Бала саулығы

Кішкентай тістердің күтімі

Сау қызылиек –сау тіс

Бала дүниеге келген сәттен бастап  барлық  сүт  тістерімен туады,бірақ ол қызыл иек астында орналасады. Алғашқы  тістер 6 айдан бастап шығады. Сондықтан тіс күтімін тістер жарып шықпай тұрып бастау маңызды. Сау қызылиек –сау тіс.  Сол себепті  тіс жарып шықпай тұрып қызыл иекті жылы сумен анасы  сүртіп тұруы  қажет. Бала  2,5 -3- ке тола бастағанда бүкіл сүт тістері жарып шығады. Сондықтан да  осы кезден бастап балаларга арналған тіс пастасы мен тіс щеткасын қолданған дұрыс.

Түбірлік ұлпа  

Сүт тістерін  ерте кезеңде яғни тісжегі басталған сәтте бірден емдеген абзал. Себебі ол кезде емдеудегі  жағымсыз сезімдерді азайтып, емдеуді нәтижелі түрде жүргізуге болады.  Сүт тістерін  емдеу – күрделі. Егер қаралушы бала болса, ол  дәрігер жұмысын екі есе қиындатады. Басты қиындық – бала кішкентай  болғандықтан емес, күрделігі тіс ұлпасын алып тастаған соң тіс «өлі» болып саналады.  Оның түбір сауыты  табиғи жолмен емес,  оданда тез құртылады. Бұл өз кезегінде тістің табиғи ауысуына әсер етеді  де, одан ары бұл көп жағдайда тістемнің өзгеруіне алып келеді. Осы асқынуларды алдын алу үшін біз тіс ұлпасын сақтауға тырысамыз. Сүт тістерінде ұлпа қабынуы кезінде тек сауыт ұлпасын ғана алып,  түбірлік ұлпасын сақтаймыз бұл әдіс витальды ампутация немесе пульпотомия деп аталады.

Тіс жегі қалай пайда болады?

Тістердің қарайып мүжіліп кетуі стоматологияда деминерализация  деп аталады. Деминерализация – эмальдың  бұзылуы. Сахарозаны көп әрі жиі қолданған кезде рН 4,5 төмендейді. Өкінішке орай, балалар   тәттіні өте жақсы көреді.Балалар тістерін дұрыс тазаламағандықтан тәттілер  тістердің табиғи ойықтарында қалады да, жергілікті рН төмендеп, тісжегі пайда болады.

Маржандай тізілген тістер

Тістердің  қисық болмауы үшін алдымен оның себептерін білу керек. Қисық тіс бір  немесе бірнеше фактор жиынтығынан пайда болады. Тұқым қуалаушылық факторы бар. Ата –ананың тістері дұрыс орналаспаса,  жүктілік кезінде генетиктен кеңесу қажет. Бала жасанды тамақтанатын болса,  емізіктің тесігі мен   тамақтану кезінде шөлмектің орналасуын қадағалау қажет. Бала рационына қатты тағамдар қосқан дұрыс. Жағымсыз әдеттері болса саусақ сору,қолын басына ұстап ұйықтау т.б. – күресу қажет.Тіс дәрігеріне жылына 2 рет бару керек. Тіс дәрігері қандай да бір өзгеріс, тістің қисық өсуіне қандай да бір фактор әсер етіп тұрса, ата-анасын ескертіп ол факторды жоюға тырысады.

Керек кеңес

Ата-аналар сүт тісіне түскен тісжегіге онша мән бере бермейді. Орнына жаңа тіс жығады ғой деген көңіл жұбатуда болатындары анық. Рас, орнына тіс шығады. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты бар. Жегі құрт мүжіген тісті ертерек жұлуға тура келеді. Ерте жұлыған тістің орнына шығатын тісте ерте өсіп шығады. Ал ол тіспен сіз саналы ғұмырыңызды өткересіз. Сондықтан оның ерте емес, өз уақытымен шыққаны жөн. Сондықтан сүт тіске түскен түйірдей ғана қара дақты байқасаңыз, баланы дәрігерге алып келіңіз.

Қырмызы Тәуекел

Балалар тіс дәрігері