Екеудің құпиясыЖан әлемі

 «Құрбан болудан шаршадым, өзгергім келеді» 

Күйеуіммен азаматтық некеде тұрамын, арамызда екі жасар қызымыз бар. Танысқаннан кейін бір айдан соң, енші алып, бөлек шықтық. Араға тағы бір ай салып, құрсақ көтергенімді білдім. Дәрігерлер бұған дейін сәби сүйе алмайтындығымды айтып еді, ал енді…

Бұл жаңалық жолдасымды қуанта қоймады. Ол мені әдейі жүкті болды деп ойлады. Екіқабат кезімде бір емес, бірнеше мәрте көзіме шөп салды. Тіпті қазірдің өзінде оның адалдығына күмәнім бар, тек ол туралы тым көп ойға берілмеуге тырысамын. Екі жыл бойы қызғаныш өзегімді өртегені рас, кейін кешірім беріп, қолымды бір сілтедім.

Күйеуімнің маған немқұрайлы қарайтынын түсініп те, көріп те жүрмін. Жыныстық қатынасқа да өзім тартамын. Жақында ұрысып қалған болатынбыз, бұрын барлық мәселелерді сөзбен шешетінбіз. Ал бұл жолы екеуміз де қатты айғайласып, арты жанжалға ұласты. 

Кеткім келетіні рас, алайда жүрегімде әлі де «егер бәрін түзетуге болатын болса ше?» деген үміттің сәулесі бар. Ер азаматыма деген сезімімді де түсінуден қалдым, алайда басқа барар жер, басар тауым да жоқ. Өзімнің жеке баспанам да жоқ, анаммен де бірге тұра алмаймын. Ол кісі мені айыптап, бетіме басып отыратын болады. Өзімді өмірде еш жолы болмаған, түкке тұрғысыз адамдай сезінемін.

Хатымды қайта оқып шығып, құрбан екенімді ұқтым. Сізден көмек сұраймын, айтыңызшы, өзгеріп, өз бетіммен тығырықтан шығудың жолын таба аламын ба?

Лейла, 26 жаста

Саққұлақова: Психолог   @aigul.sakkulakova

Кейде мәселені жазбаша түрде тұжырымдау арқылы жеткізу аса маңызды. Хатты қайта оқығаннан кейін Сіз бұдан былай құрбан болуды қаламайтындығыңызды, өзіңізді «жолы болмаған, түкке тұрғысыз адам» сияқты сезінетіндігіңізді түсіндіңіз. Бұл – өзгеріске бастар алғашқы әрі аса маңызды қадам.

Меніңше, құрбан болмау – әрекет ету дегенді білдіреді. Белсенді позицияны ұстану қажет, өз қалауыңызға, таңдауыңызға, өзіңізге әрі өміріңізге жауапкершілік алуға орын табыңыз. Ол сіз үшін нені білдіреді? 

Өзіңізге көңіліңіз толған кезіңіз болды ма? Қандай жағдайда? Бұған қандай қасиеттер себепші болды? Сізге ең алдымен өзіңізді түсінудің жолын ұсынғым келеді.

Менің кеңестерімде бәріміз бірге «Ниеттер декларациясын» жазамыз. Мұны Сіз өздігіңізден жасай аласыз. Тақырып қоюдан бастаңыз. Мәселен, ол мынадай болуы мүмкін: «Мен … болайын деп жатырмын». Келешекте өзіңізді қалай елестетесіз. Белсенді әрекет ете алғаныңызды, жәбірленушінің рөлінен құтылғаныңызды егжей-тегжейлі сипаттап, жазыңыз. Қандай қасиеттер, қабілеттер, ойлар мен адамдар өзгеру жолында Сізге жәрдемші болғандығын да қағазға түсірген жөн. Содан соң алға қойған мақсатыңызға жету үшін не істейтіндігіңізді де жазып қойыңыз.

Енді жолдасыңызбен қарым-қатынасыңызға келейік. Әлбетте, онымен жұмыс істеу керек. Енді Сіздер бірге боласыздар ма немесе екіге ажырайсыздар ма, оның еш маңызы жоқ. Қорлау мен немқұрайлылық адам төзгісіз өмірге әкеледі, дейтұрғанмен ара-қатынас жанжалмен аяқталса, ол болашақта қызыңызға зиянын тигізуі мүмкін.

Қарым-қатынасты үзгеннен гөрі түсіністікпен аяқтаған жөн

Үш жылдық отбасылық өмір Сіз үшін маңызды кезеңдердің бірі болғаны анық. Қазір жағдай шиеленісті, неке шартының айтылмаған кейбір «тармақтарын» түгендеп, қайта қарап, қорытынды шығаратын кез келді. Бәлкім, бірге тұру туралы шешім атүсті қабылданған болар?! Алайда азап пен реніштен бөлек, жақсы әрі бақытты кезеңдер де болды. Осы ер азаматтың арқасында дәрігерлердің теріс болжамдарына қарамастан ана атандыңыз. Ара-қатынасты үзсеңіздер де, бірге болсаңыздар да, қызыңыздың әкесі сол кісі болып қалады.

Ерлі-зайыптылардың арасында жыныстық қатынас, күнделікті өмір, бос уақыт, бала тәрбиесіне қатысты жасырын келісім болады. Сіз келіссөздердің бастамашысы бола аласыз, яғни келісім жасай аласыз. Ішкі еркіндік пен тәуелсіздікке бір қадам жасаңыз.

Келіссөздер – конструктивті диалог жүргізуге көмектесетін делдал, оны «бейтарап тұлғаның» қатысуымен жүргізген жөн.

Сіз «өз бетімше өзгеріп, жағдайдан шығудың жолын таба аламын ба?» деп сұрадыңыз. Алайда «дербестік» «жалғыздықты» білдірмейді. Тәуелсіз болу – таңдау жасауды және оның салдары үшін жауапкершілікті алуды үйрену, яғни құрбан болуды тоқтату.

 

Ұқсас мақалалар: 

Күйеуімді танымаймын

Күйеуім бірнеше әйелмен көңілдес