ОтбасыСұқбатСырласу қонағы

Құралай ханым: Өмірден түйген 10 кеңес

6 баланың анасы, қыз-келіншектердің мотиваторы Құралай ханымды бүгінде білмейтіндер жоқтың қасы. Жеткен жетістіктері, өмірде сүрінген кезеңдерінен түйген ойлары туралы Құралай ханым "Сырласуға" сыр шертеді.

  1. Өмірлік ұстанымы:

Отбасы құндылығын сақтау, балаларыма дұрыс тәрбие беру. Ұлттық мәдениетімізді, ұлттық тәрбиені балаларыма, немерелеріме жеткізу.

2. Əйелдің ең басты 3 айласы:

Қылықты болу, жүрегі махаббатқа толы болу, өзін-өзі жақсы көру. Мұндай әйелдің өмірі бақытқа толы болары анық.

3. Əйел адам қандай құпияларды барынша сақтағаны дұрыс?

Қыздар өткен өміріндегі қандайда бір оқиғаны болашақ күйеуіне айтпай-ақ қойғаны жөн. Болған іс болды, өтті, кетті.

4. Іштей күйзеліске түскен кездерде не істейсіз?

Құран сүрелерін оқып, медитация жасап, психологиялық техникаларды қолданамын. Солайша өзімді тыныштандырып, барымды бағалап, өткен өмірімді бүгінгімен салыстырып, қорытынды шығарамын. Ғажайып әлемге сену арқылы өз қалпыма келіп аламын.

5. Орта буын жастарында ата-анаға деген іштей реніштер орын алады. Себебі не деп ойлайсыз?

Ең бастысы – баланы түсіне білу керек. Негізінен, барлығы ата-анаға байланысты. Отбасының ішкі діңгегі мықты болса, ата-ана өзіне-өзі сенімді, өзара бақытты болса, баласы да бақытты болады.

6. Көп балалалы отбасылардың артықшылығы, ондағы бала тәрбиесі:

Мен баланы емес, өзімді тәрбиелегенді жөн көремін. Себебі ата-ана бақытсыз жерде, олар бір-бірімен арпалысып, жылдар бойы өзара мәселесін шеше алмаса, баланың өмірі алға жылжудың орнына кері қарай кетеді. Көп балалы отбасының артықшылығы: бала бауырмал болып өседі, өздігінен әрекет етуді үйреніп, бір-біріне көмектеседі.

7. Өмірде неден қорқасыз?

Психологияны меңгергеннен бері ештеңеден қорықпаймын. Тек қана Алла Тағаланың қаһарынан қорқамын. Әрдайым ағат баспауға, тура жолдан таймауға тырысамын. Балаларымды да бір Аллаға тапсырып қоямын. Ананың қорқынышы баланың болашағына да әсер етеді екен. Сондықтан қорқыныштарымды жеңіп үйрендім.

8. Сізге қандай сұрақтар ұнамайды?

Маған бала тәрбиесі жөніндегі сұрақтар қойылмаса екен деймін. Өйткені балаларым әлі жас. Адамдар кем тұсын бірден байқайды ғой, кейін не боларын бір Құдай біледі.

9. Кітапты қаншалықты жиі оқисыз? Соңғы оқыған кітабыңыз?

2005 жылдан бері теледидар қарамаймын. Бос уақыттарымның бәрін кітап оқумен толтырдым. Соңғы оқыған кітабым Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» мен Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» деген кітабы. Қазір «Онлайн ойлар» атты кітапты оқып жатырмын.

10. Ең қатты қуанған сəтіңіз?

Қуанышты сәттер көп қой. Десе де, төрт қыздан кейін ұлым дүниеге келгенде ерекше қуандым.