Екеудің құпиясыЖан әлемі

Құрбымның күйеуі оңбаған

Құрбымның тұрмыс құрғанына көп бола қойған жоқ. О баста оның дұрыс таңдау жасамағанын ішім сезген.

Ләззат Даниярмен мектеп күнінен бері бірге еді. Данияр құрбымның бар жағдайын жасап, серіге тән қасиеттерін барынша жұртқа көрсетпек болатын. Дегенмен, не істесе де оның іс-әрекеттері көңіліме бір жақпады. Адамдарды сыртына қарап сынайтын немесе бір көргеннен адам танитын қасиетім жоқ. Десе де, түсі суық Дариярдың ішінде бір гәп барын сезіп едім. Ләззаттың оны қатты сүйетіні білініп-ақ тұрды. Мереке сайын бағалы сыйлықтар беріп, ол ауырып қалса ыстық сорпасын дайындап, дәрі-дәрмектерін алып, үйіне жетіп баратын. Данияр достарымен Астананың оң жағалауында пәтер жалдап тұрғандықтан үйіне барып тамақтарын әзірлеп, кірлерін де жуып кететін. Бұл Ләзаттың Даниярға қаншалықты жанашыр екенін бірден аңғартты. Бірде Ләззат сабақта отырып өзін жайсыз сезінетінін айтты. Не болғанын білмек болып жанына жолай бергенім сол еді, мөлдіреген жанарымен қарап, өксіп жылап жіберді. Менің аузымды ашқызбастан «Ол маған қол көтерді» деді. Жағдайдың анық-қанығына жетпей Даниярды даттауға аузым бармады. Ләззаттың айтуы бойынша Данияр оның қадірін мүлде түсінбейді екен. Осыған дейін өзге қыздармен сөйлесіп жүрген. Мұны біліп қойған Ләззат дау көтеріп, Даниярға бар өкпе ренішін айтып жеткізбек болған. Нәтижесінде өзі таяқ жеп, шапалақтың ашшы дәмін татқан. Сөз жүзінде “еркек” болып жүрген еркексымақтар көбейіп барады. Ол солардың бірі еді. Ләззаттың басқа құрбылары Даниярды жігіттің төресі көрген еді. Соны көрсе ауыздарының суы құрып отырады.

Ләззат Даниярдың барлық қателіктерін кешіріп, бәріне көз жұма қарады. Данияр да жүріс жасауын қойып, ақыл тоқтатпақ болды. Оның бұдан басқа да кемшілітері толып жатты. Темекі шегу, ашшы суға сылқия тойып алу, достарымен қарта ойнау…Осының барлығын Ләззат қойдыртпақ болып бақты. Данияр жақсы жақа өзгере бастағандай болды. Араға уақыт салып Ләззатқа сөз салып, үйленуге ұсыныс та білдірді. Әрине, сүйіктісінің қателіктеріне көз жұмып, кем тұстарын «жөндеп аламын» деген ойда қалған құрбым оның ұсынысын бірден қабылдады. Бақыттың құшағында жүріп, тойға дейін құрбымда не қорқыныш не өкініш сезімі болмады. Осылайша Ләззаттың ата-анасы оны қазақтың бар салт-жоралғылары бойынша ұзатып, өз үйіне шығарып салды.

Үйленгеніне 1 ай өтер-өтпестен құрбым сүйіктісінің мінезіне шағымдана бастады. Десе де, оны қатты сүйеді. Сол үшін үнемі оны кешіруге мәжбүр болатын. Уақыт өте берді, құрбымды көруге де зар болып қалдым. Менімен кездесуге жібермек түгілі, тіпті, ата-анасымен ұялы телефон арқылы сөйлесе алмайды. Құрбым сәл қателікке бой алдыра қойса жұдырық астына алып, қан-қақсататын ұқсайды. Енді оқуға келуін де қойды. Өзінің дегенін істетіп, әйелінің көңілін аулай алмайды. Құрбыммен телефон арқылы сөйлессем, артында күйеуі әңгімемізді тың-тыңдап тұрады екен. Одан кейін «Сен неге бұлай деп айттың? Ол неге мынаны айтады?» деп әңгімемізге тұмсығын сұғып отырады. Бұл қылығы әбден титығыма тиді. Құрбымның отбасындағы жағдайы ушықпасын деп қана үндемей жүрмін. Дардай жігіттің балалық мінезі мезі етті. Бір күні өз-өзімді ұстай алмай қателікке бой алдырып қоймасам жарар деп уайымдаймын. Енді не істерімді білмей қалдым. Құрбыммен қарым-қатынасымды үзгім келмейді. Ол енді балалы болсақ, Даниярдың мінезі өзгереді деген сенімде…