Екеудің құпиясыЖан әлемі

Күйеуім әйелқұмар

Күйеуім екеуміз жас кезде танысып, көп жыл қол ұстасып бірге жүріп, шынайы сезіммен үйлендік. Ештеңеден қыжалат болған жоқпыз – орташа жағдайы бар, көпбалалы отбасы болдық. Өзім шығармашылық бағытта білім алғанмен, бала тәрбиесімен үйде отырып қалдым. Уақыт өте күйеуімнің мансабы жоғарылап, материалдық жағдайымыз арта түсті. Балаларымыз туылып, жеке үйге де қол жеткіздік. Шет елдерге шығып демалатын жағдайға да жеттік. Отбасылық кілтипанның барлығы да сол кезде басталды...

Арада уақыт өте келе күйеуім екеуміздің арамыз суып, бір-бірімізге деген сезім әлсіреді. Ол басқа әйелдермен кездесе бастады. Соның әсерінен ұрыс-жанжал да болып тұратын. Бірақ мен тез қайтып кешіруден жалықпадым. Алайда ол бұл әдетін қоймады. Бір-бірімізді түсінуден қалдық. Ақырында күйеуімнің екінші әйелі бар екенін білдім. Ол кезде бұған төзу мүмкін еместей көрінді. Бәрі біткен шығар деп, ажырасуға арыз бермек болдым. Бірақ үлкен кісілердің ақыл-кеңесінің арқасында райымнан қайтып, жағдайға басқа қырынан қарауға тырыстым.

Көп адамның кеңесін тыңдап, өзімді іздей бастадым. Әртүрлі тренингтерге қатысып, көп кітап оқып, әйелдерге тән жаттығулар жасадым. Соның арқасында болып жатқан дүниенің бәрі менің ішкі ойымның көрінісі екенін түсіндім. «Күйеуімнің бұл әрекеті менің ішкі қорқынышым мен уайымымның туындаған екен» деген ой түйіп, өзімді өзгерте бастадым.


Осыдан кейін күйеуім маған, балаларына басқаша қарайтын болды. Көп уақытын бізбен өткізді. Екеумізде ортақ әңгімеміз көбейіп, бұрынғыдай жиі әңгімелестік. Әртүрлі тақырыпта сөз қозғадық. Ол мені өзіне жақын тартып, досындай көрді. Бұрын істеген әрекеттері үшін өкінетіндей көрінді. Жиі әңгімелесу барысында оның неліктен екінші әйелге көңілі ауғанына көзім жеткендей. Қарап отырсам, неше жыл бойы күйеуім, балаларым деп жүріп өзімді мүлде ұмытыппын. Бұл сынақ маған өзімді, өмірімді басқа арнаға бұруға түрткі болғандай. Санама серпіліс бергендей.

Арада біраз уақыт өтті. Барлығына көз жұмып, жағдайды қабылдауға тырысып бақтым. Десе де, күйеуім басқа әйелмен тұрады, бос уақытының бәрін бізге емес, соған арнайды дегенді ойлау мен үшін өте қиын. Бірақ байқағаным ол екінші әйеліне де разы болмай, үшінші әйел алуды да көздеген сияқты. Дегенмен оның бәрі бір басына үлкен жауапкершілік түсіретінін біліп жүрсе керек.


«Күйеуіме не жетіспейді?» дегенді ойласам, санам сан саққа жүгіреді. Бәлкім оның ішкі әлеміне бірдеңе жетіспейтін шығар? Ол менен де, әлгі әйелінен де нағыз жанына керек дүниені ала алмай жүргенін сезінемін. Психологтардың жазбасы, өмірлік оқиғалар желісі ер адамның сырттан көңілдес іздей бастауы әйеліне көңілі толмай, бос кеуде боп жүргенінде дейді.

Мен күйеуіме көмектескім келеді. Жарымның ішкі әлемін қалай байыта аламын? Маған толық көңілі толуы үшін не істеуім керек? Арамыздағы сезім мен сенімді қайта тұтату үшін қандай әрекет жасаған дұрыс?

Венера, 30 жас