Отбасы

Қорлық пен құрбандық. Отбасылық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Еліміздегі әрбір үшінші отбасыда тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алады. Әсіресе әйел мен бала айтулы келеңсіздіктен зардап шегуде. Оның себебі мен салдары неде, отбасындағы теперіштен қалай құтылуға болады деген қысқаша нұсқаулықпен таныс болыңыздар. 

Орын алу себептері

Ең алдымен мәдени ерекшеліктерті атап өткен жөн. Ол ер мен әйелдің теңсіздігі, әйелдің ер азаматтан төмен тұруы себеп. Яғни, патриархалды түсінік бірден бір себепші. Оған діни ұғымдарды тағы қоса беріңіз. Екінші маңызды себеп – қаржылық тәуелділік. Мәселен, әйелдің декреттік демалысы ең осал тұсына айналып шыға келеді. Жалғыз табыс тауып отырған санасы саяз азамат оны міндет тұтып, әйеліне қысым көрсете бастайды. Ұрыс-керістің соңы жұдырық көтерумен аяқталары сөзсіз. Үшінші әрі өте маңызды себептердің бірі – агрессордың жан жарасы. Яғни, балалық шағынан зорлық-зомбылық құрбанына айналған жан өсе келе оны әрі қарай өзге адамға қолданады. Көп жағдайларда жәбірленушінің де балалық шақта тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғандығы анықталады, демек олардың санасында «маған бұлай жасауға болмайды» деген түсінік жоқ.

 

Зорлық-зомбылықты болдырмау қиын

Агрессия мен зорлық-зомбылық күйзелістік жағдайға бейімделудің биологиялық механизмдерінің бірі болып табылады. Сондай-ақ адамда зорлық-зомбылыққа жол берілмеу керектігі туралы ұстаным болмаса, онда мұндай жағдайды өзгерту аса қиын, тіпті қолдан келмесі де анық.

Бір емес, бірнеше рет орын алған зорлық-зомбылық күш көрсетушінің өз іс-әрекетінің дұрыстығына сенімді екендігін көрсетеді. Зардап шеккен тарап «зорлық-зомбылық авторының» шешіміне қарсы тұра алмайды, ол тек өзіне қауіпті жағдайдан шығуға күш сала алады.

Агрессор өз ұстанымын тек психотерапияның көмегімен ғана өзгерте алады. Өкінішке қарай, жәбір көрсетушілердің өз еріктерімен көмекке жүгінетін сәттері өте сирек кездеседі. Ал жәбірленуші үшін ең тиімді стратегия – өз басын құтқару.

Зорлыққа көндігудің себептері

  • Жәбірленушінің барар жер, басар тауының болмауы. Әсіресе, құндақтағы сәбиі бар аналар қорлыққа көнгіш келеді.
  • Агрессор өзгереді деген үміт, жәбірленушінің жәбір көрсетушіге жанашырлық танытуы.
  • Өкініш, ант және «тәтті шоуды» қамтитын «зорлық-зомбылық циклі» бар. Өкпе-реніш  ұмытылады немесе бұғатталады.
  • Өз өмірі үшін, балаларының тағдыры үшін қорқу (жәбір көрсетуші ажырасқан жағдайда бала-шағасын өлтіруі туралы немесе өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екендігін айтып, қорқытады).

Айта көтейік, зорлық-зомбылық жәбірленушіні мндетті түрде өзгертеді. Сол себепті жәбірге адекватты жауап қата алмайды. Қиындықтан шығудың жолын таппаған кезде, қиындықпен өмір сүруді үйренеді, мойынсұнады. 

Кешірім мәселені өзгертпейді

Кешірім сұрау жағдайды өзгертпейді. Зорлық-зомбылық механизмдерін қалыпқа келтіру үшін агрессорға бірнеше жыл қатарынан терапия қабылдау қажет. Шын ниеттен кешірім сұраудың өзі тұрмыстық зорлық-зомбылық жүйесінің бір бөлігіне айналуы мүмкін. 

Жағдай оңалады деген үмітті үзіп, ашуыңызды сыртқа шығара біліңіз. Ашу – бөліну процесі үшін қажет. Бірақ мұны абьюзердің қатысуынсыз жасаған дұрыс. Себебі, ол өміріңіз үшін қауіпті болуы мүмкін. Десе де, психотерапия барысында жан дүниеңізді өртеп бара жатқан ашу-ызаға ерік беруге болады. Мұның бәрі ресурсты қажет етеді. Қауіпті жағдайдан мүмкіндігінше тезірек құтылып, содан кейін ғана салдарымен күресу керек.

Тұрмыстық күш көрсету әр жанұяда бар

Экономикалық әл-ауқат та, жоғары әлеуметтік мәртебе де, мінсіз қарым-қатынастар да стигматизацияланған зорлық-зомбылыққа кепілдік бермейді (мұндай нәрселер туралы айту ұят болып саналады). Ұзақ уақыт көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық табалдырықтан әрі аспайды. 

Зорлық-зомбылық бүкіл әлемде бар және ол тек заң күшімен шешілуі тиіс. Заң органдары тұрмыстық зорлықты елемейтін, отбасы мүшесін ұрып-соққаны үшін жәбір көрсетушіге көз жұма қарайтын, ары кетсе айыппұлдан аспайтын елде отбасындағы теперішті жеңу мүмкін емес.  

Ерді шегінен шығаратын әйел ме?

Бұл сұрақты әйел заты бейсаналы түрде өзіне жауапкершілік алу үшін, яғни өзін дәрменсіз сезінуді доғару үшін қояды. Сондай-ақ, қоғам «әйел ақылды бола білуі керек», «күйеу – бас, әйел – мойын» деген ұстанымды санаға құйып келеді. Әйел өзін жақсы жағынан танытса, серігі де оған сондай көзқараспен қарайды деген түсінік көп. Көбіне көп ұрып-соғу, қорлау әйел өзі кінәлі болғандықтан орын алды деп түсіндіреді. Яғни, тағы да әйел кінәлі.  

Көп әйелдерде «ерімді өз махаббатыммен емдей аламын ба?» деген сұрақ туындайды. Жоқ, бұл тек қана жәбір көрсетушінің травматикалық механизмін арттыруы әбден мүмкін.

Оның жарақаты сіздің махаббатыңызға қарағанда тереңірек және күштірек болуы ықтимал, ол әрдайым оны тастап кетесіз деген күдікпен өмір сүреді. Сол себепті ашуын физикалық күш көрсету арқылы шығарады.

Терапия немесе ажырасу

Егер зорлық-зомбылық бірінші рет орын алса – абьюзер кінәсін мойындайды, барлық жауапкершілікті өзіне алады және өзгергісі келеді. Мұндай жағдайда күйеуіңізді терапия емдеп шығарады деген үміт болады. Ал өзге жағдайларда ажырасудан басқа амал қалмайды, себебі терапия тек бөлек өмір сүрген жағдайда ғана көмегін тигізуі мүмкін. Ұзақ уақыт өткеннен кейін қайта қосылуға болады, дегенмен мұндай мүмкіндікті күткеннен қайыр бар ма?

Құтылу жолы

Басты ереже – қашуға рұқсат сұрамау. Әйелдің бұл қарым-қатынастан кету туралы шешімі өзіне қауіпті болуы мүмкін. Сондай-ақ, жақындарыңыздың мақұлдамасы мен рұқсатын күтпеңіз. Олар «Өзіңнің таңдап тиген күйеуің», «Мұнша баламен қайда барасың», «Оларды қалай асырайсың», «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» деген пайымы еш орынсыз. Орың орнына қолдау көрсететін жандарды (бұлар арнайы ұйымдар болуы мүмкін) табу керек.  Құжаттарды жинаңыз, мүмкіндігінше алғашқы уақытқа ақша жинаңыз, қайда баруға болатынын (балалы аналарға арналған баспана немесе құрбыңыздың үйіне барып тұру) алдын ала табыңыз. Қорлық көрсетіп жүрген адам үйде жоқ кезде кетіңіз және ол ештеңеден күдіктенбейтіндей жүріңіз. Кетіп бара жатқанда телефон нөміріңізді ауыстырыңыз, жүрген жеріңізді ортақ достарыңызға айтпаңыз.

Күш көрсетіп жатса…

Үйден шығып кетуге тырысыңыз, айқайлаңыз, көршілердің назарын аударуға тырысыңыз. Мүмкіндігіңіз болса полиция шақырыңыз, дыбыс жазу құралын қосуға талпыныңыз. Бірақ мұндай жағдайды күтпеген дұрыс. Егер агрессордың күш көрсетуі мүмкін екендігін сезсеңіз, дәл сол сәтте кетіп қалыңыз. Зорлық-зомбылық актісінен әрдайым аман-есен шығу мүмкін болмауы да ықтимал, тіпті агрессордың сізді өлтіру ниеті болмағанмен, ол өзінің іс-әрекетіне есеп бере алмауы бек мүмкін. Өзіңізді құтқарудың екінші мүмкіндігі тумайтындығын ұмытпаңыз.