Жан әлеміӨзіңді дамыт

АУТОФОБИЯ: Жалғыздықтан қорқу

Қорқыныштың түр түрі бар. Десе де, қазақ табиғатынан жуас, әрі тұйық халық болғандықтан біз өзімізді мазалаған фобияларымыз жайында айта бермейміз. Ал, аутофобия, яғни, жалғыздықтан қорқу туралы не білеміз? Қазіргі қоғам дерті саналып отырған ажырасу мәселесінің бір мәні осы фобиямен байланысты емес пе? Себебі мамандар «жалғыздықтан қорыққан жандар ғана көзін тарс жұмып тезірек үйленуге бейім болады» дейді. Ендеше, аутофобия туралы кеңірек біле отырыңыз.

Жақындарыңыз көп бола тұра үйде оңаша қалсаңыз әлемде жалғыз қалғандай, қорқынышты сезінесіз бе? Олай болса, сізде аутофобия құбылысы бар деген сөз. Бұл сүйікті адамның болмауымен немесе адамға өте маңызды заттармен байланысты болуы мүмкін.

 Бұл қорқыныш қалыпты жағдай ма?

Таяқтың екі ұшы бар. Мұндай аздаған қорқыныштың болуы бір жағынан жақсы деуге болады. Өйткені, бұл – өмір сүруге, дамуға көмектесетін реакция. Тарихтан белгілі болғандай, ата-бабаларымыз ешқашан жалғыздықта өмір сүрмеген. Олар әрдайым тайпа, ру немесе топ болып бірге жүрген. Әрине, дәл қазір олай өмір сүрмейміз. Десе де, адамның табиғаты ақырындап өзгеріп келе жатыр.

Нағыз фобияны қалай анықтаймыз?

Өз үйіңізде де жалғыз қала алмасаңыз, әрі қауіпсіздікті сезіну үшін әрдайым жаныңызда біреу жүруі тиіс болса – мәселеңіз күрделі. Мұндай жағдайдың бір-екі рет қайталануы қалыпты. Бірақ, үнемі бойыңызды үрей билеп, сасқалақтап, мұңға батсаңыз, сізге жалғыз қалу өте жағымсыз екенін түсінуге болады. Оған қоса, қорыққаннан іш, бас, бұлшықеттер түйіліп ауырып, ұйқысыздық орын алады. Сондай-ақ, дүкенге немесе шаштаразға да құрбыңыз, не күйеуіңізсіз барғыңыз келмейді.

Қорқыныш қайдан пайда болады?

Оның негізгі үш себебі бар:

  • аутофобияның адамда бұрыннан болуы;
  • жалғыз қалғанда ауыр соққы алып немесе бір нәрседан зардап шегуі;
  • адам күйгелектеніп, уақытша көңіл-күйі түскенде пайда болуы.
Ол қарым-қатынасқа қалай әсер етеді?
Бұл қорқыныш қарым-қатынас үшін аса жақсы емес. Аутофобиясы бар адамдарға өмірлік серігін дәл табу қиын. Себебі олар «Тек жалғыз қалмасам болды» деген ниетпен біреудің өзіне ұнауына немесе қалай қарым-қатынас жасайтындығына аса мән бере бермейді. Қорқыныш адамның өз-өзіне деген қарым-қатынасына да әсер етеді. Өзі туралы жаман ойлап, өзін-өзі бағалауы төмендеп, өмірде жалғыз қалып қоятындай сезіне бастайды.

Аутофобиямен қалай күресеміз?

Бойыңызда осындай қорқыныштың бар екенін білсеңіз, өзіңізге мынадай бірнеше сұрақ қойыңыз:

  • Мен неден қорқамын? Өзімді ұсқынсыз және ешкімге керек емес сезінемін бе?
  • Мен өмірлік серік таңдаудан қателесуге қорқамын ба?
  • Біреу жүрегіме жара салғанда «мені ешкім қорғамайды» деп қорқамын ба?

Күресу жолдары

Қорқынышыңыз жайында көбірек білсеңіз, онымен күресу әлдеқайда оңайырақ. Онымен күресудің бір жолы – жағымсыз ойларды болдырмау. Ол үшін өзіңізге ұнайтын нәрселермен айналысып, терең ойға батуға мүмкіндік бермеу қажет. Босаңсып, жағымды нәрселер ойлауға жетелейтін демалу жаттығуларын, медитация немесе йога жасауға болады.

Жаттығу
Қаперіңізге мына жаттығуды ала отырыңыз: Күніне 15 минут жалғыз қалып көріңіз. Мұны бір апта бойы жасап, кейін уақытты жарты сағатқа ұзартасыз. Осылайша өзіңізді оңаша бола алатындығыңызға сендіру қорқынышты жеңуге көмектеседі.

Жалпы қандай қорқыныш болмасын онымен дер кезінде күресе білген маңызды. Егер жалғыздықтан қорқу сезімі жеке өмірге және қызметке айтарлықтай кедергісін келтірсе, психотерапевттің көмегіне жүгінген дұрыс. Мамандармен кеңесіп, тиісті ем қабылдау – жалғыздықтан қорқу сезімінен арылтып, қалыпты өмірге қайта оралуға септігін тигізеді.