ДенсаулықСаулық үшін

Күлкінің көмегімен күйзелістен арылыңыз!

Шаршадыңыз ба? Өмірден түңіліп, күйзеліске түстіңіз бе? Ендеше, жақсылап тұрып бір күліп алыңыз. Өйткені дәл қазір сізге керегі осы. Шынайы күлкі – күйзелістен шығудың жалғыз жолы.

Жаныңыз жабырқаулы болса, күлкіден басқа ем жоқ екенін естен шығармаңыз. Американдық философ, психолог Уильям Джеймс: «Біз бақыттан күлмейміз, біз күлкімен бақытқа бөленеміз» деген екен. Шынымен де, күліп жүрген адам, күлдіре білетін, күле білетін жан бақытты.

Қазақ халқы «Езуіңнен күлкі кетпесін» деп жатады. Демек, үнемі қуанып жүр, жабырқама, көңілің түспесін, бақытты бол дегені. Бұдан асқан тамаша тілек бар ма?! Әдемі әзіл мен шынайы күлкі кез келгенімізге қуаныш сыйлайды. Басымыздағы қиыншылықты, уайым-қайғыны бір сәтке болсын, ұмыттырып, айналамызды жарқыратып-жайнатып жібереді.

Айталық, жұмыс уақытында қатты шаршап отырсаңыз немесе көзіңізге ұйқы тығылса, онда ары қарай маужырамаудың амалын жасаңыз. Газет-журналдан немесе интернеттен күлкілі сурет-видеолар қараңыз, қызықты жазбалар оқыңыз. Риясыз күлкі сергітіп, көңіл-күйіңізді де көтеріп тастайды.

Күлкіні «жұқпалы» деседі. Шынымен де, ішек-сілесі қатып күліп жатқан біреуді көрсеңіз, оның неге мәз екенін білмесеңіз де, сіз де еріксіз езу тартасыз. Ендеше, күлкінің ең пайдалы инфекция болғаны ғой. Инфекция демекші, Батыс елдерінде ондаған жылдар бұрын күлкімен емдейтін дәрігерлер – күлкі терапевтері пайда болған.

  • Күлген кезде иммунитетіміз жоғарылайды екен.
  • тыныс алу мүшелерінің жұмысы артады.
  • ғалымдар «Жақсы күлкі 25 минут физикалық жаттығу жасағанмен тең» деседі.
  • күлкі бетке массаж жасайды. Шын күлген сәтте бетіміздегі қан тамырлары кеңейіп, көзден жас та шығады.
  • күлкімен шаршағаның басылады.
  • жүзі жайнап, әрдайым көңілді, күліп жүретін жандар өзгелерге қарағанда жүрек ауруларына аз шалдығатын көрінеді.
  • күлген кезде беттегі ет талшықтары демалады.
  • күлкі адам миының сол жақ жартысының жұмысын жақсартады деген де тұжырым бар.
  • күлген кезде биохимиялық процестер күйзеліске түсіретін гормондардың пайда болуына жол бермейді.
  • қатты күлгенде қанда қуаныш гормоны – эдорфин пайда болып, ауырған жердің сыздағанын басады. Ал мұның өзі адамды ентікпеден, бастың сақинасы мен жауырын құрысуын әлсіретіп, емдеуге біршама септігін тигізсе керек.

Күлкінің осындай тамаша қасиеттеріне көз жеткізген ғалымдар медицина саласында күлкіні пайдаға асыруды қолға алған-ды. Сырқаттардың мінез-құлқын, көңіл-күйін зерттеу кезінде дәрігер мамандар күлкінің де ем болатынын анықтаған. Сондай-ақ бүгінде дәрігер-сайқымазақ деген ерікті мамандар да бар. Олардың басты міндеті – дәрі-дәрмек пен инеден шаршаған науқастардың көңілін аулап, жаны күйзелген жандарға бір уақыт әдемі көңіл-күй сыйлау, яғни «күлкі инфекциясын жұқтыру».

Жақсы сөз – жарым ырыс демекші, жақсы күйдің де ауруға ем болары сөзсіз емес пе?! Соңғы 250 жылда театрда ойнаған комиктермен, трагиктердің өмірін зерттей келе, швед ғалымдары комиктер ұзағырақ өмір сүреді деген тұжырым жасапты.

Біреу білсе, біреу білмес, күлкіні зерттейтін арнайы ғылым да бар. Ол – гелотология (гректің «gelos»-«күлкі» сөзінен). Міне, осы ғылымның зерттеуінше, күлкі күйзеліске қарсы ең басты құрал көрінеді. Сондықтан да күнделікті күйбең тіршіліктен шаршап, жүйкеңіз жұқарса, құрысып-тырысып жүрген болсаңыз, бір уақыт езуге ерік беріп, рахаттана күліп алу керектігін ұмытпаңыз.

Әрдайым жадырап-жайнап, күліп-ойнап жүргенге не жетсін?! «Жүзімізде үйірілген әдемі күлкі – тамаша көңіл-күйдің көрсеткіші ғана емес, өмір жасымыздың ұзақтығының да бір кепілі» деседі зерттеушілер. «Қуансаң, балаша қуан» деген сөз де бар. Сәбидің саф күлкісі кез келгеніміздің езуімізде болсын. Сатирик Сейіт Кенжеахметұлы: «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкі болу – өлім», – дейді.

Күліп жүрейік, күлкіміз орынды болсын!

Дайындаған Құралай МҰРАТҚЫЗЫ