Cән мен сұлулықДене күтімі

Қолыңызды дұрыс күтесіз бе?

Әйел жасын оның қолдарынан аңғаруға болады. Соны біле тұра көпшілігіміз қол күтіміне көп уақыт бөле бермейміз. Бірақ, қолымыз күнделікті күтімді қажет ететіндіктен оған арнайы уақыт бөліп тұрған абзал.

Ең алдымен қолға арналған жақсы кремге көңіл аударыңыз. Бір өкініштісі көпшілігіміз жақпа майларды күн суытып, тері жарыла бастағанда ғана ойымызға аламыз. Әйел адамның қолының терісі өте нәзік келеді. Мұнда май бездері мүлдем жоқтың қасы болғандықтан аяз, қатты жел, күн сәулесі, су, шаң-тозаңның өзі жағымсыз әсерін тигізері сөзсіз. Соның салдарынан қолымызға ерте әжім түсіп, тамырлары шығып кететін кездер болады. Мұндай келеңсіздікке душар болмаудың жолдары қандай? Қол күтімінің қандай түрлері бар? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

1. Тазарту

Мамандардың пікірінше, қол жууға сұйық сабынның тигізер пайдасы зор. Оның құрамында ылғалдандыратын компоненттер болғандықтан қол терісін жұмсартады әрі жақсы тазартады. Сұйық сабынның орнына құнарлылығы жоғары құрғақ шашқа арналған сусабын пайдалансаңыз да болады. Ал кей әйелдер қолын мұқият жуып алғаннан кейін, салқын сумен шайғанды ұнатады. Бұл қан айналымын жақсартып, теріні жандандырады әрі тамырдың шодырайып шығып кетпеуіне көмектеседі. Сондай-ақ, қолды тазартып, нәрлендіру үшін пилинг пайдаланған да дұрыс. Мұндай күтімді аптасына екі рет жасап тұрсаңыз теріңіз жұмсарып, ағара түседі. Тіпті, денеге арналған скрабтың өзін ылғалдандыратын сүтпен, яғни молочкомен араластырып жағуға болады, оның пайдасы арнайы қолға арналған қоспалардан кем түспейді.

2. Ылғалдандыру

Дененің басқа бөліктеріне қарағанда қолдың үстіңгі терісінде судың мөлшері 5 есе аз болады екен. Қолымызды жиі жуғанның салдарынан, әрі шаруашылықта пайдаланылатын заттардың құрамында болатын химиялық қоспалар жағымсыз әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан қолды кез-келген сыртқы зиянды әсерлерден қорғанған жөн. Бетіңізге жақпайтын кремді қолыңызға пайдалануыңызға болады. Қолыңыз бет терісі сияқты нәзік болмайтындықтан әртүрлі жақпа майларды аса көп талғамайды.

3. Ағарту

Күн өткен сайын пайда болатын қолдағы қоңырқай дақтар арқылы адам жасын анықтауға болады екен. Тіпті, кішігірім қара дақтың өзі жасты ұлғайтып тұрады. Қазіргі таңда мұндай реңдерді кетіретін көптеген сарысу, майлар баршылық. Сондай-ақ, сұлулық салондарында пилинг жасатып, фото-лазерлі ем-шаралар жасауға болады. Айтпақшы, күн сәулесінен қорғайтын кремдер де дақтардың алдын-алуға жақсы көмектеседі.

4. Қалпына келтіру

Жас ұлғайған сайын тамырлар да шодырайып шығып кетеді. Ол көбіне арықтаған кезде, тері жұқарғанда, буынға мөлшерден тыс салмақ түскен жағдайда орын алады. Мұндай жағдайда мамандар терінің астына құрамында гиалурон қышқылы бар дәрі-дәрмек егудің пайдасы зор екендігін айтады. Соның салдарынан қол терісі қалыңдайды және тамыр аса байқала бермейді.

5. Тырнақ күтімі

Бүгінгі таңда тырнақты гельдің көмегімен өсіру арқылы сынудан қорғауға болады. Алайда, мұндай маникюрдың барлығына бірдей ұнай қоюы екіталай. Әсіресе, ер адамдар мұндай жасанды тырнақтарды ұнатпайды. Мамандардың айтуына қарағанда, тырнағыңыз қысқа болған күннің өзінде маникюр жасап жүру қажет. Сонда қолыңыз нәзік әрі әдемі көрінеді және қатайтып, қоректендіретін жақпаларды, майларды және кремдерді пайдаланып жүрген жөн.