Жан әлеміӨзіңді дамыт

Күніңізді бұзатын таңертеңгілік 8 әдет

1. Будильник шырылынан кейін бірден тұрып кетпеу. Мәселен, сіз сағатты таңғы алтыға қойдыңыз. Дәл осы уақытта будильник шырылдайды. Сіз ұйқыңызды қимастан оянатын уақытты 5 минутқа созасыз, одан кейін тағы 5 минут, сосын тағы 10 минут жатайын деп 6:30-да бір-ақ төсектен тұрасыз. Егер де бойыңызда осы бір әдет бар болса, одан арылуға тырысыңыз. Себебі, бұл күні бойы сіздің шаршаңқы жүріп, жұмысқа деген қабілетіңізді төмендетеді. Ұйқы сарапшысы Адам Тишман бұл әдеттің адам санасын улап, күні бойы ұйқысырап жүруіне әсер етеді дейді.

2. Ояна сала ұялы телефонға қол созу. Ұйқыдан тұра сала «Маған кім жазды екен?» деп ұялы телефоныңызды ақтаруға кірісесіз бе? Бұл әдет қазіргі таңда көптеген адамдардың бойында бар. Өкініштісі, көзіңізді аша сала әлеуметтік желілерді ақтару арқылы сіз өзіңізге қосымша күйзеліс пен үрей тудырасыз. Ең дұрысы, қалта телефоныңызды басқа бөлмеге апарып қойыңыз.

3. Таңды бір шынаяқ кофе ішуден бастау. Таңертең ыстық кофені ішіп, сергіген дұрыс. Дегенмен, таңыңыз таза судан басталсын. Себебі, су ағзада түні бойы жинақталған зиянды заттарды жояды. Оған қоса бұл ағзаның оянып, алдағы күнге дайындалуына тікелей әсер етеді.

4. Тұра сала төсекті жинамау. Бұл адамдардың өміріне ешқандай қиындық туғызбайтын, кәдуілгі нәрсе. Бірақ әлемде төсегін жинамай жұмысқа кете беретін адамдар көп. Олар: «Не үшін жинаймын? Бәрібір бірнеше сағаттан соң келіп қайта жатамын ғой» деген қағидамен өмір сүреді. Бұл қате пікір. Төсек жинау – таңертеңгілік ең қарапайым іс. Оны істеу арқылы сіз бойыңызда өнімділік қасиетін арттырып, кез келген тосын сыйларға төтеп бере алатын боласыз.

5. Таңертеңгілік асқа немқұрайлы қарау. Әдетте адамдар таңғы асты асыға ішеді. Оған қоса құрамында қант пен көмірсуы көп өнімдерді қолданады. Әрине асығыс кетіп бара жатқан кезде тоқаш немесе бәлішті жей салған ыңғайлы. Дегенмен, ақуызға бай таңғы ас сізді қуатпен қамтамасыз етіп, күні бойы тоқ жүресіз.

6. Күн сәулесінен қашу. Көптеген адамдар таңертең күн сәулесін ұнатпайтындықтан бөлмедегі пердені ашпайды. Десе де, күннің көзі ұйқыдан тұру үшін аса маңызды. Табиғи жарық ағзада картизолдың бөлінуіне әсер етеді. Бұл гармон сіздің күні бойы дұрыс шешім қабылдап, мұқият болуыңызға жауап береді.

7. Ыстық душ қабылдау. Таңертең ыстық душ қабылдау – жақсы шешім емес. Судың температурасына байланысты адамның бұлшықеттері жұмсарып, жүрек соғысы төмендеуі мүмкін. Бұл сізді сергек етпей, керісінше ұйқылы күйде қалдырады. Салқын душ сіз үшін әлде қайда пайдалырақ болмақ. Суық сумен жуынған кезде ми эндорфин мен адреналин бөледі. Сол себепті салқын душ қабылдаған адамның көңілі бірден көтеріліп, серги түседі.

8. Таңертең жаттығу жасамау. Таңда міндетті түрде жаттығу жасаған дұрыс. Тіпті уақытыңыз тығыз болған күннің өзінде аяқ-қолыңызды созып, денеңізді шынықтыру қажет. Әсіресе кеңсе қызметкерлеріне таңертеңгілік жаттығулар өте пайдалы. Оның арқасында денеңіз түңгі ұйқыдан оянып, күні бойы позитивті энергиямен құнығады.

Ғазиза ТОХТАРБЕКОВА