көрсетудің 8 тәсілі

Жаппай сатылымнан алған киіміңіздің қымбат көрінгенін қалайтын кездеріңіз бола ма? Ендеше біз ұсынған кеңестерге көз жүгіртіңіз.

1. Алынған киімді мүсініңізге шақтатып қайта тіктіріп алған жөн. Қарапайым белдемшенің өзі тігіншінің қысқартуының арқасында мүсініңізге қонымды болса қымбат көрінеді. Негізінде дайын киімнің денеге қонымды болуы сирек кездеседі. Сондықтан жаңа киім алғанда ательеге барып ұзындығын қысқартып немесе сәл тарылтуға болатынын үнемі ескеру керек. Тек дүкенде киім таңдау барысында киімнің үлгісі қарапайым болса, оны сіздің мүсінге лайықтау да оңай болатынын ескеріңіз.

2. Үнемі жаңа секілді көрініп тұратын киімді киіңіз. Егер киімде сіз кетіре алмайтын дақ пайда болса химиялық тазалауға тапсырыс беріңіз. Дақты олар да кетіруге қауқарсыз болса ол киіммен қош айтысқаныңыз абзал. Киімнен жіп шығып тұрса, түймесі босап қалса, тігісі кетіп бара жатса, дереу бұл кемшілікті басқалар байқамай тұрғанда қолға алу керек.

 

3. Жақсы киімді үнемі жуа беруге болмайтынын ескеріңіз. Әрине киімнің таза болғаны маңызды. Бірақ киімді жуа берсеңіз ол қанық түсінен айрылады. Арзан әрі ескі көрінеді. Қымбат киімді химиялық тазартуға берген дұрыс. Мүмкіндігінше дақ тиген жерін ғана жуып, кептіріп алуға да болады.

4. Үйіңізде жәй үтікпен қатар бу үтік те болғаны жөн. Қыртыстар мен қатпарлар киімді ескі етіп көрсетеді. Оның үстіне синтетикалық киімдерді үтіктеуге болмайды. Жақсы бу үтігі сіздің көйлектегі қыртысты жылдам жояды. Киімді таза сақтау үшін көп жуа бергеннен көрі бу үтікпен тегістеп, бөлменің терезесін түнге қарай ашық қалдырған дұрыс. Түнгі салқын ауа жағымсыз иістен арылтып, таңға жақын сіз жаңа ғанаи жуылғандай тап-таза киімді киіп шығасыз.

5. Көріктілік – қарапайымдылықта. Гардеробыңызды жаңартқыңыз келсе, қарапайым киімдермен кербез көрінуге әрекет жасаңыз. Түрлі тастармен безендірілген кофталарды, жылтырақ джинстар сатып алудың қажеті шамалы. Сіз алған киіміңіздің басқа киімдермен үйлесуі туралы ойланыңыз.

6. Киімдегі түймелерді ауыстырыңыз. Киімнің қымбат көрінуіне түйменің де әсері жоғары. Сондықтан пластикалық түймені темірге ауыстыруып көруге болады. Әрине, әр нәзік жанды түйме қадай алғаны дұрыс. Қадай алмасаңыз ақшаңыз шығындалады.

7. Негізінен қара түсті киімдерге ден қойған дұрыс. Қоңыр немесе зәйтүн түсті киімдер түсін тез жоғалтып алады. Әсіресе аталған түспен тігілген киімнің матасы арзан болса, сәнділігін тез жоғалтады. Бір жуғаннан соң өңін өзгертеді. Қара және ақ түсті киімдердің құндылығы төмендемейтінін ескеріңіз.

8. Киіміңізге сәйкес түстегі іш киім киген дұрыс. Әсіресе жұқа киімдерден іш киімдер көрінетін болса ол сізді ыңғайсыз жағдайда қалдырмай, керісінше сұлбалардың үйлесуімен сізді тартымды ете түсуі тиіс. Іш киімнің тысқы киіммен үйлесуі сіздің образыңызды қымбат киінетіндер қатарына кіргізуге әсер етеді.