Жан әлеміӨкініш

Күйеуімнің әріптес қыздары…

1.39K (1000)Қаралымдар

Өмірлік сүйгеніме қосылғаныма енді бір жылдың жүзі болмақ. Дәл қазір жүктіліктің сегізінші айындамын. Мендегі мәселе күйеуімнің әріптес қыздарына байланысты болып отыр.

Жуырда жұбайым жаңа жұмыс орнына тұрды. Байқағанымдай ұжымының басым бөлігі басы бос не әлі тұрмыс құрмаған қыздардан тұрады екен. Жұбайым солардың бірімен ұялы телефон арқылы сөйлесіп, жиі хат жазысады екен. Оқысам, әңгімелері жұмысқа байланысты болып шықты. Десе де ішкі түйсігім сол қызды аса ұната қоймады.

Бір күні күйеуім жұмыстан кейін достарымен кездесетінін айтты. Оған сеніп, мен де артық сұрақ қоймадым. Алайда керекті орныңа жетті ме екен деп хабарласқанымда оның артында бөтен қыздың даусын естідім. Кім екенін сұрағанда күрсініп, әріптесі екенін айтты. Күйеуімнен мұндайды күтпеген мен ұялы телефон тұтқасын қоя салдым.

Сол күні таңға жуық келді. Айтуынша, әріптесі үйіне жеткізіп тастауын өтініпті. Ал жұбайым оның бетін қайтаруға ұялыпты. Оның сөзіне мүлде сенбедім. Шынымды айтсам, сол күннен бері жаным тыныш таппайды. Десе де, ол өмірінде менен өзге ешкімнің жоқ екенін айтып, ант су ішуде.

Мен хабарласып, абайсызда әріптесінің даусын естіп қоймағанда күйеуім оны үйіне жеткізіп салғанын жасырып қалар еді. Сол ой маған маза берер емес. Құдайдай сеніп жүрген жарымнан мұндайды күтпедім. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Әлде қате менен кетті ме?