Cән мен сұлулықМакияж

Көзіңізді дұрыс бояп үйреніңіз!

Жөнімен қолдансаңыз қабаққа арналған бояу  (тень) көп нәрсеге қабілетті. Ол өте кірпияз. Қалауын тапсаңыз – макияждың шыңын бағындырасыз. Ең бастысы төмендегі 10 кеңесті естен шығармаңыз.

№1 Біркелкі реңк

Көз боярдың алдында тері түсін ретке келтіріңіз. Қабақта өте жіңішке қантамырлары кездеседі немесе көкшілденіп тұрады. Бұлар сәніңізді кетірмес үшін бетіңізге жағып жүрген әдеттегі әр беретін креміңізді жағыңыз. Бастысы асыра сілтеп, бояуды көп қолданып қоймаңыз. Қабақ үшін кремнің бір тамшысы жетеді.

№2 Негіз жасаңыз

Қабақ бояуыңыздың қандай екені маңызы емес, бастапқы орында – негіз. Сонда арзан бояудың өзі ұзақ сақталады. Оны қабақ терісін коррекциялап, әр беретін кремді қолданған соң бірден жағыңыз. Түсті қалыпқа келтіріп, бояудың сіңіп кетпеуіне әсер етіп, қос қызметті атқаратын қабақ бояулары де бар.

№3 Майлы сүрме сатып алыңыз

Қыз-келіншектердің дені майлы сүрмені қолдануға қорқады. Бекер. Олар үгілмелі түріне қарағанда әлдеқайда ұзақ тұрады. Терінің қабынуына әсер етпейді. Негіз ретінде пайдалануға таптырмас құрал. Сүрмені саусақпен жағыңыз. Нәтижесінде тегіс, жинақы болады.

№4 Ақшыл сары реңкті дұрыс таңдаңыз

Боянуға уақытыңыз тапшы кезде сізді ақшыл сары қабақ бояуы құтқарады. Nude стиліндегі макияж үшін корректор, негіз және ақшыл сары сүрме жеткілікті. Бұл жерде өзіңізге жарасымды  түсті таңдай білу маңызды.

  • Қараторы болсаңыз – шабдалы түстісін пайданғаныңыз жөн.
  • Қабақ үстіндегі теріңіз қызғылт болса, оны сарғыш түспен «көмкерген» дұрыс.
  • Аққұба қыздарға қызғылтым үйлеседі.
  • Ал, қызғылт сары түс барлық аруға жарасады. Өзіңізге қандай түс қажет екенін білмесеңіз, алқызыл түске тоқтаңыз.

№5 Көз астына опа жағыңыз

Боянбас бұрын көзіңіздің барлық аумағына консилер, одан соң қалыңдау етіп опа жағыңыз. Қабақ бояуын пайдалану кезінде көздің айналасына жұғып қалатыны белігілі. Мақтамен сүртемін деп бояудың барлығын бүлдіресіз. Сондықтан опаны барынша қалың жағып, көз бояуын аяқтаған соң жұмсақ қылқаламның көмегімен оңай кетіре аласыз.

№6 Келбетіңізді ашатын түсті анықтаңыз

Қабақ бояуының түсін көзіңіздің түсіне қарай емес, теріңізге, өңіңізге қарай бағыттап таңдаған жөн.

Оны қалай анықтаймыз?

  • Қара көзді, қара шашты аққұба қызға көк, қою жасыл, алхоры түстері сай келеді.  Кофе және шоколадты реңкке жақындамаған дұрыс.
  • Ақшыл қоңыр шаш, қоңырқай қасты, көзі жасыл, сұр, келген қыздарға қоңыр, жасыл, шабдалы түстер жарасады. Ашық көк немесе аспан көк түсті таңдасаңыз да қателеспейсіз.
  • Ашық, қоңырқай-қызғылт шашты, көгілдір, жасыл, қой көзді қыздарға сұр түстің барлық реңкі үйлеседі. Мәселен, сұрғылт көк, ашық көк, ашық сары.
  • Күрең, сарғылт, бал түсті шаш пен қоңыр, жасыл, қой көздің иелерін алтын, қола, жоса, шабдалы, ашық жасыл, алхоры түстер ашады.  Көк, көгілдірді ешқашан қолданбағаныңыз дұрыс.

№7 Жылтырақ бояуларды пайдаланыңыз

Жарқыраған меруерт түстерден қыздардың көпшілігі бас тартады. Дегенмен, маржан және сәтен түсті қабақ бояуы сіздің айнаңыздың алдында тұруы тиіс. Олармен көздің ішкі бұрышын сызасыз. Қас астын сызуға да керек. Өз саласының жілігін шағып, майын ішкен кәсібилер жасамаса,  қабақ үстін түгел жылтырақ бояумен бояюдың қажеті жоқ.

№8 Көз формасымен жұмыс істеңіз

Ботадай көзді кім қаламайды?! Ендеше, дәл осы комсетика түрі тостағандай көздің иесі болуыңызға көмектеседі. Қалың қабақтарға жұмсақ түс жаққан жөн. Көзіңіз үлкен болса, шетін шығармай қара түспен бояу керек. Жанары бір-біріне жақын орналасқан жандар қанық түсті бояудың шетін көздің сыртқы бөлігіне шығара жағуы тиіс. Қысық көзділер қанық бояуды қасқа қарай көтеріп жағады.

№9 Үш түсті пайдаланыңыз

Негізгі әрлеу 3 түсті бояудан тұрады. Алдымен қабақты толығымен орташа түспен жағып шығыңыз. Көздің сыртқы бұрыштарын ең күңгірт түстермен бояңыз. Көздің ішкі бұрыштарына ең жарқын да ашық түстерді қалдырыңыз.

№10 Тұрақты әрі үнемді

Қас бояуының жаққышын ылғалдап алып жақсаңыз, бояудың күні бойы мызғымай тұруына ықпал етеді. Бұл – мереке, той кезінде  smokey eyes стилін жасауға таптырмас әдіс.