Бала тәрбиесіОтбасы

Қызы бардың- назы бар

Барлық қыздың  мұраты – кету. Қыздың бағының ашылып, барған жерінде қадірлі болғанын барлық ана қалайды. Бірақ бармақтай баққа да бап керек. Бақ та бар жерге қонақтайды. Мінезі жібектей, барған жеріне тастай батып, судай сіңіуге әрекет жасамайтын келіннің бірден айы оңынан туып кетуі мүмкін емес. Сондықтан аналар, жеңгелер, үлкен әжелер қызды үлкен өмірге тәрбиелеуі тиіс. Сондықтан аналар қаперінде ұстау керек дүиелерді жіктеп шығайық:

  • Қызды 7 жасынан бастап жұмысқа араластыру қажет
  • Үлкенді сыйлағаннан кеміп қалған адам жоқ. Сондықтан үлкендер қателесіп жатса да, сабыр сақтап, әліптің артын бағуды үйрету керек.
  • Ер адамды қадірлеуді үйрету керек. Барлық ене ұлының қадірлі болғанын қалайды.
  • Үй жинау, еден жуу деген секілді қарапайым, бірақ өте қажетті еңбек түрін 9 жасқа келген қыздар оп-оңай атқара алады. Алғашында еңбегінде шалалық байқалатын болар. Бірақ тәжірибе жинақтай келе ол олқылықтың орны толады.

  • Ешкім өз болашағының алдына шығып көрген жоқ. Сондықтан қыздың қолына ине ұстап, түйме қадап, тігін тіге алғаны дұрыс.
  • Кейбір аналар жақсы оқитын қызымен мақтанады. Баланың жақсы оқуы- мақтаныш. Бірақ келін ретінде бағының ашылуы- медеу. Сондықтан оқымысты қызды да үй тіршілігіне үйреткен абзал.
  • Ана мен қыздың сырлас болғаны жөн. Ана сырласып отырып тәрбие жұмыстарын жүргізуді әдетке айналдыра алуы керек.

  • Қыз үйден ұзап, өз жұртына кетіп бара жатқанда ана жат жұрттыққа тәрбиені мирас еткенін түсінуі керек. Жас отбасының ішкі саясатына көп араласа бермегені жөн. Мүмкіндігінше қызына енесінің көңілінен шығуын, барған жерін сыйлауын қадағалауы тиіс.
  • Әр үйдің өз заңдары мен тәртібі болады. Ол тәртіп қыз өскен үйдегіге мүлдем ұқсамауы, тіпті қарама- қайшы келуі де мүмкін. Аналар қызына барған жердің ұстанымдарын қабылдайтынын түсіндіруі керек.

 

  • Баяғыдан- ақ келіннің мінезі мен іс –әрекетіне қарап, оның төркінін топшылайтын болған. Демек қыз- жұрттың айнасы, намысы. Намысыңызды таптатпайтындай етіп өсіріңіз.

  • Қаталдық- тығырықтан шығар жол емес. Барлық тәрбие қыз баланың болашағы екенін оған түсіндіре отырып үйреткен дұрыс.

  • Мінездің көркемі-шыдамдылық. Сабыр таныта алатын адам соңында мұратқа жетеді. Әсіресе, әйел- жеңімпаз. Балалы- шағалы болған соң, әйелдің құрметі өсіп, беделі көтеріле береді. Сондықтан алғашқы қиындыққа мойымауды үйретіңіз.
  • Жеңгелер институты- тәжірибе алаңы. Қайын сіңілілерін еркелетіп, оған ат қойған жеңгені көріп өскен қыз сондай жеңге болуды мұрат санайды. Бұл үрдіс Шымкент өңірінде жақсы сақталған.
  • Басқадан талап қою- оңай тірлік. Бірақ қыз бала сізге қарап бой түзейді. Айтқанға қарағанда, әрекет- әлдеқайда әсерлі. Сондықтан қыз тәрбиелеген ана өзінің келіндік міндетін мүлтіктсіз атқара алатын болуы тиіс.

Биғайша Дәурембекова,

Зейнеткер ана