Екеудің құпиясыЖан әлемі

Күйеуімнің тәкәппар мінезінен ұяламын

Тұрмыс құрғаныма екі жылдың жүзі болды. Сүйгеніме қосылдым деп айта аламын. Дәурен екеуіміз студенттік өмірдің алғашқы жылдарынан-ақ отбасы болатынымызды білдік. Ол өзіне сенімді, намысшыл жан. Онымен далада қалмасымды білдім. Жарқын болашағымызға сендім.

Дәурен студенттік шақта маған берген барлық уәдесін толықтай орындап келеді. Екеуіміз елорданың қақ жүрегінде, өз баспанамызда тұрамыз. Ел-жұртқа төлейтін қарызымыз, басымызда кредитіміз жоқ. Былайша айтқанда, осы күнге дейін таршылық көрмеген екенмін. Оған да шүкір!

Өзімді бақытты жандардың қатарына жатқызуыма болар еді, бірақ…олай деуім қиын. Күйеуімнің тәкәппар мінезі бар. Сүйген соң адамды бар кемшілігімен қабылдау керек дегенді естіген едім. Бірақ мен олай ете алмаймын…

Жоғарғы оқу орнын бітірген соң өзімнің жүкті екенімді білдім. Үйде баланың қамымен отырғандықтан мамандығым бойынша жұмыс істеп, Дәуреннің бір жағына шығыса алмадым. Бүгінде кең үйде бейберекет тұрып жатқаным үшін күйеуім мені “арамтамақ” деп атайды. “Осы күнге дейін барлығына өзім жеттім. Сенің отбасың да сен де маған ештеңемен көмектеспедіңдер. Тек алғанды білесіңдер” деп сөгеді.

Кейде менің ештеңеге кінәсі жоқ ата-анама да сөз келеді. Бірақ олар бай-бақуатты болып, күйеу балаларына көмектесе алмағанына кінәлі емес қой?

Дәурен тіпті, қазір мені отбасыммен араластырмауға тырысады. “Әкеңнің үйіне барып, қонатын болсаң, мені ұмыт, ажырасамыз” дейді. Түзу тұрған жерінде қырсығы ұстап, мінезін өзгелерге көрсетіп қоюы мүмкін. Үйімізге қонақ келіп қалса, жақтыртпағанын көрсетеді. Келген адам қайтуға асығып тұрады. Тіпті,  өз еркіммен туыстарымды шақыра алмаймын. Бірден “арамтамақтар келді” деп ұнатпағанын білдіртеді. Кейде көпшілік бар жерге онымен шығуға ұяламын. Көптің көзінше маған да ұлымызға да айқайлап жіберуі мүмкін. Сондай кездері жұрттың маған аянышпен қарайтынын байқаймын. Шынымды айтсам, ажырасып кеткім келеді. Басым қатты…