СұқбатСырласу қонағы

КӨҢІЛГЕ КӨКТЕМ БОЛЫП ОРНАҢДАР

Ер азаматтың есіктегі басын төрге сүйрейтін құдіретті күш - нәзік қана әйел затының қолында екені бес енеден белгілі. Сол себепті ер адамдардың ақ тілектері мен талғамы қандай бұрымдыларға түсетінін білгіміз келген еді. Бұл нөмірде «Сырласу қонақтары» сырғалымдарға мерекелік жүрек лебізін жеткізе отырып, нәзік әлем хақындағы пікірлерін жеткізді.

Нұрлан Әлімжан, актер: «Ер адам құлпырып кетіпті» деген тіркесті естіп көріп пе едіңіз? Ал біз әдемі қыздарға көктемдей құлпырып кетіпсің деп айтып жатамыз. Көктем мен әйелдің ұқсастығын осыдан-ақ бағамдауға болады. Мен арының тазалығын алдыңғы орынға қоятын қыздарды бағалаймын. Боянып, бренд маркалы киім кию – әдеміліктің кепілі емес.

Тарихта атақты бренд киімді киіп тарихта қалған кім бар? Біздің Домалақ, Қарашаш, Гауһар аналармыз ақылдылығының арқасында аңызға айналды емес пе? Бергі тарихты қозғайтын болсақ Алаш зиялыларының жарлары да асыл азаматтардың мұраларын сақтап, жеткізуімен бағаланады. Олардың бойының ұзындығына, кеудесі мен бөксесіне, француз иіс суын пайдаланғандығына қатысты құрметтемейміз ғой?! Олар рухани әлемі бай болғандығымен құнды кісілер. Қазақтың ер азаматтарының ұрпақтарына тәлім бере алатын бұрымдылар бағалы.

Көктем мен нәзіктікті, ал нәзіктік пен әйел затын бөлім қарастыру мүмкін емес. Сондықтан аяулы жандардың төл мерекелері осы мезгілге сәйкес келетінін құптауға болады. Сонымен қатар, әз мейрам наурыздың да көктемде тойланатындығы үйлесім тауып отыр. .

 

Жасұлан Қыдырбаев, спортшы, чемпион: Құдай қосқан жар мен құрсағынан әлдилеген аналарды аялау қажет. Біз жолсапарларда көп жүреміз. Он екі айдың он айында тыста жүреміз. Жұбайым, әке-шешем мені ұдайы сағынып жүреді. Биыл 8 наурызда үйде болуға тырысамын. Үйдегі жартымының көңілі марқайса, тыста жүргенде менің де абыройым асқақтай түсетіне сенемін.

Мен жар таңдау мәселесіне келгенде ешбір абдырамадым. Өйткені мақсатым айқын болатын. Бұрымдылар арасынан өзімнің анама ұқсайтын қыздарды іздедім. Өз басым әйел адамның саусақтарына қатты мән беремін. Себебі ас та, үй жинау да, киім тігу де қол арқылы жасалады. Нәзік те салалы саусақтар барлық іске икемді, шебер келеді деп есептеймін. Әйелдің барлығы – әдемі. Табиғаттың берген әдемілігін көркем мінез және тартымды қылықпен бердерлей білген бикештердің бағы ашылады деп білемін. Спортта талай жетістіктерді бағындырып жүрген қыздарымыз да бар. Біздің үйдегі от анасы бұрынғы боксшы. Бірақ екеуміз де бір үйге бір спортшы жетеді деп шештік. Спортшының жары болу өте қиын. Қазір оған ешбір өкінбейміз. Мен ең алдымен елім үшін, одан кейін отбасым үшін жеңіске ұмтыламын. Ал, жарым болса үйде отырып тақымын қысады. Бұл – өмір заңы.

Нұржан Керменбаев, әнші: Әлсіз де нәзік жандыларды әрбір ер адамдар құрметтеуден тартынбауы керек. Себебі олардың бағасы біздің өз анамыздан кем емес. Әр шаңырақтың асындағы келіншектер мен секілді азаматтардың ұрпағын аялап, тәрбиелеуші емес пе? Сондықтан анамызды сыйлаған ұрпағымыздың аналарын құрметтеуден жалтармасақ екен.

Адамгершілік пен тәрбиесі үйлесетін қазақ қыздары өте көп. Қыздың сыртқы келбетіне мән берген дұрыс. Қасыңда еріп жүретін әйел затының әдемі болғаны ешкімге кедергі емес қой. Мен жарыммен концерттік қойылымнан кейін таныстым. Ол мені ұнататынын білдірді. Меніңше қыздың өз сезімін емеурін арқылы білдіруінде ешқандай ерсілік жоқ. Себебі ол маған деген сезімі барын білдірмесе, мен оны ешқашан байқамай өтер едім ғой. Қазір Назерке атты қазақтың аруымен анамның ақ батасын алып, шаңырақ көтеріп, ғұмыр кешіп жатырмыз. Өзге де өзекті жандар секілді біздің де бақыттан үмітіміз бар.

Ең бастысы енесін сыйламайтын келіндер туралы естігенде ет жүрегім езіліп кетеді. Сондай олқылықтан құдай сақтаса екен.