Cән мен сұлулықБет күтімі

Көз айналасындағы әжім: не себепті пайда болады?

 Көз айналасының терісі жұмсақ әрі нәзік болғандықтан ерекше күтімді талап етеді. Дегенмен, біз дәл осы аймаққа көңіл бөлуді ұмытып кетеміз. Нәтижесінде, уақытынан бұрын әжім пайда болады. Бұл кімге ұнар дейсіз?!

Әрине, уақыт өзінікін алады, сондықтан әжімнен құтыла алмаспыз. Күлген кезде тіпті айқын байқалатыны тағы бар. Сұлулық үшін әдемі күлкімізді құрбандыққа шала алмаймыз ғой. Біз көз айналасының күтімінде қандай қателіктер жібереміз? Бірнешеуін тізіп жаздық.

Өте салқын немесе тым ыстық сумен жуынасыз

Бұл – көбі жіберетін нөмірі бірінші қате. Күнделікті жуынатын су үй температурасында, шамамен 23-24 градус болуы керек. Арасында көзіңіздің айналасын мұзбен сүртіп қоюға рұқсат, алайда, күнделікті күтім үшін бұл жарамсыз. Одан тері зардап шегеді. Ыстық су теріні құрғатып, нәтижесінде әжім пайда болады.

Көз айналасына арнайы демакияж пайдаланбайсыз

Бет жууға арналған гельдер мен көпіршіктердің сыртында «Көз айналасына жақындатпаңыз» деп жазылып тұрады. Бұл ақпарат расымен де пайдалы әрі оны елемей қоюға болмайды. Бет пен көз айналасының терісі әр түрлі күтімді талап етеді. Сондықтан, қабағыңыздағы бояуды арнайы көпіршікпен немесе май негізіндегі екісатылы құралмен сүрткен жөн.

Көз айналасына беткен арналған кремді жағасыз

Демакияж секілді, біздің әдемі көзімізді күтетін арнайы косметикамыз болуы шарт. Олар бұған әбден лайық. Бетке арналған крем қандай қымбат, сапалы болса да, оны көз айналасына  жақпаңыз.

Ылғалдандыруды ұмытамыз

Әжімнің пайда болу себебінің бірі – құрғақтық. Ылғал тері өзінің тегістігін ұзақ сақтайды. Ал, көз айналасына келгенде мәселе басқа. Бұл жерде бұлшық ет, тері асты майы жоқ. Сондықтан құрғауға бейім. Таңертең макияж жасар алдында, кешке жуынғаннан кейін күніне екі рет күтім жасауды ұмытпаңыз.

Кремді дұрыс жақпайсыз

Есіңізде сақтаңыз! Көз айналасына кремді қатты баспай, жеңіл жағады. Тіпті, саусағыңыздың ұшымен сипап өтсеңіз де, жеткілікті. Күнде кешкісін көздің ішкі бұрышынан бастап, жоғары аймағына дейін және керісінше  саусақ ұшын ақырын тигізіп микромассаж жасап көріңіз. Мұндай қарапайым әрекет қан айналымды реттеп, теріні серпінді етеді.

Күннен қорғайтын көзәйнек кимейсіз

Далаға күннен қорғайтын көзәйнексіз шығып, күні бойы сығырайып жүрген кезіңіз болды ма? Үнемі жиырылып тұрған көздің айналасына тез әжім түсетінін ұмытпаңыз. Сондықтан, әрдайым көзәйнек алып жүріңіз.

Диоптриясы бар көзәйнек кимейсіз

Егер көру қабілетіңіз төмендеп кетсе, онда дереу оптикалық көзәйнек сатып алған жөн. Әрине, алдымен дәрігерге көрінесіз. Маман нұсқауымен барып көзәйнек сатып аласыз. Әйтпесе, дұрыс таңдалмаған өлшем көз айналасында ұсақ әжімдердің пайда болуына алып келеді. Жылына бір рет окулистке барып, көзәйнегіңізді реттеп беруін сұраңыз.

Макияжбен ұйықтайсыз

Қабақ бояуы, қалам, сүрмемен жағылған бояудың барлығы көз айналасының терісіне айтарлықтый кері әсер етеді. Міне, осыдан барып блефрапластика туралы ойлай бастаймыз. Қанша шаршап тұрсаңыз да жуынып жатыңыз!