Екеудің құпиясыЖан әлеміӨкініш

Күйеуімнің опасыздығын қалай кешіремін?

Күйеуім басқа біреумен көңіл қосты. Отыздан асқан шағымызда жұбайым екеуміз бір-бірімізді түсінісе алмай келеміз. Ол соңғы күндері жұмыстан кеш келіп, ерте кетіп жүретін болды. Жұмыста біраз өсіп, деңгейі көтерілген соң, осылай абыроймен еңбек етіп жүр деп сеніп келіппін. Көзімді соқыр сенім тұмшалап алған екен.

Күйеуіммен тете жастамыз. Жастықтың буына мастанып, асығыстық шешіммен шаңырақ көтердік. Десе, де бір-бірімізді шын сүйіп қосылдық. Үйлі-баранды болып, мансап, ақша, дәреже деген түкке тұрғысыз дүниелер өміріміздің мәніне айналып кеткендей болды. Екеуіміз де жұмысқа беріліп кеткеніміз сондай, тіпті, бір-бірімізді көруге де уақыт таппай кеттік. Солай жүрген күндердің бірінде ол мені жұмыстан алып кетуге келді. Көлікке міне сала әйелге тән әтірдің иісін сездім. Бірден кинодағы келіншектер секілді байыбына жетпей шу шығармаймын деп ойладым. Бір кезде әлде бірдеңені білетін адам ұқсап артыма жалтақтап қарай бастадым. Күйеуім ештеңені сезбейді де. Бірақ, менің жүрегім сезген болды. Артқы орындықтың астынан әлдененің жатқанын байқадым. Күйеуімнен қанша күдіктенсем де, көлігінен алқызыл түсті іш киім тауып аламын деп ойламаппын. Көп уақытты қажет етей, әлгі іш киімді қолыма алып, күйеуімнің көзіне шұқи жөнелдім. Ол болса тілін жұтып қойғандай. Көзі шаранасынан шығудан сәл-ақ тұр. Ал мен болсам қаным басыма шауып, айқайды көтере кеттім. Ол аң-таң. Тіпті, жасаған ісін мойындағысы да келмейді. Махаббат пен жеккөрініштік сезімнің арасы бір ғана қадам деген рас екен. Сүйем-күйем деп жүрген жан-жарымды жан-тәніммен жек көріп кеттім. Артынша көліктен түсіп, алды-артыма қарамай жүгірдім. Басым ауған жақа кеткім келді. Ол болса артымнан келіп, мені құшақтай жөнелді. Жиіркендім…Оның құшағы енді мені жібіте қоймас. Күйеуім барымен ант-су ішіп, шалыс басқанын, енді қателігін ешқашан қайталамайтынын айтып, кешірім сұрауда. Мені бір таңғалдырған жайт – ол арсыз әрекетінен қысылмастан, менің бетіме тік қарауға дәті барды.

Мен одан бар жайтты ашып айтуын талап етіп, басымды ауыртқым келген жоқ. Маған қалай және кіммен опасыздық жасағанын да білгім келмейді. Мен үшін ең дұрысы осы болып көрінді. Күйеуімнің опасыздығын қалай кешіремін? Ол кешіруге тұрарлық әрекет пе?