Ақ босағаОтбасы

Қыстық киімдерді қалай жуу керек? Пайдалы нұсқаулықтар

Қысқы киім-кешектер күтіміне арналған әдістер мен кеңестер

Мамық күртелер

Қашан және қанша рет жуу керек: Маусымына екі рет.

Нұсқаулық: Мамықты сырт киімді жиі жуу тиімсіз. Өйткені кір жуғыш машинасы күртеше ішіндегі мамықты түтіп жібереді. Мұндай киімдерді салқын суда, құрамында ағартқышы жоқ өніммен жуыңыз. Кір жуғыш гелін пайдаланған дұрысырақ. Химиялық тазалау немесе ағартқышпен жуу мамықты жиырып тастауы мүмкін.

Есіңізде болсын! Егер жуылғаннан кейін мамықты күртеңіз пішінін жоғалтса, оны кір жуғыш машинасында үш таза теннис добы арқылы кептіріп көріңіз. Жиырылып қалған мамықтарды ажыратып, үлпілдек ету үшін кейде бір рет кептіру жеткіліксіз болып жатады.

Флисті киімдер

Қашан және қанша рет жуу керек: 6-7 рет киген соң жуып отырыңыз

Нұсқаулық: Флисті  мата ерекше күтімді қажет етеді. Түктер жұмсақ та үлпілдек қалпында қалу үшін (электрленбей, түтіліп кетпей), киімді аударып, өзі түстес заттармен бірге жуыңыз. Флисті жуғанда түкті заттармен, мысалы сүлгі тәрізді маталармен араластырмаңыз. Кір жуатын ұнтақтан әбден тазарту үшін қайталап шайғаныңыз жөн.

Есіңізде болсын! Флисті матаның сырты су сіңірмейтін матамен қапталған жағдайда, кондиционер қолданбағаныңыз жөн. Өйткені оның әсерінен сыртқы матаның тарылып қалуы мүмкін. Флисті кофтаңызды үй жануарларының жүнінен, түгінен тазарту үшін резеңке қолғаппен сүртіп шықсаңыз жеткілікті.

Бас киімдер, бөкебайлар және қолғаптар

Қашан және қанша рет жуу керек: бір маусымда 3-5 рет жуған жеткілікті.

Нұсқаулық: Көпшілігіміз жүннен тоқылған бұйымдардың күтіміне аса мән бере қоймайтынымыз рас. Бұл дұрыс емес. Себебі бактериялар, микробтар, біздегі тер, иіссу, опа-далап қалдықтары әрдайым қолғабымыз бен бөкебайымызда, құлақшынымызда жиылып қалады. Сол себепті де оларды жиі-жиі жуып отырған жөн. Әдетте тоқыма киімдерді қолмен жуып, ал былғары қолғапты химиялық тазартуға берген тиімді.

Есіңізде болсын! Еш уақытта қолғапты қалтаңызда қалдырмаңыз. Қолғап қол терісіндегі ылғалды өзіне тартады. Сондықтан жақсылап кептірмесе, дым тартып, иістеніп кетуі ғажап емес.

Шұлықтар

Қашан және қанша рет жуу керек: бұл киімді әр кигеннен кейін жуып отырыңыз.

Нұсқаулық: Негізінде колготкиді қолмен жуған дұрыс. Бірақ қалың, жылы түрі болса арнайы қапқа салып кір жуғыш машинада жуыңыз.

Есіңізде болсын! Колготкиді қатты сығуға, батареяға жайып кептіруге болмайды.

Күдері (жұмсақ тері) және былғары күртешелер

Қашан және қанша рет жуу керек: бір маусымда бір рет жуған жеткілікті.

Нұсқаулық: Негізінде былғары киімдерді жууға болмайды. Оларды өте сенімді деген жерде химиялық жолмен тазалату керек. Бірақ кейбір дақтарды арнайы құралдар арқылы дер кезінде тазартып отырған жөн. Ал, күдері бұйымдарды шаң-тозаңнан, су ізінен және басқа да дақтардан тазарту үшін арнайы щетканы пайдаланған абзал.

Есіңізде болсын! Бұндай сырт қиімдерге косметикалық бояулар мен әтір дағы сіңіп қалудан сақтаныңыз. Ол үшін мойныңызға бөкебай тағып жүріңіз. Қалтаңызға көп зат салмаңыз. Ол қалта пішінін өзгертуі мүмкін. Күртешелерді пластик контейнерлерде, целлофан қаптарда сақтамаңыз.

Спорттық шалбарлар мен легинсылар 

Қашан және қанша рет жуу керек: 1-3 рет кигеннен кейін жуып тұрыңыз.

Нұсқаулық: Егер сіз шалбарыңызбен спорттық жаттығулар жасамасаңыз, онда оны күнде жуудың керегі жоқ. Алдымен аударып алып, салқын сумен жуған тиімді. Қымбат шалбарларды кір жуғышта кептірмеген дұрыс.

Есіңізде болсын! Шалбарыңыз созылып кеткенін қаламасаңыз, сатып алар алдында арнайы нұсқаулыққа назар аударыңыз. Егер құрамында 100% мақта болса, тізеңіз шығып кетеді деген  сөз. Мата  құрамында жоқ дегенде 2 пайыз эластан болуы тиіс.

Шалбарлар мен белдемшелер

Қашан және қанша рет жуу керек: 5-7 рет кигеннен кейін жуып отырыңыз.

Нұсқаулық: Қалың маталар мықты болғандықтан жиі жууды қажет етпейді. Бірақ, оларды үйде жуған қиындау. Химиялық тазалауға берген тиімді.

Есіңізде болсын! Матаның түсін біраз  айқындап, жандандыра түсу үшін араққа мөлшері ½ болатындай етіп су қосып, арнайы бүріккіш ыдыспен киімге себіңіз. Біріншіден, жағымсыз иістен тазартады, екіншіден, бұл бактерияға қарсы шара болып табылады.

Мүсінді корректорлайтын іш киімдер

Қашан және қанша рет жуу керек: 1-3 рет киген соң жуыңыз.

Нұсқаулық: Егер қолмен жуғыңыз келмесе киімді торлы қапқа салып, кіржуғыштың суық сумен баяу әрі ұзақ жуатын тәртібіне қойыңыз.

Есіңізде болсын! Мұндай киім түрлерін жуатын кезде іш киімге арналған кондиционер қоспаңыз. Ол матаның созылғыштығына кері ықпалын тигізуі  мүмкін.

Жүннен тоқылған пальтолар

Қашан және қанша рет жуу керек:маусымына 1-2 рет тазалаған жеткілікті.

Нұсқаулық: Егер пальтоңызды күнде кисеңіз онда көмескіленіп, тозып  кетпеуі үшін 2 мәрте тазарту қажет. Ал салтанатқа ғана киетін пальтоны маусымның соңына қарай, ұзақ мерзімге сақтар алдында химиялық тазалауға беріңіз. Шаң-тозаңнан, кірден тазалау үшін үнемі щетканы қолданыңыз. Егер жағасы мен манжетін тазалайтын болсаңыз, сусабын пайдаланып, жұмсақ сүлгімен сүртіңіз.

Есіңізде болсын! Киім өзіне жағымсыз иістер жұқтырмасын десеңіз оны киім толып, тығыздалып тұрған шкафта емес, ауа алмасып отыратын орында сақтаған жөн. Мысалы кіре берістегі ашық тұрған киім ілгішке ілуіңізге болады. Матаның иісін жақсы сергіту үшін хош иістеліп, шығыршықталған жабыспақ щетканы қолдануға болатынын айта кетейік.

Жемпірлер

Қашан және қанша рет жуу керек: 2-5 рет киілген соң жуып отырған тиімді.

Нұсқаулық: Мақта, жібек, кашемир – нәзік маталар. Сол себепті оларды жиі жуу қажет. Жүннен, акрилден, полиэстордан тігілген жемпірлерді ұзағырақ кие беруге болады. Бұл ретте жүннің кірді, суды не болмаса шаң-тозаңды жұқтыра бермейтін өзіндік табиғи ерекшелігі бар екенін айта кеткен жөн. Дегенмен, әркез кір жумас бұрын нұсқаулыққа назар салғаныңыз дұрыс.

Есіңізде болсын! Қолмен жуу – ең тиімді тәсіл. Қажет деп тапсаңыз жемпірді де химиялық тазалауға беруге болады.