Жан әлеміӨкініш

Күйеуім ұрып, баламды өлі тудым

Кадрлар бөліміне енді жұмысқа орналасқан кезім. Құжаттарын рәсімдетуге келіп, әр нәрсені айтып, әзілдей жөнелген жігіттен әдбен қысылдым. Есіктен шыға бере пысық жігіт дәмханаға шақырып та үлгерді. Жүзі жарқын көрінген соң, мен де келісе кеткенмін... Әттең, сол кезде теперішімнің барлығы осы адамнан келетінін білсемші...

Сол күннен түрлі сыйлық, құшақ толы гүл, үздік мейрамханалар – бәрі маған арналды. Ақылды, зиялы, ұятты, жомарт – одан басқа не керек? Нағыз бақытым екеніне жүз пайыз сендім. Жақындарыма Беріктің бергендерін көрсетіп, әбден мақтанатынмын. Ол кезде тұрмысым өте жұпыны еді. Азғантай жалақым өзімнен артылмайтын. Әкем денсаулығының нашарлығына байланысты жұмыссыз, ал өгей шешемнің ешқашан маған жаны ашыған емес. Реті келсе, мені үйден қуып шығудан тайынбайтын.

Әңгіме арасында мұны Берікке айтқанымда ол бірден «Менімен бірге тұр» деп ұсыныс жасады. «Үйленбей жатып, қалай?» дегеніме қарамастан, «Бастысы бір-бірімізді жақсы көреміз ғой» деді. Өзі менің бар жағдайымды жасап, айлығымды өз қызығыма жұмсай алатыныма сендірді. Содан әкемнің алдынан өтіп, Беріктің үйіне көшіп бардым. Алғашқы екі айда бәрі жақсы болды. Тіпті, ертегідей күн кештім.

Уақыт өте келе Берігім аяқ астынан әрнәрсеге наразы болатын болды. Тазалыққа тиісті, пісірген тамағымды жақтырмады. Оның шағымдары күн сайын арта берген соң, өзімді «нашар әйел» санай бастадым.

Бірде жұмыстағы маған уәде етілген лауазымға бастығымның туысы сайланды. Мен бұл әділетсіздікке күйініп, оны Берікке айтып едім, басым бәлеге қалды. Ол: «Жақсы жұмысшы болсаң, еш ағайын-туыс орныңды баса алмас еді. Бәріне өзің кінәлісің» деген сөздерімен төбемнен жай түсірді. «Айтатын уақытты тапқан екенсің. Шаршап тұрғанда мазаны алып» деп, дауыс көтергенде еріксіз жылап жібердім. Ол болса, «өтірік ызыңдарыңнан шаршадым» деп есікті тарс жауып, үйден шығып кете барды. Оңаша қалып, өз-өзіме келген соң, «Оны сүйіспеншілікке бөлеймін деп едің, қажып жүргенде мазасын алғаның не, ақымақ?» деп, өзімді жазғырдым. Берік үйге келгенде «мен кінәлімін» деп кешірім сұрадым. Ол болса дым болмағандай кешіре қойды.

Бірақ әр нәрседен ілік іздеуін тоқтатпады. «Тыныштық болсыншы» деп, жұмыстан жүгіріп келіп, ол келгенше үйді мұнтаздай етіп тазалап, кешкі асты да бір мунутқа кешіктірмеуге жанымды салдым. Берікке сонда да ештеңе жақпады. Үйді қойып, түріме, киіміме тиісе бастады.

Жарты жылдан кейін бұл әрекеті күн сайын үдей түсті. «Не істесем болады?» деп басым қатып, соңыра «уақытша алыстай тұруға» шешім қабылдадым. Шынымды айтсам, оны мәңгі жоғалтудан қорықтым. Сол үшін құрбымның үйінде бір ай тұра тұруға сұранып, ақылға қонымды себеп ойлап таптым. Әңгімені бастай бергенім сол еді құлақ тұсым шыыыңңң ете түсті. Ащы шапалақпен бетімнен осып-осып жіберген күйеуімнің ащы сөздері өлтіріп барады. Бұған шыдай алмай, өксіген күйі жерге сұлқ құладым. Әлден кейін «Сені жоғалтып алудан қорыққаным сонша, өзімді ұстай алмай қалдым. Менікі дұрыс емес, кешірші. Әзілдеп айтқан ескертулерімді шын көріп қалатының не?» деп ақталып, кетпеуімді өтінді. Мен сорлы бұған да сенген едім…

Осымен болған шығар десем, кейін одан да сорақысы басталды. Біреуге амандассам, күлімдесем болды-ақ тепкінің астына алатын. «Бұдан артық шыдай алмаймын» деп, бірнеше рет әкеме хабарласпақ болдым. Бірақ ауыр тиетінін ойлап, өзімді тоқтаттым. Достарыма да айта алмадым. Себебі оларға күйеуім «ақ боз атты ханзададан кем емес» дейтінмін. Енді келіп одан күнде таяқ жейтінімді, таң атпай бетімнің көгергенін бояқпен жасырып әлек болатынымды қалай жеткізейін?

Сөйтіп жүргенде қыс соңында жүкті екенімді біліп, қатты қуандым. Берік те естігенде бақытты көрінген. Алайда қызғаныш пен жанжалды ысырып қоя алмады. Бір күні бастығымның айтуымен жұмыста біраз кідіріп қалдым. Жүктілігіме 6 ай толғандықтан, демалысқа дейін біршама жұмысты аяқтап кетуім керек болды. Үйдің табалдырығын аттамастан көзімнің оты жарқ ете қалды. Есімді жисам, ауруханада жатырмын. Жан-жағымда дәрігерлер қаумалап жүр. Есімді жидырып, баланы туғызып алмақшы болғандықтан, олар да, мен де бар күшімізді салдық. Амал қанша, балам өлі туылды. Қайғы құшып ауруханада екі аптадай жаттым. Ешкімге ештеңе айта алмадым.

Ауруханадан шығарда Берікке хабарласып, «заттарымды алып кетейін» деп едім, сөзге келместен боқтай жөнелді. Оның үйде жоқ кезін пайдаланып, заттарымды жинап, құрбымның үйіне тайып тұрдым. Құрбым жағдайымды сол кезде ғана естіп, осынша уақыт үндемей келгенім үшін әбден жазғырды. Ал менің ішім босап, өзімнің әлі де тірі екенімді, әрі қарай өмір сүруге мүмкіндігім барын сезіндім.

Берік болса хабарласып, бопсалауын тоқтатпады. Телефон нөмерімді өзгертіп, әлеуметтік желілерді бұғаттап тастадым. Бұрынғы ортаға қайта бара алмайтындықтан, бастығым жаңа жұмыс тауып берді. Алланың қалауымен бір жылдан кейін болашақ күйеуіме кезіктім. Ол бәрін білді және ер адамға деген сенімімді қайта ояту үшін қолынан келгенін жасады. Біздің үйленгенімізге бес жыл болды, қазір 4 жасар ұлымыз бар.

Әйелдерге айтарым – ешқашан, ешкімнің қорлап, азаптауына шыдауға тиіс емессіздер! Әрбір әйелдің өзі қалағандай өмір сүруіне құқығы бар. Мұндай азаптан қаншалықты тез құтылсаңыз, қорқынышты күндерді соншалықты тез ұмытасыз.

Сәуле, Астана қаласы