Жан әлеміӨкініш

Қызғаныш пен күдік

Қанат екеуміз қыз бен жігіт боп жүріп жүрген кезде оны көп іздеп, әуреленбейтінмін. Өз-өзіме сенімді қыз едім. Тұрмысқа шыққан соң, сол сенімнің қайда қалғанын білмеймін. Қазір күйеуімді қызғанамын де достарым тұрмақ, Қанаттың туыстарына да масқара болдым. Тіпті, бір туыс қайын апама қарайтын бетім жоқ...

Тұрмыс құрғаныма үш жыл болды. Әуелде бәрі жақсы еді. Уақыт өте келе көпшілік ортаға барғанда Қанаттың басқа әйел, қыздарға күліп қарағанын көрсем, ішім бүлкілдеп тұратын болды. Күйеуімнің ізінен қалмайтын болдым. Телефонға аз уақытта жауап бермесе, күйгелектенемін. Басқаның бәрі менен артықтай, күйеуім біреуге кетіп қалардай үрейде жүретін әдет тауып алдым.


Бірде Қанаттың туыстарының үйлену тойына бардық. Екеуміз бірге отыр едік. Бір кезде «қазір келемін» деп шығып кетті. Бірақ ішімді бірдеңе тырмалап, қайта-қайта есік жаққа қарай бердім. 10 минуттай уақыт өтті. Қанат әлі жоқ, хабарласайын десем, телефоны сөмкемде қалыпты. Сыртқа шығып, бүкіл жерден іздеп шықтым, таппадым. Кісілерден сұрасам, «Жаңа осында жүрген, біреу жұмсап жібермесе» деді. Туысының тойы деп түсінгендей болсам да, ойым сан-саққа жүгіріп, бір орында отыра алар емеспін. Санамды «құдашаларды қыдыртып кетті немесе машинада жырқылдасып отыр, одан әрі не істеп жатқандарын Құдай білсін?» деген тұрпайы ойлар жаулап алған. Ойлар үдеп, мазам қашып, ашудан жарылардай болып, мейрамхана алдында тұрдым да қойдым. Бірде күйеуім қасында сұңғақ бойлы, әдеміше келген қызбен баспалдақтан көтеріліп келе жатыр. Мен қастарына жетіп барып: «Сен-ақ әйтеуір бұзылған қыздарды тауып ала қояды екенсің. Мынауың кім тағы?» – деп шәңк ете қалдым.


Сол-ақ екен, ар жақтан туысқан қайын апам: «Әй, Гүлзада, не деп тұрсың?! Менің қызым туралы олай айтатындай не көрінді? Әкелсе, қарындасы. Онда тұрған не бар екен?» – деп, айқай салды. Мен ол кісіге жалт қарап, не істерімді білмей, қалшылдап кеттім. Күйеуім мені ала көзбен атып, шынтағымнан жұлқылып, бір бұрышқа алып кетті. «Сенің есің дұрыс па?» деп мені әбден сөгіп, «Вокзалда жалғыз тұрған соң, бірден бару керек болды» деп мән-жайды түсіндіріп бақты. Ондай қарындасы барын қайдан білейін, екі көзім мөлтілдеген күйі қаттым да қалдым. Бұл жағдай да маған сабақ бола алмады.


Қит етсе жолдасымның қалтасын тіміскілеп, ұялы телефонын тексеріп, әбігерленемін де жүремін. Болмайтын бір нәрсе тауып алсам, тіпті мен танымайтын әйел адамның аты ұялы телефонында кездессе көңіл күйімді өзім бұзып, қараптан қарап тиісетін нәрсе іздей бастаймын. Бірнеше рет қызғанған адамым өзінен 20 жас үлкен жұмыстағы әріптесі болып шығып, ұятқа да қалдым. Бұрын «жігіттермен кездесіп, отырамыз» десе бірден артынан іздеп баратынмын. «Жігіттер өзі демалып қайтеді, қыз шақырады да» деген ой тұратын.

Жақында күйеуімді бойдақ сіңлілерімнен де қызғана бастағанымды байқадым. Бірде бір сіңілім үйге қыдырып келіп, 2-3 күн қонып кеткен. Күйеуім «балдыз келді» деп дүкеннен тәтті әкеліп, алдына тосты. Екеуі бір тақырыпты талқылап, арқа-жарқа болды да қалды. Сіңлімнің бұрын-соңды оғаш қылықтарын естіген жоқпын. Ол туралы жаман ойлаудың өзі ұят. Бірақ ішімдегі жылан тыныш таппайды. Менен гөрі сонымен әңгімесі жарасып отырғанына ашуым келді. Енді сіңлілерім үйге келсе, қуанғандай түр танытқаныммен, Қанаттың оларға қалай сөйлегенін, жымиғанын бақылап отырамын. Сол күні міндетті түрде ұрысысамыз. Осы әрекетімнен таяқ та жедім. Күн сайын шығара беретін ұрыстарымнан қажыды ма, қазір жолдасым реакцияма пысқырып та қарамайды. Тіпті кеш келетін күндері ескертпейтін де болды. Туыстарына айтып, тәртіпке шақырайын десем, өзімнің ісім өзіме аян, керсінше бәрі мені ортаға алып, жабылып кете ме деп қорқамын.


Қазір қасыма да жақындамайды. Кешке еркелеп қасына жақындасам кірпідей жиырылады. Тіпті өткенде бір сөзінде «мені ұстап тұрған Айдана ғана» деп қалды. Айдана қызымыз ғой. Үйленгенімізге үш жыл болмай жатып, суытып алғаныма өкінем.Маған психолог көмектесе ала ма, не істесем болады? Қатемді түсінгенмен, әдет па білмеймін. Күдікшілдік пен қызғаншақтығым шаршатты. Отбасымыздың болашағы бар ма? Ақыл беріңіздерші. Бұл әдетімнен қалай арыламын?